Түске дейін – БЕКЕЖАН, түстен кейін – ҚАСЫМХАН

 

 

 

Биыл «Атаманның ақыры» фильмінің түсірілгеніне 50 жыл толды.

Таяуда осы фильмнің және «Қыз Жібек» кинокартинасының құрметіне ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақ киносының алтын қоры» сериясымен пошта маркаларын айналымға шығарды. «Шадияровты» құттықтай барып, сұхбат құрған едік.

 Бір күнде – екі рөл

 – Асанәлі аға, бір сұхбатыңызда «түске дейін Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнадым» депсіз. Демек, «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» қатар түсірілген болды ғой?

– «Атаманның ақыры» қазақ тарихындағы тұңғыш детектив жанрындағы фильм болса, «Қыз Жібек» – тұңғыш тарихи фильм. «Қыз Жібекті» түсіру – тұтас бір кезең ғой. Ол кезде Мәскеуге қараймыз. «Қыз Жібекті» әуелі Шыңғыс Айтматовтың беделімен қырғыздар түсірмек болған. Содан Димекең «Біздің фильмді неге қырғыздар түсіруі керек?» деп намысқа тырысып, тартып алғандай болды. Рөлдерге сынақ басталып кетті. Бекежан рөліне Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, К.Кенжетаев, Ә.Молдабеков және мен «таластық». Бәсекелестерім – кілең мықтылар. Сынақ кезінде оң жамбасыма келетін үзінді берілді. Ғ.Мүсірепов менің ойынымды көріп: «Бекежан мынау ғой!» депті. Сөйтіп, жұлдызым жанып шыға келдім.

Жалындап тұрған, 31-32-дегі кезіміз ғой. Оған дейін Бекежан рөлін опера театрынан көріп жүргенім бар. Сондықтан ықыласпен кірісіп кеттім. Бірақ режиссермен келісіп алдым. «Мен Бекежанды ел аузындағы дөрекі, ұрда-жық, қарақшы бейнесінде емес, ақылдылығы да, аңғалдығы да жетерлік нағыз дала серісі етіп көрсетемін», – дедім. Режиссер келісті. Маған бұл рөлді ойнауда толықтай еркіндік берілді.

Бір күні Шәкен аға Аймановтан хабар келді. «Атаманның ақыры» фильмінің сценарийі бекітіліп, оған актерлерді іріктеу басталғанда: «Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Шадияровтың рөліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов», – деп комиссия жиналысында отырып алыпты. «Өзім армандаған Бекежан образына қолым енді жеткенде бұл қиын болды ғой» деймін Шәкеңе артық сөз айта алмай күмілжіп. Шындығында, екі рөлді қалай алып жүремін деп шамалы тартындым. Беймәлім Қасымханнан гөрі Бекежанға көбірек көңілім ауып тұрды. Шәкең: «Ақымақ болма! Шет елдің артистері бір уақытта төрт фильмге қатар түседі. Осы фильм маған жүктелгенде басты рөлде мен сені көрдім. Қалған әңгімені кейінге қалдырайық», – деп әңгімені қысқа қайырды. Келіспеске шараң жоқ. Ол енді Шәкең ғой!

Сөйтіп, Сұлтан Қожықов пен Шәкен Айманов менің «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақырындағы» мәселемді шешуге кірісті. Арнайы жұмыс кестесі жасалды. Ең бастысы, өзара түсіністіктің болуына көп көңіл бөлінді. Сосын түске дейін Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталып кетті.

«Бала, жақсы!»

 – Екі картина бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі кезеңді баяндайды. Бір күнде бір образдан шығып, екінші образға ену қиынға соққан жоқ па?

– Жоқ, қайта екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды. Қызуқанды рөлден салқынқанды рөлге енудің өзі бір ғанибет еді! Бекежанның эпизодына түсіп келген соң Қасымхан кейпіне ену оңайлау болатын. Қызуқанды Бекежанның мінезін  сабасына сәл түсіре қойсам, Қасымханның характерін дәл ұстап аламын. Өйткені, Қасымхан – әр қадамын аса сақтықпен жасайтын ақылдың адамы. Әйтпесе, ол барлаушы болып, мемлекеттік деңгейдегі маңызды тапсырманы орындай алар ма еді? Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның жандүниесіне ену қиындау тиетін. Оған өте сақ чекист сияқты ұзақ ойланып отырсаң, қате қадам жасамауға тырысамын деп қарайлай берсең, аңғалдау батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетесің.

«Атаманның ақырында» негізгі партнерім – Шәкеңнің өзі. Үлкен, ірі пландарда Шәкеңнің өзі кадр сыртында менімен «сөйлесіп» отырады. Шәкеңді алдауға болмайды, әр дубльді табиғи ойнауға тырысатынбыз. «Атаманның ақыры» «Қыз Жібектен» кеш басталғанымен, бір жылға жетпей, 11 айда түсіріліп бітті. Бұл кино саласының сол кездегі өлшемімен бағалағанда рекордтық көрсеткіш болатын. Қысқа мер­зімде көркемдік деңгейі биік классикалық туынды түсірудің негізгі кілті – өз ісі­нің нағыз маманы атанған кіл мық­ты­лардың топтасуында болды.

Фильм бітіп, монтаждалып жатқанда, Шәкеңнің: «Бала, жақсы!» – деп арқамнан қаққаны бар. Риза болғаны. Өзім әлі көрген де жоқ едім киноны. Ондай кісілер мақтауға сараң келеді. Біреулер мақтауыңды әбден асырып, жер-көкке сыйғызбай көтеріп ала жөнелуі мүмкін. Ал Шәкеңнің қатты риза болғаны сол, жай ғана «бала, жақсы» деуші еді…

 Біздің кино

 – «Қыз Жібекті» о баста қырғыздар түсіреміз десе, «Атаманның ақырына» ұйғыр ағайындар «таласқан» көрінеді

– «Атаманның ақырындағы» Қасымхан Шадияров – өмірде болған адам. Қасымхан Шанышев деген татаршатыс қазақ. Жалпы, бұл фильм Димекеңнің тапсырысымен түсірілген.

«Атаманның ақыры» түсіріліп біткенде Димекеңе Шанышевтың алыс туыстары келеді. Татар ұлтынан. Иә, ұйғырлар да «бұл біздікі» деген жағдайлар болған. «Дутовты өлтірген – Шадияров емес, ұйғырлар», – деді. Олардың алға тартқан уәжі – Шанышевтың жанында жүрген көмекшілері ұйғыр болған. Махмуд Қожамияров деген ұйғыр оң қолы болған. Дутовтың басын кесіп, қапқа салып әкелген сол болуы керек. Ал негізгі операцияны басқарған – Шанышев. Ол байдың баласы болған. «Байдың тұқымысың» деп қудалаған соң, ол осы операцияны мойнына алған. «Қиын шаруаны атқарып, өзімді ақтаймын» дейді. Операцияны өте сәтті ұйымдастырады. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін «бұл – байдың баласы, бәрібір сенуге болмайды» деп ізіне түскен соң қырғыз еліне қарай қашқан. Содан із-түзсіз кеткен.

– Фильмнің 90 пайызы Өзбекстанда, 10 пайызы Қазақстанда түсіріліпті. Неге?

– Ол тұста электр сымдары мен асфальт жолдары жоқ кентті немесе қаланың бір бөлігін табу қиынның қиыны еді. Фильм оқиғаларындағы ХХ ғасырдың 20-жылдарына тән көріністер сонау алыстағы Хиуадан табылды. Сөйтіп, фильм кадрларының біраз бөлігі Өзбекстан жерінде түсірілді. Хиуа шаһарындағы орталық базар, керуен сарай, қамал қабырғалары картина желісімен үйлесе кетті. Сондай-ақ, Алматыдағы көне шіркеу төңірегі мен Жаркенттегі Уәлібай мешітінің аумағында, Кеген, Нарынқол маңайында да біраз эпизодтық көріністер түсірілді.

 Іштей үнсіз егілдік

 «Атаманның ақыры» – Шәкен Аймановтың соңғы фильмі. Оның елімізде экранға шыққанын өзі көре алмай кетті…

– Фильмнің тұңғыш премьерасы Грузияда өтті. Сонда қазақ мәдениетінің күндері ұйымдастырылған, соған апардық. Көрермен жылы қабылдады. Содан ары қарай Шәкең Мәскеуге пленумға жүріп кетті, ал біз елге қайттық. Алматыға келгеннен соң екі күннен кейін, Шәкең қайтыс болды деген қаралы хабар естідік ғой. Сөйтіп, Шәкең «Атаманның ақырын» өзіміздің көрермендермен бірге көре алмады.

Бірақ біз Мәскеуде «Кино үйінде» «Атаманның ақырының» арнайы премьерасын жасадық. Жаңа картинаның таныстырылымын жасау киногерлер арасында айнымас дәстүрге айналып кеткен заңдылық болатын. Сосын оны «Кино үйінің» мейрамханасында міндетті түрде атап өтетінбіз. Солай жасадық Шәкеңсіз. Бәріміз үстелден тұрып жатқанда мейрамхана меңгерушісі «енді мына дастарханға өтіңіздер» деп келесі есікке бастады. Ұзын үстел тамақтан қайысып тұр екен. Сонда Шәкең Мәскеуге барған бір  сапарында осы фильмнің ақыры премьерасы болады ғой деп, аста-төк дастарқанның ақысын төлеп кеткен екен. Әйгілі Марк Донской, Никита Михалков, Одаққа танымал басқа да ірі-ірі кинорежиссерлар бар, бәрі риза болып жатты. Ал біз іштей үнсіз егілдік сонда. Мұндай мәрттік тек Шәкеңнің қолынан ғана келуші еді…

– Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *