Тайлақ ата

Өттің, дүние!..

 ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы РАЙЫМБЕКОВ өмірден озды.

Колхоздың тракторшы-механизаторы, қарапайым шаруақор азаматы болып жүріп, бір сәтте, бір ғана сәтті картинамен даңққа бөленген атамызды ел  Тақиялы періште атап кеткен болатын. Өйткені, ол кісіні танымал еткен де «Тақиялы періште» қазақ кинокомедиясы болатын.

Осыдан бірнеше жыл бұрын басқа басылымда жұмыс істеп жүргенімде атамызбен болған сұхбатымыздың ойға оралып отырғаны. Жақсы адамды, жақсы әңгімені еске алу артық болмайды.

 Қажымұқан

Тайлақ атамыздың кинодағы ең алғашқы рөлі – Қажымұқан. Фильмнің аты «Ән қанатында» деп аталады. 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында  қазақша күрестен Қажымұқан атындағы республикалық жарыс өтті. Колхозда жұмыс істейтін Әлімғазы ағамыздың бойы тұнған қара күш, бәйгелі той-жиындарда күреске шығып, бәрін жығып жүрген кезі. Содан Қажымұқан атындағы жарысқа да қатысып, бірінші орын алып, жүлдесін көтеріп ауылға келеді. Арада күн өтпей жатып, таң азанымен сені бастық іздеп жатыр деген хабар алады. Барса, «Не бүлдіріп қойдың?» деп колхоз директоры дүрсе қоя берді. Сосын «Мә, оқы!» деп  қолына бір жапырақ қағазды ұстатты. Жеделхатта Қажымұқан рөліне кинопробаға шақыру жазылған екен.

Әлімғазы Райымбеков Қажымұқаннан соң «Тоқаш Бокин», «Тақиялы періште», «Долана», «Қан мен тер», «Дала гүлі», «Аманат», «Түрксіб туралы аңыз», «Отқа оранған Орал», «Көгілдір жол», ұзын саны оннан астам көркем фильмде басты және жанама рөлдерде ойнады.

 «Құлағыңа мақта тығып жүр!»

Иә, оның арнайы кәсіби білімі болған жоқ, бірақ «Тақиялы періштеде» басты рөлде ойнады. Сол үшін қызғаныш білдіргендер де болған көрінеді. Бірақ бетіне келіп ешкім айтпаса да, «какой-то колхоз будет играть кинокомедияны, анау-мынау» деген сияқты сөздерді сыртынан естиді. Содан «расымен де мұным қалай болар екен» деп Шәкен Аймановқа барады. «Әй, шық кабинеттен! Құлағыңа мақта тығып жүр!»,  – деді ол кісі бірден. Түсіндім дегендей шығып жүре бергені бар сонда.

Жалпы, бұл фильм Әлімғазы ағамыздың өміріне көп өзгешелік әкелді. Колхозда қатардағы механизатор. Еңбеккерлер өзара отырғанда да еститіндері, айтатындары жағымсыз тақырыптағы анекдоттар. Жасыратыны жоқ, өзі де балағаттап сөйлеп жіберетіні бар-ды. Кейін тағдыр оны Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Әзірбайжан Мәмбетов сынды қазақ кино және сахна майталмандарымен жақындастырды. Бұл кісілердің әрбір сөзі, жүрісі, тұрған тұрысына дейін бәрі сабақ болды. Сондай үлкен мектептен өтіп, өмірге деген көзқарасы кеңейді. Мәдениеті, ой-санасы өсті. Рухани жағынан баи түсті. Қарапайым ауыл жігітінің талабынан талант ашқан аяулы ағаларды ешқашан ұмытпады. Сол күндерді еске алып, көзіне жас тұна қалатын сәттері де есімізде қалыпты.

 

Үлкен үй

Өзіне әркез қолдау көрсете білген бәйбішесі Гүлжауһар екеуі бір шаңырақ астында 60 жылдан астам өмір сүрді. Әлімғазы ағамыз қай кезде де отбасын бірінші орынға қойған адам еді. Киноның түсірілімдері біткен соң, тиесілі ақысын ала салып, балаларына киім-кешек, ойыншық, жарына пальто, сырға сатып алып, елге қарай ұшатын қанат байлап. Бірде кезекті рет алақанына түскен қаражатқа «Волга» мінгісі келді. Сонда шешесі: «Балаларың машинаңның ішінде ұйықтай ма сонда? Алдымен бала-шағаңа үй тұрғыз!», – деп сөйлеген. Сөйтіп, үлкен үй көтерді. Қазір сол үйде кенже ұлы тұрып жатыр. Ал кемпірімен Алматы облысының орталығы – Талдықорғанда, облыс әкімі берген үш бөмелі пәтерде тұрып келді. Бүгінде бес ұл, бес қыздан 22 немере, 16 шөбересі бар.

«Біз соғысты көрген ұрпақпыз. Аштықтың не екенін білеміз. Бірақ ашқұрсақ бола жүріп, адами құндылықтардан ажыраған жоқпыз. Ал қазір теледидарды қосып қалсаңыз болды, бәрінің аузындағы сөз – «ақша, ақша, ақша». Атқамінер азаматтардың жемқорлықпен ұсталып жатқандығы туралы, бір-бірін ұрып-соғып, тонап кетті деп келетін өңкей жағымсыз ақпараттар. Ал осындай деңгейге жетіп құлдырамас үшін отбасындағы тәрбиенің шегесі, ата-әже, ата-ана берер ұлағат берік болуы тиіс. Сондықтан көрерменіне үлкен ой салатын мағыналы фильмдер көптеп түсірілсе», – деген еді бір сұхбатында Әлімғазы атамыз.

Ал осыдан екі ай бұрын ғана 85 жасқа толған Әлімғазы Райымбеков атамыздың сонау 1969 жылы түскен «Тақиялы періштесін» әлі талай ұрпақ көретіні сөзсіз.

 

Құсман ШАЛАБАЕВ, қоғам қайраткері, Алматы қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі:

Әдемі қартайған ағамыз еді

 – Шәкен Аймановтың осыдан жарты ғасыр бұрын түсірілген әйгілі «Тақиялы періште» кинокомедиясының ізімен «Тайлақтың тақиясы» атты картина түсіргенім естеріңізде болар. Басты рөлге, әрине, өзімізге, көзімізге ыстық «тақиялы періштеміз» – Әлімғазы Райымбеков ағамызды шақырған болатынбыз. Өте бір ғажап, жүрегі таза, аурасы керемет, жайлы адам еді. Дауысының қаттырақ шыққан жерін көрген емеспін. Ол кісі туралы бірде-бір адамның жаман айтқанын да естімеппін. Әдемі қартаю деген осы шығар, бәлкім. Киноға түсіп жүріп те таңғы жаттығуын тастамайтын. Салауатты өмір салтын ұстанды. Денесі қанша ірі болса да, тамақты та асқан талғаммен жейтін. Отырысының, жүріс-тұрысының өзі кейінгі ұрпаққа үлгі еді. Киноның мәтінін тез жаттай алмай қиналатын. Ал бата бергенде, тебірене ағытылып кете баратын. Осыншама мейірімге, ұлағатқа толы сөздер қай жерінен шығып жатыр екен деп ойлаушы едім. Өйткені, ол елін, жерін алабөтен сүйген азамат еді. Сондықтан әрбір батасы бір-біріне ұқсамайтын. Жақсы ағаны ешқашан ұмытпаймыз.

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *