Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы

Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы
almaty-akshamy.kz

Жастармен тәрбие жұмыстарын жандандыруымыз керек

Біздің Қазақстанымызда болған жантүршігерлік жағдай еліміздің әрбір азаматының жанына батып, қабырғамызды қайыстырып жатыр. Болған оқиғалар бізге ащы сабақ болды. Иә, шындығында біз  «Демократия-демократия» деп ұрандатқан  жалған патриоттарға, арандатушыларға сеніп қалдық. Бейқамдығымыздың кесірінен елімізге  содырлар келіп, ойран-топанымызды  шығарды. Қаншама жастарымыз мерт болды. Менің болған жағдайға жаным ауырып, жүрегім сыздайды. Баласынан айырылып отырған  ата-аналарға, жарынан, әкесінен айырылған ағайынға қатты қиналып, көңіл айтамын. Еліміз үшін, еліміздің тыныштығы үшін жанын құрбан еткен  ерлеріміздің жандары жәннәтта болсын!

Біздер,  ардагерлер, кеңес заманы кезінен әртүрлі қиындықтарды басымыздан өткердік. Бірақ мұндай бассыздыққа халқымыз ешқашан бармаған еді ғой.

Елімізде орын алған жағдайлар әл-Фараби бабамыздың  «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген тәмсілінің астарын ұғындырғандай. Осы орайда ардагерлерге айтарым, жастардың  бойындағы патриоттық сезімді  ояту үшін қиындықты шыдамдылықпен, сабырлықпен жеңу үшін олармен тәрбие жұмысын жандандыру керек екенін баса айтқым келеді.

Дәл қазір бізге, қазақ халқына, төртке бөлініп, беске жарылмай, бірігетін уақыт келді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Үндеуіндегі әр сөзін, шешімдерін қолдай отырып, біз де өз тарапымыздан көмегімізді аямайық! Еліміздің көркеюіне  сәттілік тілейміз!