Тұрғын үй сертификатына 2 млрд теңге бөлінді

Тұрғын үй сертификатына 2 млрд теңге бөлінді
almaty-akshamy.kz

2 шілдеде Алматыда тұрғын үй сертификаттарын алуға өтінімдер қабылдау басталады
 

Алматы әкімдігі қайтарымсыз тұрғын үй сертификаттарын беруге 2 млрд теңге бөлді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев айтты, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. 


Спикер бұл сома екі мың алматылықтың  "Отбасы банкінен" жеңілдетілген ипотека алу үшін бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жеткілікті екенін айтты.
 
Сондай-ақ, Данияр Қырықбаев  тұрғын үй сертификаты "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Шаңырақ" және "Бақытты отбасы" бағыттары бойынша тегін әрі қайтарымсыз негізде 1 млн теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек түрінде берілетінін хабарлады.
 
"Сертификаттарды кезекте тұрған 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көп балалы отбасылар алады", – деді тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы.
 
Спикердің айтуынша, 2 шілдеде тұрғын үй сертификаттарын беру үшін өтініштерді қабылдау басталады.

"Сертификат алу үшін "Отбасы банкте" алдын ала төлем қабілеттілігінен өткен азаматтар белгіленген нысандағы құжаттармен және өтінішпен Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасына жүгінеді. Үш жұмыс күні ішінде құжаттардың дұрыстығы мен мәртебеңіздің сертификат беру шарттарына сәйкестігі тексеріледі", – деді Д. Қырықбаев.
 
Қажетті құжаттар тізімі: 
- нысан бойынша өтініш; 
- өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
- соңғы 6 айдағы табысы туралы анықтама; 
- жұмыс орнынан анықтама; 
- Банктен тұрғын үй заемын беруді мақұлдаған хат.
 
Тұрғын үй сертификаты тұрғын үй заемын беруге мақұлдау алған әрі табысы бойынша талапқа сәйкес келетін азаматтарға беріледі: соңғы жарты жылдағы табысы отбасының әрбір мүшесіне айына 106 336 теңгеден аспауы тиіс.
 
Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы әкімдіктің тұрғын үй сертификатының мақұлданған сомасын "Отбасы банктегі" кезекте тұрғандардың жинақ шотына аударатынын айтты. Банк сома түскеннен кейін сертификат иесімен қарыз шартын немесе ипотекалық шарт жасайды. Тұрғын үй сертификатының сомасын аударудың максималды уақыты мақұлдау хабарламасын алғаннан кейін 5 жұмыс күнді құрайды.


 
Д. Қырықбаевтың айтуынша, Алматыда тұрғын үй сертификаттарын алуға үміткерлер көп. Тұрғын үй саясаты басқармасының айтуынша, бүгінде қалада 9 313 азамат баспанаға мұқтаж. Олардың ішінде 1-ші және 2-ші топтағы 2 758 мүгедек, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы санатына жататын 1 462 адам, 1 890 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 3 203 көп балалы отбасы бар.

 
Тұрғын үй саясаты басқармасы тұрғын үй сертификаттарын алғысы келетін азаматтарға консультациялық көмек көрсетуге дайын.
 
Қазіргі уақытта Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасы Достық, 85/Абай, 1 мекенжайындағы Әлеуметтік қызметтер үйінде орналасқан.
Жұмыс кестесі: сағат 09: 00-ден 18: 00-ге дейін.
Түскі үзіліс: 13:00-ден 14: 00-ге дейін.