Талдықорғанда өндірістік батареялар шығаратын жаңа зауыт салынады

Талдықорғанда өндірістік батареялар шығаратын жаңа зауыт салынады
Сурет: Hevcars.com.ua

Кәсіпорынға 120 адам жұмысқа орналастырылады.

Талдықорғанда мамандар стационарлық аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салуға ниеттеніп отыр. Оған 3,2 млрд теңге инвестиция тартылып, кәсіпорынға 120 адам жұмысқа орналастырылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев осы жобаға қатысты компания өкілдерімен кездесіп, меморандумға қол қойды», - делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Облыс әкімінің сөзіне жүгінсек, Талдықорған машина жасаудың экспортқа бағытталған өнімдерін шығарудың орталығына айналды.

«Бұл жобаны жүзеге асыру үшін біз қажетті барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін боламыз. Инвесторлар өз тарапынан өндірістік қорғасынды-қышқылды батареялар шығарудағы технология трансферттерін іске асырып, жергілікті тұрғындарға жұмыс береді. Сонымен бірге қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді барынша мол пайдаланатын болады. Ұсыныстарыңыз болса, сіздерді тыңдауға әзірмін», - деді Қанат Бозымбаев.

Өз кезегінде «Asma Industrial» ЖШС басшысы Серік Ажмағамбетов жобаның ерекшелігіне тоқталып, алдағы жоспарлары туралы қысқаша айтып берді.

«Біздің батареялар телекоммуникацияда, энергетикада, темір жолда, жаңартылған энергия көздерін пайдалануға қолданылады. Өнімді өткізу нарығы қазірден анықталды. Посткеңестік елдер, Азия мемлекеттері, Еуропаның бірқатар елдері өнімдерімізді алуға дайын. Шығыс өнеркәсіп аймағынан зауыт салуға қажетті жер сатып алдық. Зауытқа орнататын құрал-жабдықтарымыз түгел, «Қайнар АКБ» базасында дайындалған мамандарымыз бар. Материалдық-кадрлық мүмкіндіктеріміз жеткілікті болғандықтан, жаңа кәсіпорынды табысты жүргіземіз деп сенемін, - деді Серік Ажмағамбетов.

Кездесу барысында айтылғандай, жобаны іске асыру үшін қажетті қосалқы электр стансасының, кәріз жүйесінің,  зауыт шекарасына дейін газ құбырын тарту сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге облыс әкімдігі толықтай қолдау көрсетеді.

«Алматы облысының су, жел, күн энергиясын өндіруге табиғи мүмкіндігі мол. Ал жаңа зауыт шығарғалы отырған батареялар сол жаңарған энергия көздерін бойына жинақтап, электр қуатының ауа райына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жобаның болашағы зор. Бұл саланы дамыту ел экономикасына жаңа серпін береді», - деп атап өтті Қанат Бозымбаев.