Тағы бір шетелдік балалар арнасы қазақша сөйлейді

Тағы бір шетелдік балалар арнасы қазақша сөйлейді
Сурет: Egemen.kz

«Nick Jr» арнасы биылдан бастап қазақ тілінде көрсетіле бастайды.

Бұл туралы Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Дар­хан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

2021 жылдан бері шетелдік әйгілі балалар телеарналары – «Nickelodeon», «TiJi» және «Диснейдің» өнімдерін қазақ тіліне аудару жобасы іске асырыла бастағаны белгілі. Енді бұл қатарға «Nick Jr» арнасы да қосылатын болды.

«Қазақ тіліндегі жаңа арнаның іске қосылуы мемлекеттік тілдегі контенттердің саны мен сапасын арттыруға өз септігін тигізеді деген ойдамыз», - дейді министр.

Egemen.kz мәліметі бойынша, жобаның басты мақса­ты – әлемдік балалар мен жасөспірім­дер телеарналарының өнімдерін қазақ тіліне аудару арқылы мем­лекеттік тілдегі балалар контен­тін дамыту.

2021 жылы «Nickelodeon» телеарнасының 465 сағаттық мазмұны аударылса, 2022 жылы 345 сағаттық өнім қазақ тілінде сөйлей бастады. Биыл 481 сағаттық мазмұнды аудару жоспарланып отыр. Оның ішінде 190 сағат «Nickelodeon» арнасының контенті және 291 сағат «Nick Jr» арнасының кон­тенті қазақ тіліне аударылады. Қазақ тіліне аударылған кон­тенттің аудиожолақтары арнайы FTP-серверге жүктелген. Ли­цензиялық құқықтардың мерзімі – 2 жыл.

Дархан Қыдырәлінің хабар­лауынша, қазақ тіліндегі «Nickelodeon» бағ­­дарламаларын та­рату теледидардың пультінде тілді ауыс­тыру арқы­лы жүзеге асы­рылды. «Қазіргі уақытта «Nickelodeon HD» арнасы 100% ло­кализацияланған кон­тентті бағдарламалаумен бірқа­тар кабельдік операторынан («Қазақ­телеком», «TVCom», «Beeline», т.б.) бөлек эфирге шығады. Бұл ба­ғыттағы жұмыстар алдағы уа­қыт­та да жүйелі түрде жалға­са бере­ді», дей­ді сала басшысы.

Министрліктің ұлттық мүд­де­ні қорғау жолындағы бұл жобасы алғаш рет Ұлттық кеңестің бірінші отырысында айтылған еді. Ал 2022 – Балалар жылы жобаның екінші бөлігі іске асты. Атап айтқанда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Nickelodeon» және «TiJi» каналдарымен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық орнатты. Еліміздің кабельдік операторлары осы арналарды қазақша көрсете бастады. «Nickelodeon»-ның балалар мен жасөспірімдерге арналған бүкіл әлемге танымал телеарна екенін ескерсек, шетелдік белгілі анимациялардың қазақша сөйлеуі қазақтілді балалар медиа контентінің көбеюіне септігін тигізері анық.