Тамара Мұхтарханқызы, Жетісу аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы: «Жастармен тәрбие жұмыстарын жандандыруымыз керек»

Тамара Мұхтарханқызы, Жетісу аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы:  «Жастармен тәрбие жұмыстарын жандандыруымыз керек»
unews.pro

Біздің Қазақстанымызда болған жантүршігерлік жағдай еліміздің әрбір азаматының жанына батып, қабырғасын қайыстырып жатыр.

Болған оқиғалар бізге ащы сабақ болды. Иә, шындығында біз  «Демократия-демократия» деп ұрандатқан  жалған патриоттарға, арандатушыларға бостандық бердік. Осындай арамзалардың арқасында елімізге террористер баса-көктеп шабуыл жасап, ойран-топанымызды  шығарды. Қаншама жап-жас балаларымыз өз борыштарын өтеп жүріп мерт болды. Олардың Отан алдындағы адал ерліктері ел есінде қалуы тиіс. Менің болған жағдайға жаным ауырып, жүрегім сыздап отыр. Баласынан айырылып отырған  ата-аналарға, жарынан, әкесінен айырылған ағайынға қатты қиналып, көңіл айтамын. Еліміз үшін, еліміздің тыныштығы үшін жанын құрбан еткен ерлеріміздің жандары жәннатта болсын!

Біздер,  ардегерлер, кеңес заманы кезінен әртүрлі қиындықтарды басымыздан өткердік. Бірақ мұндай жауыздыққа халқымыз ешқашан бармаған еді ғой.

Елімізде орын алған жағдайлар әл-Фараби бабамыздың  «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген тәмсілінің астарын ұғындырғандай. Осы орайда ардагерлерге жастардың бойындағы патриоттық сезімді ояту үшін, қиындықты шыдамдылықпен, сабырлықпен жеңу үшін, олармен тәрбие жұмысын жандандыру керек екенін баса айтқым келеді. Дәл қазір бізге, қазақ халқына, төртке бөлініп, беске жарылмай, бірігетін уақыт келді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының үндеуіндегі әр сөзін, шешімдерін қолдай отырып, біз де өз тарапымыздан көмегімізді аямайық! Еліміздің көркеюіне сәттілік тілейміз!