Тағы үш жолдама қосылды

Марафоншы Жанна Мамажанова Токио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Ол Австрияның Лойперсдоф қаласында өткен халықаралық жарыста 42 шақырым, 195 метрді 2 сағат, 29 минут, 1 секундта жүгіріп өтті.

Олимпиада жолдамасына қол жеткізу үшін 2:29.30 уақыт көрсеткіші жеткілікті еді. Отандасымыз мәреге 29 секунд бұрын жетті. Екінші орынды чехиялық Терезе Хрочова, үшінші орынды швециялық Ханна Линдхольм иеленді.

Жаннаның жолдамасы – қазақстандық жеңіл атлеттердің Токио олимпиадасына иеленген төртінші лицензиясы. Бұған дейін Ольга Рыпакова (үш секіру), Григорий Шейко (20 шақырымға спорттық жүріс) және Айман Ратова (спорттық жүріс) төртжылдық жолдамасын жеңіп алған еді. Ал таэквондошылар Иорданиядан жүлделі оралды. Амман қаласында өткен іріктеу турнирінде Руслан Жапаров пен Жансел Дениз олимпиада жүлдесіне қол жеткізді.

Жапаров 80 келі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингте бірінші орында тұрғандықтан, жарысқа жартылай финалдан араласты. Ол бұл кезеңдегі қарсыласы ауғанстандық Әли Әкбар Әмириді 31:20 есебімен жеңді. Жолдама финалға шыққан спорт­ шыларға берілетіндіктен Жапаров негізгі межені бағындырды. «Іріктеу турнирі 2019 жылдан бері төрт рет кейінге қалдырылды. Бұл бізге психологиялық тұрғыда оңай болған жоқ», – деді Жапаров.

Ж.Дениз (67 келі) жартылай финалда тәжікстандық Мохру Халимованы 12:2 есебімен жеңді. «Лицензиялық іріктеу жарысы соңғы бір жарым жыл ішіндегі алғашқы бәсеке болды. Жасыратыны жоқ, жауапкершілік жүгі өте ауыр болды. Бұл – соңғы бес жылдағы еңбегіміздің нәтижесі, жемісі. Осы уақытқа дейін жарыстар мен жаттығуларда төккен теріміз еш кеткен жоқ. Әр спортшының арманына айналған олимпиадаға жолдама жеңіп алғаныма өте қуаныштымын», – деді Жансел.

Өкінішке қарай, Қайрат Сарымсақов (68 келі) олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады. Ол ширек финалда тәжікстандық Махмаджан Сунатовты қапы қалдырғанмен, жартылай финалда өзбек Ұлықбек Рашидовқа есе жіберді. Фариза Алдоңғарова да (49 келі) жартылай финалда вьетнамдық қарсыласынан жеңіліп, жүлдеден тыс қалды.

Естен САБАЛАҚ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *