Такла-Макан шөлі арқылы теміржол желісі іске қосылды

Такла-Макан шөлі арқылы теміржол желісі іске қосылды
Сурет: Russian.people.com.cn

Қытай әлемдегі ең үлкен, әрі ұзын шөлдердің бірі Такла-Макан айналасындағы айналма теміржол желісінің соңғы бөлігін іске қосты.

Ол елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арқылы өтеді. Теміржол желісінің ұзындығы 825 шақырымды құрайды. Оның бойымен жүретін пойыздардың жылдамдығы сағатына 120 км-ге дейін жетеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап. 

Жол бойында 22 станция бар, оның 11-і жолаушыларды қабылдаса, алтауы жүк тасымалына арналған. Жалпы шөлді айналып өту үшін барлығы 11 сағаттан сәл астам уақыт керек. Еске салайық, табиғи ландшафттың күрделілігіне байланысты теміржол құрылысы үш жарым жылға созылды. Рельсті құмды дауылдан қорғау үшін жолдың кей бөлігі көпір сияқты салынды. Сондай-ақ, құмның көшуін тоқтату үшін 13 млн аса тал отырғызылды. Билік теміржол желісінің ашылуы вагон пойыздарының шөлді толығымен айналып өтуіне мүмкіндік береді деп отыр. Сондай-ақ, Шыңжаңның мақта, жаңғақ, құрма және минералдар сияқты брендтік тауарларының жөнелтілуі мен логистикасын жеңілдетеді.

"Бұл оңай жоба болған жоқ. Жұмысшылар үнемі құмды дауылмен күресуге мәжбүр болды. Жолдың 65 проценті шөл даланың ішімен өтеді. Темір жолдың қалыпты жұмыс істеуі үшін оның жолына құм түсуіне жол бермеу керек, себебі бұл қозғалысқа қауіп төндіруі мүмкін", - деді Шыңжаң Темір жолы Партия Комитетінің хатшысы Ван Цзиньчжун.