Светлана Айтбаева: Әрбір баланың әнге, күйге, өнерге әуес болып өскені тек жақсылық әкеледі

Светлана Айтбаева: Әрбір баланың әнге, күйге, өнерге әуес болып өскені тек жақсылық әкеледі
Сурет: Ашық дереккөз

Ол барша қыз-келіншектерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

Әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева әрбір баланың өнерге әуес болып өскені тек жақсылық алып келетінін айта келе, нәзік жандыларымызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Мен 23 жылға жуық мәдениет саласында қызмет етіп келемін. Өз мамандығымды жан-дүниеңді керемет әсерге, әдемілікке бөлейтін мәдениетпен байланыстырғаныма қуанамын. Меніңше әрбір баланың әнге, күйге, өнерге әуес болып өскені тек жақсылық әкелетін сияқты. Өмірдегі ең үлкен жетістігім – мамандығым, отбасым, балаларым деп санаймын. Сондықтан әр анаға, әрбір жанға дәл осындай бақыттың еселеніп бұйыруын тілеймін!», - деді әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева.

Ол көктемнің шуақты мерекесінде қыз-келіншектерге арнаған ыстық лебізін былайша жеткізді:

«Барлық аналарды, көктемдей құлпырған қыздарды, аруларымызды ең әдемі мереке – әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Балаларыңыздың тек қана қызық-қуанышына бөленіп, еліміздің мақтан тұтар азаматтарын тәрбиелеп, солардың жетістіктеріне марқайып, жүз жасаңыздар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ол үшін әрбір ананың көңілі алаңсыз, түні тыныш, күні шуақты болсын!