Табиғи газды тұтынудан еліміз тарихи рекорд орнатты

Табиғи газды тұтынудан еліміз тарихи рекорд орнатты
Сурет: Inform.kz

Биыл қыста Қазақстан рекордты мөлшерде газ тұтынған. 

Қыс қаһарына мінгенде, елде көгілдір отынды тұтыну көлемі күрт артқан. Сала мамандарының айтуынша, жылыту маусымы кезінде сағатына 4 млн текше метр газ қолданылды, 

Бұған дейінгі маусымдарда 3,5 млн текше метр шамасында ғана тұтынылған еді. Қаңтардағы саршұнақ аяздың салдарынан елімізде табиғи газды тұтыну көлемі күрт артқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

24.kz ақпаратына сәйкес, былтыр тәулігіне 77 мың 400 текше метр қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 95 мың текше метрге жеткен. Бұл – бұрың-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда үкімет «QazaqGaz» Ұлттық компаниясымен бірге елдегі отын-энергетикалық қауіпсіздікті қамтудың жоспарын айқындаған. Осы ретте халықтың көгілдір отынды үнемдеп тұтынуы аса маңызды, - дейді сала мамандары.

«Газ - ол үлкен ресурс. Бағалы ресурс. Оны өндіру, геологиялық барлау жасау және де тасымалдап, тұтынушыларымызға әкелу өте үлкен, қиын жұмыс. Және де қымбат жұмыс. Сондықтан қымбат ресурсты үнемдеп, энергетикалық қауіпсіздігімізді арттыруға барлық тұтынушыларымызды шақырамын», - дейді «QazaqGaz» ҰК АҚ Төрағасы Санжар Жаркешов.

Биылғы жылыту маусымы ресми түрде 27 сәуірде аяқталған. Ал келер маусымға дайындық одан бұрын басталып кетті. Мамандар ақау шыққан газ қондырғылары мен құбырлардың техникалық тексерісіне кіріскен. Қазір оларды жаңғыртып, ауыстыру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. 

«Газ қондырғыларының техникалық қызмет көрсету жұмыстары басталды. Толықтай аяқталуына шілде айының ортасы деп отырмыз. Жылыту маусымына дайықдық толықтай 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Және жылыту маусымына дайындық паспорты әзірленіп, дайын болуы шарт», - дейді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Астана өндірістік филиалы директорының орынбасары Ержан Балабеков.

Мамандар жеке тұрғын үйлер де алдағы қыс маусымына дайындықты осы кезден бастаған жөн дейді. Жылу екі арада жоғалып кетпес үшін үйдің қасбетін, шатыры мен еденін қалыңдатқан абзал. Осылайша жылу жүйесіне салмақ түсірмей, газды мейлінше үнемдеуге болатын көрінеді.