ТҰЛҒАЛЫҚ ДАМУ ИМАМДАР ҮШІН ДЕ ӨЗЕКТІ

Өткен сәрсенбі күні Алматы қаласы бас имамдарының біліктілігін арттыруға арналған «Қазақстан Республикасындағы дін саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Шаһардағы барлық мешіттің бас имамы, яғни 52 имам қатысқан шараның өтуіне Алмалы ауданының әкімдігі мен Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің №5 қоғамдық даму, мәдениет және спорт жөніндегі комиссиясы мұрындық болды.
Әсел ДАҒЖАН
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткен семинар-тренинг бағдарламасында имамдар ұйып тыңдаған спикерлер көп болды. Бір күнгі шара аясында дін қызметкерлері зайырлы мемлекет және дін туралы заңдарды қайта пысықтап, өзара пікір алмасты. Ал профессор, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Сахна тілі кафедрасының меңгерушісі Дариға Тұранқұлованың дәрісінде имамдар жамағат алдында қалай дұрыс сөйлеу керектігін, яғни сөйлеу мәдениеті мен тіл мәдениетін меңгеріп, кәсіби деңгейде үлкен аудиторияны қалай баурап алуға болатындығын зерттеп, залда жаттығу жасаса, тарих мамандығының PhD докторанты Руслан Сейітқазиевтің дәрісінде Абай мен әл-Фараби бабамыздан бергі тарих пен батыстың философ-ғалымдарының еңбектері және ұлттық құндылықтардың ұштасуы жайлы сауатты, танымдық дәрістер тыңдап, керек деген үздік ойларды өздеріне түртіп отырған имамдарды көрдік.
Дін саласында жүрген мамандар үшін өмірлік мазмұнды әрі маңызды тақырыптар қамтылған семинар-тренингте жоғарыда аталған спикерлермен қатар философтар мен дінтанушылар да дәріс оқыды.
Одан бөлек, шара барысында жат ағымға ілесіп кеткен жастар мәселесі де сөз болды. Былтыр мешіт қызметкерлері Алматы облысы бойынша өзге ағымның жетегінде кеткен 80 адамды райынан қайтарып алған. Бұл қалалық әкімдік және құзырлы органдармен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесі дейді мамандар. Сирияға кеткен қазақстандықтар мен олардың отбасыларын елге қайтару мақсатында «Жусан» операциясының бірнеше кезеңі де іске асырылғаны белгілі. Қазір елге келгендердің бәрі мемлекеттің бақылауында.
– Тек қана жұма намазының өзінде қаладағы мешіттерге 60-70 мыңнан аса жамағат келеді. Өз еріктерімен. Өз ықыластарымен. Бір сағаттың ішінде біз осы 70 мыңнан аса жамағатқа ізгілікті, адалдықты, бірлікті, ынтымақты насихаттап келеміз, – деген Алматы қаласының орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай дін саласындағы ең өзекті деген мәселелерді атап өтті.
– Кеңес Одағынан кейін біздің қоғам вакуумде қалдық. Дін оқытылған жоқ, дін мамандары дайындалмады. Тәуелсіздік алған жылдары жетім қыздың тойы секілді әрекет еттік. Сол тоқсаныншы жылдары арнайы білімі жоқ адамдар молда болды. Олар халыққа нені түсіндіріп, не айта алады? Осы кездері халық арасында діни иммунитет өте әлсіз болатын. Үйінде молдасы бар, қазақшылығы күшті, дәстүрлі ислам сақталған отбасындағы жастар сол жылдары сырттан келген өзге ағымдарға ерген жоқ. Қазір «Жусан» операциясымен елге келгендерге қарасаңыз, көбі орыстілді қазақтар. Қазақша жауап беріп отырғандары бірен-саран. Яғни бұл жастарда теріс пиғылдағы насихаттарға қарсы тұрарлық иммунитет болмай тұр. Біздің қоғамдағы қазіргі дін саласындағы өзекті мәселелерге діни сауатсыздық бірінші себеп болса, екінші себеп жалпы білімнің төмендігі. Өз басым Атырау облысында төрт жылдай жұмыс істегенде бірталай әлеуметтік зерттеулер жүргіздік. Сонда көргеніміз, жат ағымның жетегінде кеткен жастардың 85-90 пайызы жоғары оқу орны тұрмақ, орта мектептің өзін толық бітірмеген. Біз жастайынан бастап дұрыс діни бағыттағы ақпарат беретін болсақ, көп жәйттің алдын алар едік, – деді Еркінбек Шоқай.
Өз кезегінде сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттер қалашығы директорының орынбасары Сейдахмет Төреқожаев зайырлы мемлекет пен діннің аражігін ажыратып, 2009 жылы елімізде жүргізілген санақ бойынша кімнің қандай дін ұстанатынына ресми деректер келтірді.
– 2009 жылғы халық санағы көрсеткендей, 39 мыңнан аса адам христиан дініне, 1923 адам иудаизмге, 719 адам буддизмге, 1612 адам басқа діндерге өтіп кеткен. Олардың ішіндегінің бәрі қазақтар. Ал 98 мыңнан аса қазақ өзін ешқандай дінге жатқызбаған, – деді С.Төреқожаев.
Бір күндік семинар-тренингке Қоғамдық даму басқармасының мамандары да қатысып, тыңдармандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп отырды.
Естеріңізге сала кетейік, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында қоғамда дәстүрлі құндылықтар мен толеранттылықты, қоғамның зайырлы ұстанымдарын насихаттайтын радикалды және деструктивті идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған қалалық ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс жасайды. Өткен жылы осы топ дінтанушы, теолог, тарихшы, заңгер және т.б. сала мамандарының қатысуларымен қалада 626 әр түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіп, ол 106 428 адамды қамтыған. Сол шараға қатысқан жастарға, мешіт жамағаттары мен кәсіпкерлер және еңбек ұжымдарына мемлекеттің дін туралы саясаты, деструктивті діни ағымдар туралы және дәстүрлі құндылықтар түсіндіріліп, кеңінен ақпарат берілген.
– Деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтармен жұмыс жасайтын оңалту және кеңес беру орталығының жұмысына өткен жылы 10 теолог (8 ер адам, 2 әйел) және 2 психолог жұмылдырылып, 1217 деструктивті діни ағым ұстанушылардың қатысуымен кездесулер өткізілді. Соның нәтижесінде 180 адам Қазақстан қоғамының дәстүрлі құндылықтарына бейімделіп, 40 адам дәстүрлі дінге қайтарылды және оңалтылды, – деді қалалық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков.
Одан бөлек, басқарма тарапынан «Ақпараттық аналитикалық карта» аясында әлеуметтік желілердегі деструктивті діни ағым идеологиясын насихаттайтын топтар мен қауымдастықтарда тіркелген азаматтарды анықтау бойынша мониторингтік жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен жылы сондай қауымдастықтарға тіркелген 1304 тұрғынмен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, аталған топтардың қауіптілігі түсіндірілген.
– Басқарма тарапынан тұрақты түрде қаладағы діни ахуалға және дін саласындағы заң талаптарының сақталуына мониторингтік жұмыстар жүргізіледі. Өткен жылы дін саласындағы мемлекеттік заңнаманы бұзған 11 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, сот органдарына жолданды. Олардың ішінде мешітте заңды діни қызметке кедергі жасаған 4 азаматқа, діни әдебиет таратқаны үшін 3 азаматқа, рұқсатсыз миссионерлікпен айналысқан 1 азаматқа және әлеуметтік желілерде деструктивті діни ағымға тиесілі ақпараттық материалдарды таратқан 3 азаматқа әкімшілік шара қолданылып, айыппұлдар салынды, – деді А.Есенбеков.
Философтар мен дінтанушылар да дәріс оқып, залдағы имамдармен өзара пікір алмасуға мүмкіндік берген шараға «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова да қатысты. Сөз арасында имамдарға қарата көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақты қойып, ұсыныс білдірді.
– Бәріміз адам болған соң асқа, жерлеу рәсіміне қатысып жатамыз. Неге Кеңсайдың зиратында біреуі қолынан келіп тұрған соң мәрмәр тастан күмбез тұрғызса, екінші біреуі әке-шешесінің басын көтеру үшін қарапайым ғана тасты қояды. Осылардың бәрін ақылдасып, реттеудің кезі келген шығар, – деді Нұржан Жалауқызы.
Тарих, дін, заң, философия, рухани мәселелер мен білім, адам құқығы мен бостандығы, зайырлылық, тұлғалық даму жайы кеңінен талқыланған бұл семинар-тренинг әр күнін мешіттің ішінде өткізетін имамдар үшін үлкен серпіліс туғызғандай болды.
Тренинг арасындағы үзіліс кезінде біз осы шараның ұйымдастырушысы, Қоғамдық кеңестің мүшесі Құсман Шалабаевқа біраз сауалдар қойғанбыз. Оның айтуынша, адам баласы, қоғам рухани азыққа шөлдеп тұр. Сондықтан қазір имамдардың діни сауаттылығы ғана емес, бәсекеге олардың жан-жақты білімділігі түсіп тұр және олардың заман талабына сай тұлғалық дамуы да өзекті деді.
– Алматыда тұрып жатқандықтан, қазақ деген атымыз бар баршамызға мемлекет ортақ, Алматы ортақ, халық ортақ, біздің қоғам ортақ. Біз үнемі халықтың ортасында жүреміз. Сонда байқағаным, рухани азық деген қазір адам баласына ауадай қажет болып тұр. Зайырлы мемлекет болғандықтан дінге үкімет араласа алмайды, енді біз қоғамдық кеңес араласып, олармен байланыс жасамасақ, қоян-қолтық араласып, қоғам игілігі үшін бірікпесек, бұл жұмысты біз үшін ешкім істемейді. Мұның бәрі жанашырлықпен жасалып жатқан дүние, – деді Құсман Шалабаев.
Айта кетейік, Қоғамдық кеңес имамдарға арналған мұндай шараны осымен бесінші рет ұйымдастырып отыр. Дәл осындай шара келесі жолы басқаша өтуі мүмкін. Қоғамның сұранысы мен имамдарға берілетін білім бір-бірімен үндесіп отыруы керек дейді ұйымдастырушылар.
– Бүгінгі спикерлер бекерге таңдалмады. Олар біздің имамдарға қажет деген пайдалы ақпараттар айтуда. Неге мен бүгінгі шараға профессор Тұранқұлованы шақырдым? Мәдениет пен өнер адамдары ғана емес, имамдар да халықпен тығыз жұмыс жасайды. Жұма намазының өзі ғана 70 мыңдай халықты бір жерге жинаса, ол дегеніміз үлкен күш. Үлкен аудитория. Сол кезде имамның аузына қарап отырған халық одан не күтеді? Оның дінмен қатар, интеллектуалдық білімі, халық алдында өзін-өзі ұстауы, сауаттылығы мен парасаттылығы, салт-дәстүр мен ұлттық тәрбиеге беріктігі, шешендігі сынға түседі. Заман талабына сай тұлғалық даму деген қазір жастардың тілімен айтқанда трендтегі нәрсе. Міне, бүгінгі имамдар қоғамның осы сұранысын өтеп, мешітке шаршап я болмаса қиналып, таусылып, жалғызсырап, бір шешім таба алмай, жаны қиналып келген адам болса, соған рухани демеу беріп, оған жөн сілтеп жіберетіндей дәрежеде болуы керек. Бұдан да өзге мәселелер бар. Қазір қарап, өзіме керегін түртіп алып отырмын, келесі жолы бұл тренингті басқаша форматта өткізу керек, – деді Құсман Шалабаев.
Шара соңында тренингке қатысқан барлық имамға арнайы сертификат және Абайдың тақиясы естелікке берілді.