ТӘУЕЛСIЗДIК ТҰҒЫРЫ БЕРIК БОЛСЫН

Исмагил ШӘРIПОВ,

қалалық Мәслихат депутаты

Адамзат тарихы тәуелсiздiк, азаттық үшiн болған күреске толы. Өйткенi жер бетiндегi халықтардың бәрiне керегi тәуелсiздiк екенi айдан анық. Кез-келген халық өзiнiң мәдениетiн, экономикасын жасап, ұрпағын тәрбиелеп, өркениет көшiнен қалмайтын ел болғысы келедi. Ал оны жүзеге асыру жеңiл шаруа емес. Бiз ауыр да азапты жолдан өтiп, ел болдық.

Елiмiздiң Тәуелсiздiгiн жариялаған күн жай ғана айтуға жеңiл сөз емес, ол – егемендiк алған елiмiздiң экономикалық, реформаларды дамыту, құқықтық демократиялық қоғам орнату, рухани бiрлiк пен ұлтаралық татулық ахуалын қалыптастыру сияқты ұлы мақсаттарының да еркiндiк алған күнi болды.

Бүгiнгi егемен ел сапындағы жеткен жетiстiктерiмiз, ең бастысы Тәуелсiздiгiмiз бен еркiндiгiмiз, елдiгiмiз, бiрлiгiмiздiң басын құрайды.

Соңғы бiр жыл көлемiндегi оқиғалар бедерiн оймен шолсақ, ғасырға жүк болар iс-шаралар атқарылғанын аңғару қиын емес. Осы кезеңде Қазақстан тәуелсiз мемлекет ретiнде ТМД елдерi iшiнде алғашқы рет Еуропалық саяси қауымдастыққа ЕҚЫҰ-на жетекшiлiк еттi. Бұл – кез-келгеннiң уысына түсе бермейтiн бақыт едi.

Алыс-жақын көршiлермен сыйласып, тату көршiлiк байланыс орнату – басты мұрат. Осы жағынан алғанда Қазақстан Тәуелсiздiктiң туын асқақ желбiретiп, iшкi және сыртқы, саяси, экономикалық, мәдени-рухани байланыстарды нығайта түсуде.

Ортақ келiсiммен, оңтайлы iске жол ашып, орайын келтiру – келешек кемерiмiздi кеңейте түсетiнi аян. Осы орайда республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен атқарылып жатқан iс-шаралардың ауқымы кең. Ендi осы шаралардың жүзеге асуына ұйытқы болу әр қазақстандықтың абыройлы мiндетiне айналуы тиiс.

Татулық, бiрлiк, ынтымақ – Қазақстан халықтарының ту етiп көтерер асқақ мақсат-мүддесi. Тәуелсiздiгiмiздiң тұғыры да – татулық. Тәуелсiз Қазақстанның өткен жылдар iшiнде ғасырға жүк болар iс-шаралар атқаруының сыры да, шыны да iшкi тұрақтылық пен экономикалық интеграция принциптерiнiң айқындығында деп бiлемiн. Тәуелсiз мемлекетiмiз – iшкi тұрақтылығымызбен тұлғаланып, сыртқы толымды табыстарымызбен берiктене түссiн. Әрбiр Қазақстан халқының қастерлi қасиетi, асыл борышы да осы болмақ.

Тәуелсiздiк күнiнiң астарында терең мағына, символикалық мазмұн жатыр. Олай болса, барша қазақстандықтарды Тәуелсiздiк күнiн лайықты қарсы алуға атсалысайық!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *