Тәжікстан вегетациялық кезеңде Қазақстанға су беретін болды

Тәжікстан вегетациялық кезеңде Қазақстанға су беретін болды
Сурет: Waterresources.ru

Екі елдің үкімет мүшелері сондай келісімге келді.

Алдағы жазда Тәжікстан үкіметі Қазақстанға былтырғыдай қосымша су жіберетін болды, деп хабарлайды Almaty-akshamу.kz.

«Экология вице-министрі Серік Қожаниязов Душанбеде жұмыс сапары барысында Тәжікстан Республикасы Энергетика және су ресурстары министрінің орынбасары Шоимзода Джамшед Шодимен кездесу өткізді», - делінген Экология министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тараптар Сырдария өзені бассейніндегі қалыптасқан су шаруашылығы жағдайын талқылады. Бахри Точик су қоймасының 2021-2022 жылдардағы вегетацияаралық және 2022 жылғы вегетациялық кезеңдегі жұмыс режимін келісу бойынша келіссөздер жүргізді.

«Қазақстан тарапы 2022 жылдың вегетациялық кезеңінде былтырғыдай Бахри Точик су қоймасынан қосымша су жіберу жүзеге асырылатын болады деген уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлерін су аз болған жағдайда суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.