Түркістандағы су добы, Атыраудағы төбелес және «Қайраттың» сенімді қадамы

Футбол

Өткен аптада футболдан Olimpbet-Қазақстан чемпионаты басталды. Алғашқы тур оқиғаларға толы болды. Жұрт назарын әсіресе су жаңа «Түркістан-Аренадағы» жағдай көбірек алаңдатқаны анық. Қатты жауған нөсерден стадионның жасыл алаңы белшеден су болып, футболшылар су добын ойнағандай күй кешті. Матчтан кейін Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшылары түсініктеме беріп, мұндай жағдайда соңғы шешімді бас төреші қабылдайтынын, бәрібір ойынды ысыруға болатынын айтты. Бірақ өткен іс өтті. Дегенмен, құны 35 млн. долларлық стадион салғанда, оның су ағызу жүйесін де бірден ескеруге болмас па еді?

Ал Атыраудағы ойын аяқталған соң, трибуна астында бас төреші Арман Ісмұратов пен жас футболшы Сәбит Тастанбеков шекісіп қалды. Әрине, олардың бір-біріне қандай сөз айтқаны беймәлім, дегенмен бірінші болып төреші қол жұмсағаны бейнежазбадан анық байқалады. Енді ҚФФ тәртіп комиссиясы дұрыс шешім шығаруға тиіс. Жас футболшының спорттағы ғұмырына балта шабылып кетпеуі керек.

Ел чемпионы «Қайрат» біріншілікті сәтті бастады десек те, «Жетісудың» қорғанысын бұзып өте алмай біраз қиналды. Тіпті, ІІ таймның басында дөрекі ойнаған Д.Поляков алаңнан қуылып, алматылықтар ойын тактикасын біраз өзгертуге тура келді. Дегенмен, «Қайрат» мінез танытты: аса шебер ойнаған Г.Алықұлов алдымен пас шығарып беріп, артынша өзі гол соғып, алматылықтардың алғашқы жеңісін нықтай түсті.

І турдың елеулі жаңалықтары:

  • Бұл турда соғылған 16 доптың онын қазақ футболының түлектері соқты, бесеуі – легионерлерге тән, біреуі – автогол;
  • «Қайсар» – «Тараз» кездесуі оқиғаға толы болды: ең көп доп соғылды (5 гол), алғашқы автогол да осы матчта енгізілді (Е.Ахметов), «Тараз» 0:2 есебімен жеңіліп тұрып, жігерлі жеңіске жетті;
  • «Астана» командасының жартылай қорғаушысы М.Томасов Қазақстан чемпионаттарындағы 40-добын соқты;
  • Бір жыл үзілістен кейін футболға оралған Таңат Нөсербаев («Тұран») – үлкен футболдағы 94 (тоқсан төртінші), Азат Нұрғалиев («Тобыл») 96 (тоқсан алтыншы) добын қақпада тулатты;
  • Бұл турда бірер жыл мергендік танытпаған Мардан Төлебек («Тұран»), Бауыржан Байтана («Тараз») сияқты ойыншылардың да қанжығасы майланды;
  • Чемпионаттың алғашқы пенальтиін Максим Федин («Ақтөбе») мүлтіксіз орындады;
  • Биылғы біріншіліктің алғашқы добын «Шахтер» ойыншысы Виталий Балашов енгізді;
  • «Тараз» сапында негізгі құрамда 10 қазақстандық футболшы алаңға шықты, оның сегізі – жергілікті футбол мектептерінің түлегі;
  • «Жетісу» сапында да алғашқы турда жергілікті футболдың 5 түлегі негізгі құрамда өнер көрсетті.

13-14 наурыз. І тур

«Қайрат» – «Жетісу» – 2:0 (Косович, 69, Алықұлов, 72)

«Атырау» – «Шахтер» – 0:1 (Балашов, 14)

«Тұран» – «Астана» – 2:2 (Нөсербаев, 17, Төлебек, 67 – Томасов, 9, Бейсебеков, 54)

«Каспий» – «Ақтөбе» – 1:1 (Сали, 52 – Федин, 60пенальтиден)

«Қайсар» – «Тараз» – 2:3 (Ахметов, 5автогол, Байжанов, 22 – Таубай, 25, Жұмабек, 36, Байтана, 45+1)

«Тобыл» – «Ақжайық» – 2:0 (Нұрғалиев, 30, Тағыберген, 75)

Бұл турдағы «Ордабасы» – «Қызылжар» кездесуі Шымкенттегі күн райының қолайсыздығына байланысты кейінге қалдырылды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *