«Тал бесіктен жер бесікке дейін»

«Тал бесіктен жер бесікке дейін»
almaty-akshamy.kz

    Өмір болған соң, түрлі жағдай болады. Көңілді бірде бұлт басса, енді бірде аспан секілді шайдай ашылып, жайдары күй кешесің. Үнемі күліп, бақытты болып жүрсек, бәлкім осынау «тал бесіктен жер бесікке дейінгі» өмірдің қадір-қасиетін білмей жатар ма едік, кім білсін. Қалай десек те, осынау тіршілікті теңселтпей ұстап тұрған – адамдардың мейірімі, жүрек жылуы, махаббаты.

     

    ҚҰДІРЕТ

    «Альцгеймер кеселінің ауыр түрімен ауыратын пациентім бар. Ол басқаны айтпағанда, өзінің де есімін жиі ұмытып қалады. Қайда, кіммен отырғанын да білмейді. Бір минут бұрын не айтқанын да есіне түсіре алмайды. Бірақ бір қызығы, күнде таңертең әйелін «Сәлем, менің ең аяулы Кейтім» деп қарсы алады. Махаббат дегеннің құдіреті осында жатқан шығар, бәлкім».

     

    ШӘКІРТТЕР

    «Ең кедей кварталда мұғалім болып жұмыс істеймін. Көп оқушым сабаққа ашқұрсақ келеді, тамаққа тиындары да болмайды. Өйткені, олардың ата-анасының күнделікті табатын нәпақасы тым аз. Балаларға жаным ашиды, олардың миына сабақ қайдан қонсын сосын. Сондықтан оқушыларыма аздан болса да ақша беріп тұрамын, үзіліс кезінде жүрек жалғап алсын деймін ғой. Бірақ олар керек емес дегеніме қарамастан, арада біршама уақыт өткенде ылғи қайтарады».

     

    ҚУАНЫШ

    «Менің зайыбым мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Оның сүт безі обырына шалдыққанын естіген екі жүзге жуық әріптесі мен шәкірттерінің «Біз бірге күресетін боламыз!» деген жазуы бар аппақ футболка киіп шыққаны алдымыздан. Сондағы әйелімнің дәл сол сәттегідей қуанған сәтін ешқашан көрмеппін».

     

    МЕЙІРІМ

    «Мысығым үйден қашып кетті. Қатты уайымға баттым. Кішкентай досымды енді көрмейтін шығармын деп мұңайып қалдым. Дереу мысық жоғалтқаным туралы хабарландыру ілдім. Арада бір күн өткенде бір кісі телефон соғып, мысығымның жанында екенін айтты. Жедел жеттім. Көшеде жүрген үй-күйі жоқ қайыршы адам маған таксафоннан қоңырау шалу үшін 50 центін жұмсапты. Кір-қожалақ адам маған соншалықты мейірімді көрінді, тіпті мысығыма бір қалта тамақ сатып алыпты. Әлемді мейірімділік құтқарады».

     

    АДАМГЕРШІЛІК

    «Бүгін көшеде келе жатып жол апатының куәсі болдым. Екі көлік қатты соғылып қалды да, бірден өртке орана бастады. Бірінде ішімдікке тойып алған ер адам, екінші көлікте жас бала екен. Екінші көліктен атып шыққан жігіт бірден апатқа себепкер болған көлікке қарай ұмтылып, мас жүргізушіні шығарып алуға жанталасып жатты». 

     

    БІР ҚҰШАҚ ГҮЛ

    «Мен – флористпін. Бүгін маған бір солдат келді. Ол жақында бір жылға әскери борышын өтеуге алысқа кеткелі жатыр екен. Сондықтан ол бір жыл бойына әр аптаның жұмасында оның әйелі жігіттің атынан бір құшақ гүл алып тұруы үшін тапсырыс берді. Мен оған бір жылға 50% жеңілдік жасадым, себебі ол менің күнімді қуанышқа бөледі ғой».

     

    ЖАРЫҚ КҮН

    «Бүгін 10 жасқа толдым. Мен 2001 жылы 11 қыркүйекте туғанмын. Анам Халықаралық сауда орталығында жұмыс істейтін. Оның бұл күні мыңдаған адамның арасынан тірі қалғаны – сол бір қайғылы күні мені өмірге әкелу үшін перзентханаға кеткен болатын».

     

    ХАБАРЛАМА

    «Сүйікті қызымды жерлеп келгеннен кейін жүрегімді ауыртпас үшін телефонымдағы барлық хабарламасын өшіріп тастаған едім. Бірақ біреуі ғана өшпей қалыпты. Ол қызымнан келген соңғы хабарлама екен: «Әке, менде бәрі дұрыс, алаңдамаңыз. Соны айтып қояйын деп».

     

    ӘКЕ

    Бүгін «Мен сені жақсы көремін» деген жазбамды күйеуіме жібердім деп ойлап, қателесіп әкеме салыппын. Бірнеше минуттан соң «Мен де сені жақсы көремін. Әкең» деген жауап алдым. Тамағыма өксік тығылып, көзім жасаурап қалды. Біз бір-бірімізге жақсы көретінімізді өте сирек айтады екенбіз-ау».

     

    Аударған Нұржамал ӘЛІШЕВА.