Тәуелсіздік құрдасы болу мен үшін абырой әрі мақтаныш!

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым.  Еліміздің тәуелсіздігін өз өміріммен байланыстырудағы басты мақсатым – жеке ұстаным мен көзқарас, болмыстық тұтастықты құрайтын бостандық ұғымының қадір-қасиетін аша отырып, адамзат үшін ең тұғырлы ұстаным «тәуелсіздік» екенін айтқым келеді.

Мен, Абылғазина Маржан Тұрысбекқызы 1995 жылы маусым айының 8 жұлдызында Алматы облысы Алакөл ауданындағы  Ынталы ауылында еліміздің егемендік алып еңсесін тіктеп ұлт болуға деген рухани көшінің алдындағы күрделі кезеңге тұспа-тұс келген сындарлы шақта дүние есігін ашыппын.   Маған бұйырған бақ — тәуелсіздің елдің ұрпағы болып, елім мен жерімнің аманатын арқалағандай зор үмітпен ата-анам «қазақтың көзайым Маржанына айналсын» деген ниетіне бөленуімде.

«Тәуелсіздік» атты алтын тәждің мәртебесі халқыма оңай келген жоқ. Тарихтың қиын өткелдері ел тәуелсіздігіне деген арман-тілегі, бабалар мұраты қаншама зобалаңды басынан өткере жүріп, ұрпақ алдындағы жауапкершілігінің жеңісіне кәміл сенді. Еліміз Кеңес Одағынан бөлініп шығып, экономикалық, әлеуметтік даму жолдарында түрлі қиыншылықтарды басынан өткерді. Ел болып еңсеңді көтеру, рухыңды, тілің мен мәдениетіңді жоғалтып алмау – ұлт алдындағы үлкен аманат еді.  Тектілік пен тұлғалық адами болмыс қазақтың қанымен келе жатқан үрдіс.  Тамырлы ел, дәстүрі мен тілі, ділі мен діні берік болу жолында Тұңғыш елбасының сындарлы саясаты халықты дұрыс жолға бағыттай білді.

Тарих тұғырында алтын әріппен жазылар 1991 жылдың 16 желтоқсаны бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, армандап өткен ұлы күннің Тәуелсіздікке қол жеткізген қастерлі мәртебесі.  Бұл күні Тәуелсіздігімізге  30 жыл толуда. Осы жылдар аралығында жеткен елімнің жетістігі мен жеңісі көптеген ірі мемлекеттермен дипломатиялық, экономикалық, әлеуметтік, туристік, саяси-мәдени, ғылым мен білімде жеткен жетістіктері,  қарым-қатынасы әлем елдеріне танылудың, ұлт ретінде тұғырлы елге айналудың бір кепілі.  Мәдениеті, ұлттық ұстанымы әр ұлыстың бірлікте, татулықта ғұмыр кешуі  халқымның дархандығы мен даралығының бейнесі. Ендігі жастардың алдындағы зор міндет – ұлтының ұлы тұғырын сақтап қалу, ұрпақтарға аманаттау. Ол үшін әрбір жас Отан алдындағы жауапкершілігін сезіне жүріп халқына адал қызмет ету. Сондықтан да, мен «Тәуелсіздік құрдасы болу мен үшін абырой әрі мақтаныш!» деп зор сеніммен айта аламын.

Абылғазина Маржан,

Алматы қаласы Наурызбай ауданы № 157 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *