Сынағы мол жарқын өмір

Рахман АЛШАНОВ,
экономика ғылымының докторы, профессор, Тұран университетінің ректоры
Өткен айда, яғни мамырда аса көрнекті экономист, академик Түймебай Әшімбайұлы Әшімбаевтың туғанына 100 жыл толды. Оның өмір жолы көптеген маңызды жетістіктерге толы болған. 1935 жылы Фрунзе қаржы-экономикалық техникумына түсіп, «бюджет инспекторы» мамандығы бойынша үздік бағаға тәмамдайды. 20 жасында үздік білім алушы ретінде Ленинград педагогикалық қаржы-экономикалық институтына жіберіліп, онда 1941 жылы шілдеде майданға шақырылғанға дейін 1938 жылдың 1 қыркүйегінен 1941 жылдың 24 маусымы аралығында білім алады.
Экономика ғылымның жол бастаушысы
1945 жылдың 19 қыркүйегінде Педфактың ІV курс студенттерінің қатарына қайта қосылады. Сынақ кітапшасынан алынған көшірмеде – бірыңғай үздік бағалар, ал әскери қызметінде – «Ленинград қорғанысы үшін» медалі және «Қызыл Жұлдыз» ордені, «аға лейтенант» офицерлік шені бар. Осыдан кейін 1952 жылдың 20 ақпанынан бастап 1954 жылдың 15 сәуіріне дейін КСРО ОСБ ОӨК Қазақ оқу комбинатының Алматы филиалы өнеркәсіптік кәсіпорындарының бас (аға) бухгалтерлерінің біліктілігін арттыру курстарын үздік аяқтайды және өнеркәсіптік кәсіпорынның аға бухгалтерінің мамандығын алады. 34 жасында, 1952 жылдың 1 қыркүйегінен бастап С.М.Киров атындағы ҚазМУ Экономика факультетінің студенті, 1957 жылдың 18 маусымында «Өнеркәсіп экономикасы» мамандығы бойынша толық курсты аяқтағаннан кейін МЭК шешімімен оған «экономист» мамандығы мен Ж №731348 үздік дипломы берілді. Бір жылдан соң, 1958 жылы 40 жасында Экономика институтында өзінің ғылыми қызметін бастайды, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, секторлар меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары секілді барлық баспалдақтан өтіп, бар өмірін осы институттағы қызметке арнайды, 1973 жылдан бастап 15 жылдан астам Экономика институтының директоры, 1988 жылдан бастап 70 жасында – құрметті директор.
Отын (сексеуіл) базасында жұмыс істей жүріп, 39 жасында сексеуілді пайдаланудың экономикалық мәселелеріне арналған дипломдық жұмысты тамаша қорғап шығады. Бұл жұмыс бүгінгі күні осы тақырып шеңберіндегі жалғыз еңбек болып отыр. 1963 жылы университеттен кейін бес жылдан соң 45 жасында қажырлы ғылыми қызметінің нәтижесінде «Қазақстан өнеркәсібінің негізгі өндірістік қорларын ұдайы өндіру» кандидаттық диссертациясын қорғайды, ал төрт жылдан соң 49 жасында «Өнеркәсіптің негізгі қорларының тиімділігін арттыру мәселелері (Қазақстанның материалдарында)» докторлық диссертациясын қорғады. Мұның барлығы 9 жылдың ішінде іске асырылған. 1970 жылы 52 жасында Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланады, 60 жасында республикаға еңбек сіңірген ғылыми қайраткер атағын алған, Ш.Уәлиханов атындағы қоғамдық ғылымдар бойынша сыйақы берілді, 1983 жылы республика Ғылым академиясының академигі болып сайланды. Бұл кезде жасы 65-те еді. Осылайша 25 жыл ішінде ең үлкен ғылым асуларын бағындырды. Осы жетістіктердің маңызды екендігіне және оларға үздіксіз шығармашылық еңбектің арқасында жеткендігіне күмән жоқ. Экономикалық ғылымның көптеген бағыты бойынша ол алғашқы жол бастаушы болып табылады.
Дипломдық жұмысының тақырыбын таңдау кезінде оның қалыптан тыс тәсілдері, соншалықты ерекше емес, бірақ зерттеу тақырыптарына өзекті ізденістері байқалды. Нәтижесінде Қазақстанда негізгі қорларды тиімді пайдалану сияқты жаңа ғылыми бағыт құрылды. Аталмыш мәселенің өңірлік, салалық, өндірісшілік талдауы оны өнімділік ресурстарды, капиталдық салымдарды тиімді қолдану, инновацияларды ынталандыру, құрылымдық түрлендірулер, шаруашылық есепті тереңдету, тұрақты экономикалық әлеуетті қалыптастыру бағытына алып келді.
Басқа елдерде ұлттық экономиканың өндірістік қарым-қатынастардың жаңа жүйесіне көшуінің өз тәсілдері бар еді. Оның экономикалық ой-пікірі қарапайым, бірегей мәселеден, яғни негізгі қорлардың ұдайы өндірісінен басталып, оларды тиімді пайдалану сияқты талдауларға әкелді, содан кейін күрделілікке, жалпыға, республиканың экономикалық әлеуеттілігі сияқты жинақтаушы мәселелерге жеткізді. Шаруашылық есеп, өндірісті ынталандыру мәселелерін терең талдай отырып, ол қисынды және тәжірибелік тұрғыдан жаңа нарықтық қарым-қатынастарды зерттеуге шықты.
Академик Т.Әшімбаев жинақталған маңызды экономикалық, өндірістік әлеуетті, шаруашылық басқару тәжірибесін барынша пайдалануға шақыра отырып, жаңа экономикаға терең ойластырылған, ғылыми негізделген жолмен көшу үшін аянбай күресті. Ол өтпелі шаралардың асығыстығын қабылдамады, ойластырылмаған шешімдердің қабылдануынан аулақ болуға шақырды. Мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысты, баянаттарды жіберу арқылы басылымдарда үнемі жарияланып жүрді, жаңа экономикалық жағдаятқа арналған «Қазақстанның экономикасы нарық жолында» атты монографиясы жарық көрді. Әрине, оның көптеген ойы қажетке жарады, дабылының естілгендігі сөзсіз.
Тұтқында өткен алты жыл
Оның өмірлік ұстанымдарын талдай отырып, өмірлік мақсатының қалай құрылғандығына таңқалмасқа болмайды. Көптеген дүние көзге көрінбес жасырын түрде орын алған. Өмірдің ауыр жағдайлары, созылмалы дерті, жазықсыз жазалану, жалған айыптаулар, опасыздық оның өмірінің барлық кезеңінде кездескен. Әкесі туралы жазған «Сүйіспеншілікпен және құрметпен» атты кітабының алғысөзінде Алида: «Әкем және оның замандастары небір ауыр жағдайды бастарынан өткерді, тіпті кейде ол бір емес, бірнеше өмір сүргендей болып көрінетін», – деп жазды. Ол 1918 жылы бай мен кедейдің арасындағы қырғын шайқас орын алған қазақ ауылында дүниеге келген. Өңірлік революционерлер өз міндеттерін анық түсінбеді, көбіне білгендерінше әрекет етті. Осының барлығы, әрине, оқиғалар ағымына теріс таңбасын салып, 1929—1932 жылдардағы сұм, ұмытылмас аштыққа алып келді.
Миллиондаған адам ажал құшып, басқалары күнелту үшін туған жерінен көшіп кетті. Алайда, барлығы көшіп кете алмады, әкесі Әшімбай Базарбаев кіші әйелімен елде қалады, ал үлкен ұлы Өмірбай 30-жылдардың басында қырғыздың Ыстықкөл өзенінің солтүстік жағасында орналасқан, бұрынғы Сазоновка, бүгінгі Ананьево ауылына бухгалтер болып жұмыс істеуге, өзімен бірге анасы Үкібаланы, екі бауыры Түймебай мен Тұтқабайды және әпкесі Күлбашты алып кетеді. Өмірбай 1935 жылы кіші бауырларын Фрунзеге біреуін қаржыгер, екіншісін құрылысшы оқуына жібереді, олар орыс тілін білмесе де техникумда оқи бастайды. Түймебай өзінің қайраты мен ерік-жігерінің арқасында аз уақыттың ішінде орыс тілін меңгеріп, қаржыгер мамандығына ие болады. Тұтқабай 1940 жылы индустриялық техникумның құрылыс факультетін тәмамдап, сол жылы Кеңес армиясына әскерге шақырылады.
Техникумда үздік оқуы, аңыз қала – Ленинградқа оқуға жіберілуі, қаржы-экономикалық институттың үш курсын үздік бітіруі керемет келешектің есігін ашқандай болды. Аштық жылдарынан кейін аяққа тұруы, тілдік кедергіні жеңіп шығуы, қаржыгерліктің тылсым әлеміне енуі оның орасан зор жігерінің, білімнің жаңа әлемін танып-білуге құштарлығының арқасы болатын.
Алайда, еңсесін енді көтерген сәтте сұм соғыс басталды. Әп-сәтте миллиондаған адамның тағдыры өзгеріп шыға келді. 1941 жылдың 24 маусымында ол өз қатарластарымен оқуды тоқтатып, 1941 жылғы шілде айының басында Қызыл әскер қатарына қосылады. Ленинград майданында «На страже Родины» майдан газетінің қазақ тіліндегі «Отанды қорғауда» редакциясында 1942 жылдан бастап 1945 жылдың қарашасына дейін тілші, редактордың орынбасары кезеңдерінен өтті. Бірақ үстінен өтірік мәліметтерді жеткізу және жалған жала жабу нәтижесінде тұтқындалып, мінсіз атқарған әскери қызметі, әскери марапаттар күтпеген жерден үзіледі. Газеттің 1945 жылдың 31 қазанындағы №87 санында БКП (большевиктердің) ОК және КСРО Халық комиссарлары кеңесінде Андрей Андреевич Андреевке жолданған 50 жылдық мерейтоймен құттықтау сөзінде Андрей есімі Аднрей деп қате басылып кеткені анықталады. Әрине, бұл корректордың қатесі, ол кезде корректура үшін жауапты Бисен Жұмағалиев демалыста болған екен. Т.Әшімбаев корректура үшін жауапкершілік алмаған, алған күннің өзінде мұндайға жол бермес еді. Тағдырдың жазуына қараңызшы – әкесі Әшімбай Шу ауданындағы ауыл базасында БКП ОК (б) хатшысы Андреевтің атымен колхоз құрып, өзі оның алғашқы төрағасы болса да, Андреевтің атындағы жіберілген қате үшін ұлының жазалануына тіпті араласа да алмады. Қиын заман еді. Кейінірек мұның барлығы газет редакторының орынбасары Кәрім Усмановқа бағытталған, жоспарланған қаскөйлік екені белгілі болды. Алайда, тұтқынға алынғандар редакторды қараламай, онымен бірге түрмеде отырды. 1946 жылдың 19 қаңтарындағы Ленинград әскери округінің әскери трибуналының өкімімен Түймебай Әшімбаев редактордың орынбасары Кәрім Усманов және Асылхан Тұрғановпен бірге РКФСР ҚК әйгілі 1-бөлімі, 58, 10-бабы бойынша екі жыл мерзімге, құқықтарынан 6 жылға бас бостандығынан айрылады. Сөйтіп, 1950 жылдың тамызына дейін Ленинград маңайындағы Новолисино ауылында шымтезек өңдеу зауытында, Ленинград облыстық ІІМБ ЕТЛКБ лагеріндегі тікенді сымдармен қоршалған барактарда жазалау мерзімін өтеді. Одан соң Алтай өңіріндегі Чистьюнский ЕТЛКБ лагерінде, Томск темір жолындағы Тапчиха станциясына ауыстырылып, онда 1951 жылдың 6 қарашасына дейін қамауда болады.
Отбасына оралуы және ЛҚЭИ-на қайта қабылдануы үшін Ленинград қаласына баруға, тіпті тұруға рұқсат деген №9763 анықтамасы болған күннің өзінде Алматы қаласында тұруға рұқсат етілмеді, 1951 жылғы 7 қарашадан бастап 4 тәулікке берілген азық-түлігін алып, ақшалай жәрдемақысыз, 122 рубль 05 тиынға төленген Алматы бекетіне дейінгі жол жүру билетімен оған Алматы облысы Іле ауданының Талғар ауылында белгіленген тұрғылықты жеріне кету керек болды.
Түймебай Әшімбайұлы өмірбаянында осы кезеңде немен айналысқаны туралы айтпаған. Оның бұл кезеңдерде кездейсоқ нәпақамен күнелткені, үнемі жұмыс іздеумен өткені анық. 1952 жылдың басында туған жеріне барып, соғыстан кейін мұқтаждықта өмір сүріп жатқан туыстарының жағдайын көріп, көргеніне күйінген ол Алматы қаласына оралды. Біраз уақыт теміржолда жұмыс істеп жүрген інісі Тұтқабайдың үйінде тұрды. Қолында Фрунзе қаржы техникумында алған бюджет инспекторы дипломы бола тұра ол «56-бап бойынша айыбын өтеді» деп басылған мөртабанның себебінен жұмысқа орналаса алмады. Партия горкомының екінші хатшысы Қаркен Ахметовпен кездейсоқ кездескен соң, оның берген табанды ұсынысымен отын (сексеуіл) базасына жалақысы 60 рубль болатын қатардағы бухгалтер қызметіне орналасады. 1952 жылдан 1958 жылға дейінгі 6 жыл бойы осы базада жұмыс істеп жүріп, аға бухгалтерлердің екі жылдық курсында, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің Экономикалық факультетінде сырттай оқиды.
Қызы Наташа Санкт-Петербордағы Достоевский мұражайының директоры болды
Түймебай Әшімбайұлы лагерьдегі қиын-қыстау жылдардан кейінгі өмірін барынша жан-жақты ойластырып жоспарлап алды да, мүмкіндік туа салысымен туыстары мен жақындарына жан-жақты көмек көрсетті. Жалақысының аз болғанына қарамастан, Тастақ маңындағы жер үйдің бір бөлмесін жалға алады, кейіннен Баум тоғайы, Радищев көшесі, 2-үй мекен-жайы бойынша орналасқан қамыстан салынған кішкентай үйден екі бөлмелі пәтерге қол жеткізген соң анасы Үкібаланы көшіріп әкеледі.
1943 жылы отбасын құрып, ал 1944 жылғы шілдеде Наташа есімді қыз баланы дүниеге әкелген зайыбы Голубева Александра Константиновна 1954 жылғы ақпан айында ажырасуға өтініш берген кезде Ленинград қаласының соты өтінішті қанағаттандырады. Мұндай қадамның себебі отбасылық өмірдің құпиясы болып қалды. Тоғыз жылға отбасынан айырылғаны, сотталғандығы, отбасындағы ахуал өсіп келе жатқан қызының тағдырына әсер еткенін қаламағаны, олардың болашағына алаңдауы осыған әкелген болуы мүмкін. Бұл шешімді қабылдау оңайға соқпады. Оның емес, әйелінің өтініш беруі өзара бірігіп ойластырылған шешім болуы керек, бірақ екеуі де ол жайында ешқашан айтқан емес. 1957 жылы біржола ақталып, барлық құқығын, марапаттарын, атақ-абыройын қайтарып алғаннан кейін бірінші отбасына барып жолығады. Бұдан кейінгі жылдары да ол отбасымен байланысын үзбей қызына көмектесті, оны немерелерімен бірге үйіне шақырып тұрды. Наташа ЛМУ-дың филфагын бітіріп, диссертация қорғаған, ұзақ жыл бойы әлемнің ең беделді әдеби мұражайларының бірі – Санкт-Петербургтегі Ф.Достоевский мұражайының конкурс бойынша директоры болып сайланып, оны табысты басқарған қызының жетістіктеріне әкесі қуанып жүрді. Наташа конкурсқа Анатолий Собчактың жұбайы және кафедрадағы әріптесі Людмила Нарусованың айтуымен барды.
Осындай қиын шақтарда ол жаңа қадам жасауға бел буады. 1954 жылы Түймебай Әшімбайұлы Семей қаласында тұратын, фармацевт, дәріханашы болып жұмыс істеген, еңбектегі ерліктері үшін «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медалімен, грамоталармен, мінсіз жұмысы үшін мақтау қағаздарымен марапатталған Рашида Оспанқызы Ахметовамен танысып, онымен отбасын құрады. Ол жаңа отбасын Алматы қаласына көшіріп әкеледі. Осы кішкентай үйде әйелі Рашида Оспанқызымен, оның анасы Менсафа Ахметовамен, ағасы Өмірбайдың ұлы Маратпен бірге тұрады. Осы үйде 1955 жылдың 14 наурызында қызы Алида дүниеге келеді. Ол тұрмыс қиыншылықтарына мойынсұнбады, тағы бір бөлме мен асүйді қосып, бақша өсіреді.
Ғалымдар арасындағы текетірес
1956 жылы Н.Хрущев КОКП ХХ съезінде жеке басқа табынуды тамырымен жойған соң, қылмысты, заңсыз сот шешімдерін жою үдерісі басталады. Мыңдаған жазықсыз сотталған кеңес азаматтары лагерьлерден босатылады, мыңдаған үкім күшін жояды. 1956 жылдың қаңтарынан бастап 1957 жылдың сәуіріне дейін бір жылдан астам уақыт бойы Түймебай Әшімбайұлы Бас әскери прокуратурасына, КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас саяси басқармасына үкімінің күшін жою туралы өтінішімен жүгіреді. 1957 жылдың 12 сәуірінде КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқа Пленумы Түймебай Әшімбаевты айыптау ісін қайта қарап, Ленинград әскери округі әскери трибуналының 1946 жылғы 19 қаңтардағы үкімінің күшін жояды, істе қылмыстық құрам болмағандықтан тоқтатылады. Осы шешім туралы анықтама 1957 жылдың маусым айының екінші жартысында беріледі. Түймебай Әшімбайұлы өзінің тағдырына ауырлық түсірген, өсуіне кедергі келтірген, ауырлығын заңсыз үкімнің әділетсіздігімен күшейткен сотталған деген ауыр жүкті 12 жыл бойы арқалады.
1958 жылы Экономика институтына жұмысқа тұрады және осы жерде тапжылмай еңбек етеді. Кейіннен қазіргі Абылай хан, бұрынғы Коммунистический даңғылының Шевченко көшесінің қиылысында орналасқан үш бөлмелі пәтер алады. Осыдан кейін бірден «пәтерді заңсыз алды» деген анонимді хат келіп түседі. Ақтайтын құжаттар жиналады, инстанцияларда түсінік береді, жалған жаладан құтылады. Бұл өткен өмірден келген ескертулер, босаңсымасын деген белгілер еді.
1967 жылы ол аз уақыттың ішінде, кандидаттық диссертацияны қорғаннан кейінгі төрт жылдан соң докторлық диссертациясын қорғап шықты. Осы аралықта докторлық жұмысының тақырыбы бойынша монография шығарды, бірқатар ұжымдық монографияларды жариялауға қатысады, Қазақстанда ғана емес, Мәскеуде, Ереванда, Минскіде және басқа да қалаларда кітапшаларды, көптеген ғылыми мақалаларды жарыққа шығарды. Көп жыл бойы Экономика институты директорының орынбасары болған Муза Гавриловна Исаева «осындай үлгілі іс экономикалық ғылымда бұрын-соңды болмаған, одан кейін де қайталанбады» деген болатын. Ол өзінің естеліктерінде: «Осыны ескере отырып, Қазақстанның ҒА Қоғамдық ғылыми бөлімшесіндегі докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі Кеңес төрағасы Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев Түймебай Әшімбайұлының докторлық диссертациясын қорғауын Қазақстанның экономикалық ғылым мерекесі ретінде ұйымдастырып өткізді – бұл Қазақстан аумағында жұмыс істейтін өз Кеңесімізде қорғалатын, ғылым докторы ғылыми дәрежесін іздестірудегі алғашқы диссертация болды. Диссертация қорғалған конференц-зал фойесінде Түймебай Әшімбайұлының барлық еңбектері шығарып қойылды, бұл әсерлі көрініс болды. Қорғауға республиканың Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы К.Кетебаев қатысып, сөз сөйледі», – деп жазған-ды.
Кенеттен, қорғау кезінде төбесіне жай түскендей етіп, бір күн бұрын ғана Экономика институтында талқылау кезінде жұмысты мақтаған, оның жетістіктерін баса айтқан, диссертант жазушының адам айтқысыз еңбекқорлығын және ғылыми белсенділігін атап өткен әріптесі Татьяна Чечелева қатаң сын айтты. Барлығы таңқалды. Алайда, бірін қалдырмай барлық сыни ескертуге дәлме-дәл жүйелі жауап берген Түймебай Әшімбайұлының керемет байсалдылығы таңдандырды, ол айтылған сындардың толық дерексіздігін, үстірт сипаттарын дәлелдеп берді. Жасалған жұмыстың маңыздылығын, оның өзектілігін, зерттеу тереңдігін, бірінші сипатын атап өткен Кеңес мүшелерінің, шақырылғандардың диссертация авторымен толық келіскендігін атап өту керек. Бірауыздан оң дауыс берілді.
Осы оқиғаға оралған сайын, Кеңесте сын болу керектігін көрсету үшін Бәйішевтің, Әшімбаевтың және Чечелеваның әдейі ойластырғандары шығар деп қаласың. Себебі, бұл алғашқы отырыс болды және мінсіз қорғап шығу мүмкін емес. Оны Т.Чечелеваның сыни пікірлеріне Түймебай Әшімбайұлының төтеп берудегі жоғары дәрежедегі дайындығы, сонымен қатар оның диссертация қарсаңында берген оң бағасы дәлелдеп отырғандай. Т.Чечелева ғалым, маман бола тұра пікірін толық өзгертуі мүмкін емес еді. Бірақ бұл құпия болып қалды, ешқашан талқыланбады, осы туралы білген адамдардың барлығы өмірден өтті.
Өмірдің тағы бір қызығы – қызы Алида және Чечелеваның жиені Алма Сармурзина бір топта оқып жүріп, жақын құрбыларға айналған екен. Олар осы тақырыпты білсе де, естерінде болса да үлкендердің ісін қалай да сөз қылмауға тырысты. Кейінірек Т.Әшімбаевтың үстінен түскен арыздардың бірінде, диссертацияны қорғау кезінде сынға алғаны үшін директордың Т.Чечелеваны жұмыстан шығарып жібергенін, оның кейін Мәскеуге кетуіне мәжбүр болғаны оған кінә ретінде қойылды. Түймебай Әшімбайұлы мұны Т.Чечелеваның өз еркімен болғанын түсіндірді. Кейінірек Чечелеваның диссертантқа жазғыра қойған сұрақтарын түптеп салыстырсақ, олардың сырттай қарағанда сендірерлік болғанын айта кету керек. Бірақ Түймебай Әшімбайұлы сұрақтың мәніне басқалардан гөрі терең түсінгенін көрсетті, тіпті алуан түрлі пікірдің болғанына риза екендігін білдірді. Оларға жауап бере отырып, ол өзінің бірегей зерттеуінің мәнін барынша толық ашуға қосымша мүмкіндік алды.
Болашақта мәселені түсінудің түрлі деңгейлерін көрсеткен түсіндірмелері бар осы өткір пікірталастарды сипаттау қажет болуы мүмкін. Чечелева өзінің білгірлігін көрсеткісі келген болуы мүмкін, бірақ өзінен де білгір оппоненттің қарсы соққысына тап болды. Бұл арада Түймебай Әшімбайұлы бойындағы майданда қалыптасқан шегінбеу, салқынқандылықты жоғалтпау, төтеп беру, жұмылдырылу және соққы беру сияқты жауынгерлік қасиеттерін анық көрсетті. Оның докторлық диссертациясының материалдары бойынша бұрын жариялаған монографиясымен үндес «Қоғамдық өндірістің өсуі мен тиімділігі: Қазақ КСР-ң материалдары бойынша» атты монографиясын 1972 жылы Татьяна Васильевна Чечелева өзі баспадан шығартқан болатын. Мәскеуде Қаржы академиясында жұмыс істей жүріп, ол осы тақырып бойынша ғылыми қызметін жалғастырды.
16 жыл бойы майданда қатаң лагерьлік өмірде шыңдалуы, ақталуы үшін күрес өз пікірі үшін табандылық, төзімділік, күрес сияқты маңызды мінез қасиеттерін қалыптастырды. Бұл академик Сақтаған Бәйішевпен өзара қарым-қатынастарында да байқалды. 1986 жылдың 29 сәуірінде Түймебай Әшімбайұлы Алматы қалалық партия комитетінің партиялық комиссиясына жазған хатында Ж.-ның арызына: «Менімен және марқұм академик С.Бәйішевтің арамызда алауыздық болғанын қатты қалады. Мен Институтта өзімнің ғылыми қызметімді бастаған кезде, С.Бәйішев зерттеуде табандылық көрсеткеніме көңіл аударған болу керек. Маған көмектесті және қолдау көрсетті, кандидаттық және докторлық диссертацияларымда менің оппонентім болды, оларға мақтанышпен қарады, мені мүше-корреспонденттікке ұсынды, сол үшін мен оған риза едім», – деп жауап берді. «Мен директор болып, еңбектерім қоғам ішінде таныла бастаған кезде С.Бәйішев өз пікірін өзгерткен сияқты, менің ғылыми қызметіме бұрынғыдай емес басқаша қарайтын болды. Бұған үш жағдай себеп болды. Біріншіден, көбінесе тарихшы болған С.Бәйішевке қарағанда мен экономист ретінде терең зерттеуге тырыстым, оны жұртшылық та байқаған болуы керек. С.Бәйішев мұны өз беделінің төмендегені деп қабылдады. Екіншіден, академияда менің кандидатурамның ұсынылуын марқұм теріс ниетпен қабылдады. Жалпы, жөні түзу адам бола тұра, ол атаққұмарлыққа жақын болды және жалғыз академик болып қалғысы келді, сондықтан да ол менің кандидатурамды екі рет тура құлатқандай болды (соңғы рет маған тек бір дауыс қана жетпеді). Үшіншіден, Ж. сияқты адамдар С.Бәйішевті маған қарсы қойды және олардың істегені өз нәтижесін берді. Бұл жерде марқұмның қарттық жасы, ренжігіштігі өз рөлін атқарды. Осының барлығы оның кейде Ж. сияқтылардың деңгейіне дейін түсіп кетуіне алып келді. Бұл жағдайды ғылыми қоғам өте жақсы біледі. Маған осының бәріне шыдауға тура келді, өйткені оның жасын сыйладым. Бәйішевпен қарым-қатынасым туралы бар шындық осы» деп жазды.
Осы дәлелдерді Түймебай Әшімбайұлы 1987 жылғы 10 маусымдағы Қазақ КСР ҒА Бірлескен кәсіподақ комитетіне З.-ның арызына жауап ретінде жолдауына қайталауға тура келді. Ол: «З. өз арызында 80-жылдардың басында Ғылым академиясының жиналысында С.Бәйішевтің маған қарсы сөз сөйлегені туралы жазды. Оның атышулы сөзіне жалпақ жұрт қарсы шықты. Өйткені, Бәйішев белгілі уақытқа дейін мені бағалады және қолдады. Ол 1973 жылы корреспондент-мүшесі болып сайланған кезімде де мені қолдады, кейіннен маған деген көзқарасы өзгере бастады. Біріншіден, ол менің ғылыми беделімнің өсіп жатқанын жақтырмады (ол артта қалған сталиндік дәуірдің экономисі болатын), екіншіден, ол жалғыз академик болып қалғысы келді, ал мені академиктер қатарына ұсыну мүмкіндігі шынайы болып келе жатқан соң оған менің академик болғаным тиімсіз болды, үшіншіден, З. сияқты әр түрлі адамдар Әшімбаев сізге қарсы жоспар ойластырып жүр деп, әр түрлі арам ойларын айтып Бәйішевті маған қарсы қоя бастады. Нәтижесінде Бәйішев маған қарсы шығып, өз беделін түсіретін мәнсіз сөзін сөйледі», – деп көрсетті.
Күнгей мен көлеңке
Сақтаған Бәйішевтің 1963—1967 жылдары институт директоры, 1976—1982 жылдары институттың бөлімше меңгерушісі болған кезде Экономика институтының дамуына қосқан үлесі аз емес. Ғылым академиясында маңызды қызметтерде жұмыс істеді, 1956—68 ж.ж. Қазақ КСР ҒА-ның вице-президенті, 1968—78 ж.ж. ҒА төралқасының мүшесі болды, қоғамдық ғылымдарға жетекшілік етті. 1952 жылы Экономика институты құрылған кезден бастап 1967 жылға дейінгі кезең Қазақстанның экономикалық ғылымын қалыптастыру кезеңі болды. Экономикалық тақырыптар бойынша алғашқы рет диссертациялар тарихшылардың, философтардың, филологтардың қатысуымен біріккен кеңестерінде қорғалды. Бұған дайын кадрлардың жетіспеушілігі себеп болды. Экономика институтының алғашқы басшыларының базалық білім бойынша экономистер болмағаны кездейсоқ емес. Экономика институтының 1952 жылдан бастап 1963 жылға дейінгі аралықта басқарған С.Толыбеков Абай атындағы ҚазПИ-ді бітірген. Одан кейін институт директоры болған С.Бәйішев Қазақ марксизм-ленинизм институтын бітірген соң, «Лениншил жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, партия мектебінде журналист болып жұмыс істеді. Мамандандырылған институтқа ашылған сәттен бастап дипломы бар экономистер келе бастады. Бара-бара базалық және базалық емес экономикалық білім алғандардың арасында табиғи қайшылықтар пайда бола бастады. Әсіресе, бұл біздің институтта көп байқалды.
Қоғамдық ғылымдардың, соның ішінде экономикалық ғылымның қамқоршы әкесіне айналған С.Бәйішев институттың экономист мамандармен нығайтылуына көп күш салды, оларды қорғауға ықпал етті. Қазіргі таңда Бәйішев пен Әшімбайұлының арасында жаңсақтықтың, түсінбеушіліктің неден туындағанын айту қиын. Ұзақ уақыт бойы олардың арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай жылы болды, Бәйішев Түймебай Әшімбайұлының өсуіне қамқорлық жасады, оның диссертацияларында оппонент болды, мүше-корреспонденттікке өзі ұсынды, Әшімбаевтардың Коммунистический даңғылындағы пәтеріне Рашида Оспанқызының қолынан шай ішуге жиі келіп тұрды, қадірлі қонағы болды. Бұның қалай болғаны туралы сұраққа Түймебай Әшімбайұлы сөзінде С.Бәйішевті айналып өтіп, онымен ақылдаспастан, академия басшылығының (академия президенті Ш.Есенов) бастамашылық етуімен академиктер қатарына ұсынылғанын еске алды, осы оның намысына тиген болу керек деді. Ғылым академиясының құрамын сайлау кезінде үнемі шиеленіс, пікірталастар болатын, олар домалақ арыздар, жасырын тасталған хаттармен және тағы басқалармен қатар жүрді. Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде академиктерді таңдау кезінде Қазақ КСР ҒА-ның академиктің 9 мүшесі дауыс берді және әрбір дауыс үшін тартыс болды, сайлау үшін кемінде 2/3 дауыс жинау керек болатын. Бұл айтарлықтай шиеленісті тудыратын.
Біздің ойымызша, Түймебай Әшімбайұлының жазбаша түсініктемелерінің дөрекілігі, қызбалығы жалған айыптаулардың ар-намысқа тиетіндей жазылғанынан, оларға жауап қайтарудан туындаған. Ғылыми кеңес жиналыстарында, отырыстарында басқалардың көзінше ол С.Бәйішевке қарсы шыққан емес, нәтижесіз пікірталастардан аулақ болды. Т.Әшімбаев С.Бәйішев қайтыс болғаннан кейін оның отбасына көңіл айтуға барғанда зайыбы Сақтаған Бәйішевтің әділетсіз болғанын мойындап, араларында түсінбеушіліктердің болғанына өкінетінін айтқан. Алайда, жаңа талаптағы білім мен бұрынғы білім арасында үнемі қарама-қарсылық бар, ол ұстаздар мен оқушылар арасында әр түрлі себептерге байланысты даулардың туындауы мүмкін деп айтқан Түймебай Әшімбайұлымен келіскен дұрыс. Бұл жағдайда қалыптасқан қарым-қатынасты түсіндіруге болатын қисынды қарама-қарсылық орын алды, оның шиеленісуіне белгілі адамдар күш салысқан болатын. Орын алған үйлесімсіздікті Түймебай Әшімбайұлы қатты уайымдады. Себебі, Экономика институтының директоры, белсенді және табысты ғалым бола тұра, ол барлық әділ көрсеткіштер бойынша академик атағына лайықты болды, аяқ астынан қаңдай да бір шиеленіске, субъективті себептерге байланысты академия ғылымдарының құрамына өтпей қалады. Осы психологиялық қиын уақытта Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің, зайыбы Нағатай бар, Түймебай Әшімбайұлы мен Рашида Оспанқызын сергіту, күйзелістен арылту үшін Талдықорған қаласына екі күнге алып барғандарын ризашылықпен еске түсіруге болады.
Табандылық және қайсарлық
Соғыс адам шығынына ұшыратып қана қоймай, сонымен қатар, құрбандардың көптігімен қатар қосымша моральдық және психологиялық соққы тигізді. Солардың бірі институттың құрылған күнінен бастап қызмет еткен, Ұлы Отан соғысына қатысушы Ж. болды. Отыз жылдан астам ол өзінің өтініштерімен, талаптарымен институттың барлық директорын – С.Толыбековты, С.Бәйішевті, Р.Петуховты «әбігерге салды». Ол осы «дәстүрді» Т.Әшімбаев директор болған жылдары да жалғастырды. 13 жыл бойы директорлық жұмыс атқарғаннан бері оның үстінен үнемі арыздар түсіп жүрді. 1986 жылдың 29 сәуірінде Түймебай Әшімбайұлы Ж.-ның ҒЗЖ-на қосу әрекетіне жауап ретінде барлық инстанцияға жазылған «дауылды» арыздарын жібергені туралы горком партиясының Партиялық комиссиясына жазды. «Ж. фактілерді бұрмалайды және барлық жағдайда да дәлелсіз». Осыған ұқсас арыздар көптеген қызметкердің, соның ішінде З.-ның зейнеткерлікке шығуы туралы жарияланғаннан кейін Түймебай Әшімбайұлының атына үсті-үстіне жазыла бастады. Жасалған әскери қылмыстары сияқты айыптауларға ол жеке басқа табыну және Берияны әшкерелегеннен кейін толығымен ақталғаны туралы қайтадан түсініктеме беруіне тура келді. Жоғарғы соттың 1957 жылғы 12 сәуірдегі Қаулысымен Әскери сот үкімі қылмыстық құрамы болмағандықтан жойылды, барлық марапаты қайтарылды және қамауда болған мерзімі Кеңес армиясының қызметі ретінде есептелді. Ол сексеуіл базасында жұмыс істеуге мәжбүр болды, себебі екі жылға құқықтары шектелгеннен кейін және техникумның үздік түлегі және ЛҚЭИ-де үш жыл оқығаны туралы дипломы қолында бар болса да, жұмысқа тұра алмады. Қайта құрудың басталуын пайдаланып, З. Түймебай Әшімбайұлын оның барлық диссертациясы қаңдай да бір «сиқырлы қолдың» көмегімен жазылған деп кінәлады. Әшімбаев оған: «Мен ешкімнің қолдауынсыз өзімнің табанды еңбегіммен қол жеткіздім, ол туралы институтта барлығы біледі және осы ұжыммен менің мінездемемде бұл атап өтілген», – деп жауап береді. Түймебай Әшімбайұлы өзінің түсініктемесінде З. бір уақытта институтта жұмыс істей отырып, кандидаттық диссертацияны қорғағаннан кейін одан әрі ізденген жоқ, «ұжымда менің және оның қалай еңбек еткенін барлығы біледі» деп жазды. Міне, осындай жалған айыптауларға қымбат уақыты, психологиялық күші кетті, денсаулығын жоғалтты.
Ел үшін нарықтық қатынастарға көшу қиындық тудырды. Ғалымдар, тәжірибешілер арасында өткір пікірталастар басталды. Осы шайқастарға Түймебай Әшімбайұлы белсенді қатысты. Сонымен, 1982 жылдың 21 наурызында «Казправда» газетінде жарияланған тарих ғылымының докторы Н.Масанов пен философия ғылымының кандидаты Н.Әміреқұловтың «Тұрақты азаматтық бейбітшілікке қол жеткізу» мақаласына және «Қазақстанды қалай көркейтеміз?», «Қазақстанды дағдарыстан қалай шығару керек?», «Гиперинфляция: экономикалық апат қаупі» мақалаларына жауап ретінде олардың көмегімен осы мақалаларға толық талдау жасалды. Экономикалық реформаларға ғылымның басқа сала өкілдерінің мүдделерін ынталандыру керектігін айта отырып, Түймебай Әшімбайұлы ауылдық жерлерді жаппай жекешелендіру, «шокты терапия» сияқты әрбір айтылған ереже бойынша 9 беттік егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Түймебай Әшімбайұлы жеке меншікті жекешелендіру қажеттілігін мойындап, «барлық әлем елдерінде белгілі шектерде мемлекеттік меншік сақталады және Қазақстан осы жоспарда ерекше болмайтындығын» көрсетіп, «өндіріс құралдарына жеке иелік ету рөлін абсолютке айналдырмауға» шақырады. Авторлардың «құнсызданудың гиперинфляцияға ұласуы – күтпеген салдарға алып келуге қабілетті үлкен қауіптілік, яғни онымен күресу – экономикалық реформаның маңызды мәселелерінің бірі» дегеніне келісіп, Түймебай Әшімбайұлының пайымдауынша, «құнсыздану үдерістерін барынша тежей отырып, мемлекеттік реттеу қажет. Осы бағытта ғылыми ізденістер жүргізу кезінде өзара байланысты екі мәселені нақты ұсыну керек болды. Бірінші – бұл құнсызданудың өсуіне және оның гиперинфляцияға көшуіне ықпал ететін себептерін анықтау, екінші – гиперинфляцияны тежеу ғана емес, сонымен бірге құнсыздану деңгейін төмендетудің негізгі бағыттарын белгілеу» сияқты болды.
Осы сияқты жарияланымдарды бағалауда Түймебай Әшімбайұлы үкіметтің ресейлік реформаторларды негізсіз қайталауға, сонымен қатар үкімет шешімін дәлелсіз жоққа шығарудан абай болуға шақырды. Бағаларды ырықтандыру салдарынан гиперинфляция себептері туралы айта отырып, Түймебай Әшімбайұлы бағаны босату қажеттілігіне ешкім таласпайды, мәселені жүйелікпен шешу керектігін әділеттікпен көрсетті. Ол нарықтық қатынастардағы тепе-теңдік туралы «егер ырықтандыру жекешелендіруден кейін болса, шындыққа айналатын еді, бір жыл бұрын осы жайында мәселе қойылған болатын» деп пайымдады. Экономика мәселесін терең меңгеру Түймебай Әшімбайұлына бірқатар маңызды қорытындылар жасауға мүмкіндік берді. Ол келеңсіз оқиғалардың сыни тізбелерін шығарды – өндірістің құлдырауы, жетіспеушіліктің шиеленісуі, қарқынды саудагерлік қызмет, шексіз несие эмиссиясы, еңбек нәтижелерінен бөлек еңбекақымен демалыс. Бұл туралы мақала авторлары ұмытқан, нақты айтқанда білген жоқ еді. Түймебай Әшімбайұлы нарықтық экономика мәселесінің қиындығын көрсете отырып, «оларға атты әскер соққысы тиімсіз екені айқын» деп шамалады.
Экономика және баспасөз
Осы кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында, газет беттерінде нарыққа көшу мәселелерін еркін түсіндіретін мақалалар көптеп жариялана бастайды. Түймебай Әшімбайұлы экономикалық өзгерістердің анайылығына, нарықтық категориялардың бұрмалануына, олардың популистік пайымдауларға ауыстырылуына көне алмады. Ол «Казахстанская правда» бас республикалық газетінің орыс тіліндегі редакциясына «Өндірістің құлдырауына қарсы тұру мүмкін бе?» атты мақаласын жібереді. Ол мақалада республика өнеркәсібіндегі нақты жағдайды талдай отырып, осы зиянды құбылысты еңсеру мүмкіндігі дәлелденді. Алайда, газет редакциясының, оның экономикалық бөлімінің жариялауға ниеті де болған жоқ. Кейіннен, 1992 жылдың 14 шілдесінде депутаттардың табанды ұсыныстарынан кейін ғана, газет редакциясы бұл мақаланың мәнін қолдамайтыны туралы қосымша мәлімдемемен бірге жарияланды.
Түймебай Әшімбайұлының терең пайымдауы бойынша, өтпелі кезеңде экономикалық реформаның көптеген мәселесі бойынша, әсіресе, жетекші газеттерде даулы және бірегей емес мәселелерді көтеретін, стандартты емес көзқарас білдіретін мақалалар жариялануы тиіс газет беттерінде өткір пікірталастар жүргізіледі. Алайда, «Казправда» газетінде сол кездері мұндай мақалаларды жариялауға болмайтын еді. Мұнда «Казправда» газетінің редакторы В.Срыбных және Түймебай Әшімбайұлының пікірталасы айрықша. Түймебай Әшімбайұлы: «Мен газетте мәселенің мәнін бұрмалайтын, үстіртін мақалалардың көп жарияланатындығы туралы редакцияға бірнеше рет пікір білдірдім. Алайда, менің достық ниеттегі сындарлы ескертулерім елеусіз қалды», – деп жазды. Осы себепті, 1993 жылдың 26 сәуірінде ол «Вечерняя Алматы» газетінде «Экономика үстіртін пайымдауларға шыдамайды» атты мақаласын жариялайды. 1993 жылдың 21 мамырында Түймебай Әшімбайұлы бір уақытта «Советы Казахстана» және «Вечерняя Алматы» басылымдарында «Газеттің тәуелсіздігі және оның жауапкершілігі» атты мақаласын жариялайды және 25 мамыр күні күтпеген жерден редакцияны қорғауға қатысты газет редакторы В.М.Срыбныхтан емес, тарих ғылымының докторы Шолпан Сармурзинадан хат алады. Түймебай Әшімбайұлы «Кеңеспен келіспеу» аты тақырыппен аталған мақалаға жауабында газет тек редакцияның пікірін білдіріп қана қоймай, сонымен қатар көпшілік оқырманды шатастыратын, үстіртін жарияланымдарға жол бермей, барынша мол ойластырылған, ғылыми негізделген ұсыныстарға мән бере отырып, газет беттерінде әр түрлі ұтқыр материалдарды ұсынуы тиіс деген өзінің басты идеясына қайта оралады. Күрделі де өтпелі кезеңдегі пікірталас материалдары оның «Қазақстан экономикасы нарық жолында» атты кітабының негізін қалады. Ол жаңа кітапты жазуға ниеттенген еді, алайда өмірдің жазғаны басқаша болды.
Түймебай Әшімбайұлы өз өмірінде орын алған жайларды ескере отырып, алдымен уақытты бағалауды үйренді, оны шексіз құрметтеді, ғылыми өмірінде болған жағдайлардан сабақ алған ол өз ойының бағыт-бағдарын қадағалады, деректерді мейлінше көп іздеді, сенімді болса да олар үшін күресті, қызу пікірталастарға қатысты.
Бір қарағанда оның өмірі жайдары, гүлдей жайнап тұрғандай көрінетін, кей кездері солай болды да. Алайда, оның жанын жаралап, көңіліне кірбің түсірген сәттер де аз болған жоқ. Оның ғылымға толы өмірі ақиқат үшін, оны үздіксіз қорғау үшін күрес жолына айналды. Қазақстанның экономикалық ғылымының, экономикалық ойдың дамуына қосқан үлесі орасан зор. Ол белсенді өмір сүрді, екі рет Алматы қалалық халық депутаттары кеңесіне депутат, Алматы қалалық «Білім» қоғамының төрағасы, ҒТҚ төрағасы болып сайланды. Оның еңбектері, идеялары әлі де ұзақ жыл бойы туған еліне қызмет ететін болады.