Тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеті бойынша қайда шағымдануға болады?

Тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеті бойынша қайда шағымдануға болады?
Сурет: Polisia.kz

Алматы полициясы осындай жағдайда қалай әрекет ету керектігін айтты.

Өзіндік қауіпсіздік басқармасында келіп түскен қоңырауларды есепке алу автоматты түрде жүргізіледі. Бұл дабылдарға жылдам жауап беруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«ӨҚБ-да сенім телефоны көп жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бұл ішкі істер органдары қызметкерлері тарапынан құқықтары бұзылған азаматтармен қарым-қатынас жасаудың тиімді алаңы. Бұл бағыттың негізгі модераторы – біздің бөлімше. 8-707-927-67-69 нөмірі тәулік бойы қоңырауларды қабылдайды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің заңсыз және әдепсіз әрекеттері анықталған жағдайда http:egov.kz электронды үкімет порталы және басқа да қолжетімді ақпараттық ресурстар арқылы арыз/өтініш қалдыруға болатынын ескертеміз. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты азаматтардың әрбір арызы жан-жақты тексеріліп, сараптаудан өтеді», – деді Алматы қалалық ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Ерік Жұмабай.

Полиция департаменті тәжірибеде қызметтер мен бөлімшелер қызметкерлерінің қызметін бақылаудың бірнеше түрлері бар екенін атап өтті.

«Мәселен, кеудеге арналған бейнетіркегіштердің көмегімен біз жол полициясы инспекторларының жұмыс сапасын тексеріп қана қоймай, даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың айтарлықтай тиімді шарасы. Сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз сақтау, олардың қылмыстық және әкімшілік қудалау орбитасына негізсіз тартылуына жол бермеу мәселелері ҚР ІІМ мен Алматы қалалық ПД басшылығының тұрақты бақылауында екенін хабарлаймыз», – деді Е.Жұмабай.