«Сүрдің айы» сұр көрсетті

«Сүрдің айы» сұр көрсетті
stihi.ru

Жұлдыздардың қимыл- әрекетіне қарағанда, Алматыда құлақ үситіндей үскірік болмайтын сыңайлы

«Он бес күні Құдайдікі, он бес күні кедейдікі» деп аталатын наурыз айы осы.  Халық айтса, қалт айтпаған ғой.

Бірдің айын (наурыз) «сүрдің айы» деген. Бұл ет сүрленетін ай екенін білдіргені.  Көкекті (сәуірді) «көк ішек» деп атаған. Көкекте көк шығып, малдың ішегі көгереді.

Мамырды «май ішек» деген. Мамырда малдың ішегіне май жүгіретінін меңзесе керек.

Әрбір ай мен амалға нақпа-нақ ат қойып, айдар таққан қазекеңнің кез келген пайымында үлкен парасат бар.

«Күштің айы» атанған үштің айының (ақпан) бітуіне бес күн қалды. Қылаулап, арагідік тыныстап қар жауып, оның ызғары бетті қарыды. Жұлдыздардың қимыл- әрекетіне қарағанда, Алматыда құлақ үситіндей үскірік болмайтын сыңайлы. Ел «момын, тимесең тимейді» деп жүрген Барыс істерін істеп алып, құйрығын қайқайтып тарих қойнауына беттеп барады. Ал Қоян болса, «менің де күшімді көрерсіңдер әлі» дегендей тісін шықырлатып, кезегін күтуде. Қыс тоқсаны (оңтүстікте тоқсан күнге созылады) наурыздың 13-14-іне шығатынын ескерсек, әлі де сақтанған абзал.

Қазекең «Үркерлі айдың – бәрі қыс» деп мақалдаса, сахалар «Үркер суықты шақырады» дейді, татар мен башқұрт болса, «Үркерлі ай – үскірік» деген. Осы орайда қыстың алты айға созылғандығы туралы мынадай бір аңызды оқырман назарына ұсынудың реті келген сияқты. Есте жоқ ескі заманда Үркер көктен түспей, күн жылымай, үнемі қыс болып тұрады екен. «Осыдан жерге бір түссе, сазайын береміз» деп хайуанаттардың бәрі Үркерге өшігіп жүреді. Бірде ондай да кез болыпты. Хайуанаттар жұлдыздарды таптап, өшіріп жатады. Алты жұлдыз сиырдың табанының астынан (ашасы арасынан) шығып, көкке ұшып кетеді. Алты ай қыс содан қалыпты деседі. Бірақ бұрынғыдай үнемі қыс болуын қойыпты...

Біз сөз етіп отырған аптаның соңына қарай Наурыз айы басталады. Қазақша жылдың басы – Жаңа жыл! «Әз-Наурыз», «Құс қанаты», «Наурыздың ақша қары», «Көк көже», «Аласапыран», «Бес қонақ», «Наурыз», «Әбдікей» сияқты толып жатқан амалы бар...

Наурыз айының алғашқы жартысында ауа райы аумалы-төкпелі, шаруаға жайсыз болып, екінші жартысында күн жылынып, қыстан қысылып шыққан кедейге кеңшілік болады. «Наурыздың он бес күні құдайдікі, он бес күні кедейдікі» деген тәмсілі осыған қарап айтылса керек.

 

ТАБИҒАТ ҚҰБЫЛЫСТАРЫНА ҚАРАП ЖАСАЛҒАН ЖОРАМАЛ

* Қыс қарсыз болса, жаз қуаң болады. Жер көлкілдеп, ылғал молайса, жазда жер отты болады.

* Дала қарлы болса, келер жазда жер нәрлі болады.

* Алқап қалың қар жамылса, көкекте көл суға толады.

* Екі аралықта қар жауса, көктем жаңбырлы болады.

Бір байқағанымыз, жұлдызшылар мен есепшілер Наурыз айы келгенде (көктем басталғанда) ылғи да пікір таластыратын болған. Себебі, жылдың алмасуы, түрлі амалдың қат-қабат келуі бір тоқтамға келуге мұрша бермеген. Ғалым Ағжан Машанов мысалға келтірген атақты әл-Фарабидің «Нау болса – дау болады» деген ( «Әл-Фараби», 1970 ж.) мәтелді сөзі бұл пікірімізге қуат бергендей. Нау – наурыздың басы, яғни көктемнің де, жылдың да басы.

Наурызды парсының «нау» – жаңа, «руз» – күн деген сөзінен шыққан, яғни «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді делініп жүр. Дегенмен, бұл айтылғанды түбегейлі пікір деп қарауға болмаса керек.

Қолданыстағы күнтізбе бойынша, бүгін ақпанның 23-і. Ай есебінше, наурыздың – 3-і. Ал қазақша, ақпан айының 11-і. Сөз етіп отырған аптамыз айдың басы мен ортасына және соңғы аптасына сәйкес келіп тұр. Бұл ауа райында болатын өзгерісті аңғартса керек. Алдағы аптада ауа райы тұрақсыз болатын сыңайлы: ашық күн де, жауын- шашын да көрініс беруі ғажап емес. Бірақ таңертең болмашы ызғар және түнге қарай айтарлықтай суық орын алады...