Табиғи қорғаныс. Ғалымдар COVID-19-ға кімдердің ағзасы қарсы тұра алатынын айтты

Табиғи қорғаныс. Ғалымдар COVID-19-ға кімдердің ағзасы қарсы тұра алатынын айтты
Cурет: ВВС

Иммундық жасушалар арасында өте күштілері де кездеседі

Кейбір адамдардың иммундық жүйесі COVID-19-ға өте төзімді, тіпті инфекция ошағында жүрсе де вирусты жұқтырмайды. Ғалымдар мұны жасушалық иммунитеттің күштілігімен және вирусты туғанынан қабылдамайтын қабілетімен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

РИА Новостидің мәліметінше, қоздырғыш адам ағзасына түскенде оны Т-лимфоциттері қарсы алады. Олардың міндеті - жұқтырған жасушаларды танып, оны жою, сонымен қатар бөгде антигендер туралы мағлұматты антидене түзетін В-жасушаларына жеткізеді. Дегенмен, алғашқы иммундық жасушалар арасында өте күштілері де кездеседі екен, олар мағлұматты антиденеге жеткізбестен вирусты өздері-ақ жойып жіберуге қауқарлы.

Мұндай жағдайда адамда клиникалық белгілер байқалмайды, антидене де түзілмейді, ал ПТР тесті теріс болып шығады. Бірақ, ағза екінші рет вирус жұқтырмау үшін қорғаныс қабілетіне ие болады. Өйткені, Т-лимфоциттердің арасында патогенді есте сақтайтын арнайы Т-жасушалары бар. Мұндай иммунитеттің қаншалықты тұрақты әрі ұзаққа шыдайтыны әлі күнге дейін толығымен анықталмаған.

COVID-19-дың алғашқы толқынында ғалымдар Лондондағы әулие Варфоломей ауруханасында қызыл аймақат жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлеріне төрт ай бойы бақылау жүргізген. Олардан қан талдамасы мен үнемі ПТР тест алып отырған. Медицина қызметкерлерінің көбі коронавируспен ауырған, алайда вирусты жұқтыру тәуекелінің жоғары болуына қарамастан 58 адамда не ауру белгісі, не қанында антидене, тіптен вирусты РНК да болмаған. Дегенмен Т-жасушалы иммундық жауабы мықты болып шығыпты.  

Ауырмағандардың жиырмасында Т-жасушасының деңгейі жоғары болса, 19-да IFI27 иммундық жүйесіндегі ақуыз жоғары болған. Сондай-ақ 58 адамда «серонегативті»  Т-жасуша анықталған. Бұл SARS-CoV-2 вирусын танып, оны жоятын ақуыздар кластері, яғни коронавирустың күш алмай тұрып алғашқы кезеңінде жойып жіберуге қажетті ақуыздар.

Ғалымдардың ойынша, вирус бұл адамдардың ағзасына енген, бірақ онда тіршілігін жалғастыра алмаған. Зерттеу пандемияның алғашқы кезеңінде болғандықтан адамдардың жасушаларында қорғаныс жадысы болмаған, алайда Т-жасушаның мықты иммундық жүйесі оларды қорғай білген.