Тәуелсіздіктің ырысы мен бақыты келер ұрпаққа жайлы болса екен

Тәуелсіздіктің ырысы мен бақыты келер ұрпаққа жайлы болса екен
Сурет: ашық дереккөз

Композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов дауыс берді. Өнер зерттеушісі «Тәуелсіздіктің ырысы мен бақыты келер ұрпаққа жайлы болса екен» деген тілегін білдірді, - деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақтың белгілі өнер қайраткерлері мен әндерінің тарихын зерттеп, бірнеше кітап жазған Илья Жақановтың Атырауда тұрғанына 20 жылдан асқан. Ол үнемі елдің қоғамдық-саяси өмірінен шет қалмай, белсенділігін танытып жүреді. Өткен жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанған Илья Жақанов Атырау қаласындағы №7 сайлау учаскесіне тіркелген. Бұл сайлау учаскесінде 2 314 сайлаушы дауыс беріп жатыр. Ал, белгілі өнер зерттеушісі аталған сайлау учаскесіне дауыс беруге зайыбы Тиыш Алтаевамен бірге келді.

«Бүгінгі сайлау – ел өміріндегі үлкен оқиға. Бәріміз үшін бұл сайлаудың жауапкершілігі де, маңызы да зор. Сол себептен, осы сайлауда тек біз ғана емес, барша жұрт сенетін, жауапты жұмыстар мен үлкен істердің басы-қасынан табыла білетін, қоғамда өзінің ерекше орны бар, өзінің емес, тұтас қоғамның қамын ойлап, болашағына бейжай қарамайтын кандидатқа дауыс бердік. Жаңа Қазақстанның келешегі жарқын болуы үшін серпінді істердің жүзеге асуына ұйытқы болатын қайратты, іскер, адал депутат қажет. Елдің сеніміне ие болған сондай депуттаттар ғана әділетті қоғамды құратын болады. Осы тұрғыдан айтқанда, бүгінгі сайлауда жігерлі, білікті, білімді кандидаттың ғана жұлдызы жануы керек. Жаңаруға бет бұрған Қазақстанымыздың болашағы сәулелі, қадамы еркін болып, тәуелсіздіктің ырысы мен бақыты келер ұрпаққа жайлы болса екен», -деді Илья Жақанов.