Талдықорғанда құрсақтағы сәбиді сақтау орталығы ашылды

Талдықорғанда құрсақтағы сәбиді сақтау орталығы ашылды
сурет: gov.kz

Орталықта жүкті әйелдерге ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг жүргізіледі.

Талдықорған перзентханасында құрсақтағы сәбиді сақтау орталығы ашылды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мақсат – туа бітетін даму кемістігін уақтылы анықтау, олардан болатын өлім-жітімнің, балалар арасындағы сырқаттанушылық пен мүгедектіктің алдын алу.

Орталықта жүкті әйелдерге ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг жүргізіледі. Генетиктер мен акушер-гинекологтер консультация береді. Пренаталдық консилиумда ұрықтың даму патологиясы анықталған кезде босану тәсілі белгіленеді. Сондай-ақ, орталықта ұрықтың анықталған патологиясын растау үшін ультрадыбыстық диагностиканың екінші деңгейі бар.

«Орталықтың негізгі бағыты – туа бітетін патологиялармен күресу, ұрықтың қалыптасуына әсер ететін жағымсыз факторларды жою, туа бітетін ақаулар мен хромосомалық ауытқуларды анықтау кезінде жүктілікті жалғастыру мәселесі, жаңа туған нәрестеге қажетті медициналық көмекті уақтылы көрсету. Генетика бөлімінде хромосомалық ауытқуларға пренаталдық биохимиялық скрининг және тұқым қуалайтын метаболикалық ауруларға неонаталдық скрининг жүргізіледі», - деді Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Лебаева.

Патология анықталған жағдайда жүктілікті одан әрі жалғастыру немесе тоқтату тәсілі туралы мәселелерді шешу үшін ұрық патологиясының сипатына байланысты көп бейінді комиссия ұйымдастырылады. Комиссияның отырысында отбасына анықталған аурудың барлық салдары, жүктілікті үзбеу туралы шешім қабылданған кезде баланың өміріне болжам және мүгедектік дәрежесі түсіндіріледі.

Болашақта орталықта ұрықтың инвазивтік пренаталдық диагностикасын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл – «Хромосомалық патология» диагнозының соңғы кезеңі болып табылады.