Света ШАРДАРБЕКОВА, тренер-медиатор: Ерекше серпіліс тудырады

Света ШАРДАРБЕКОВА, тренер-медиатор:  Ерекше серпіліс тудырады
almaty-akshamy.kz

Қазақстан халқы Ассамблеясымен қоян-қолтық жұмыс жасап жүрген медиаторлар қауымдастығы үшін Жолдаудың маңызы зор.

Президентіміз өзінің Жолдауында көп жағдайда даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін халықпен тиімді кері байланыс орнату, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болуы қажет екендігіне назар аударды.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыттарының бірі болып саналатын қоғамдық келісімді нығайту мәселесі де Жолдаудың назарынан тыс қалмады.

Осы орайда, бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесіне айналған ұлтаралық келісімді, алуан түрлілігімен ерекшеленетін ғасырлар бойы қалыптасқан бірлігімізді ны- ғайту мәселесінің, ұлтаралық қатынас тіліне айналуға тиісті мемлекеттік тіліміздің рөлінің Жолдау негіздерінің бірі болуының мағынасы зор деп ойлаймын.

Сот шешімдерінің сапасын арттыру мәселесінде атқарылуға тиісті маңызды шараларға басымдық беріп, соттарда шешілетін дауларды шешудің балама тәсілдерін қолдануға мән беруі еліміздің медиаторлар қауымдастығының ортасында тың серпіліске, зор қолдауға ие болды деп ойлаймын. Қолданысқа енгеніне 10 жылдай уақыт болғандығына қарамастан, мемлекеттік органдардың өкілдері тарапынан тиісті көңіл бөлінбей келе жатқан осы түйінді мәселе енді шешімін табатынына күмән жоқ.

Құқық қорғау жүйесін толық реформалаумен қатар, қоғам игілігіне жұмыс жасап жүрген қайраткерлердің назарынан тыс қалмайтын отбасы және бала құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесі, жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу жайындағы басым бағыттар кез келген ата-ананың көңілінен шықты деп ойлаймын.

Жолдауда азаматтардың, әсіресе, жастардың, студенттер мен оқушылардың волонтерлік қызметке қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру жайындағы бөлігі де ел ішінде игі істер жасаумен қанағат тауып жүрген еріктілердің шабытын арттырары сөзсіз.

Сондай-ақ, Президентіміздің Үкіметке еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту мәселесін қамти отырып, жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтау туралы тапсырма беруі көңіл құптарлық.

Мемлекет басшысы Жолдауының орындалуына қатысты жүрегі елім деп соққан әр азаматқа зор сенім арта отырып, татулық пен тұрақтылықты негізге алып, айнымас қағида- мызға айналған асыл қасиеттерімізден айнымай, ортақ шаңырағымыз – Қазақстанды өркендетуге үлес қосуға шақырды және тиісті қолдау табатыны хақ. Бұл Жолдау мерейлі мекеніміз – Қазақ­ стан мемлекетін биік белестерге жетелейді деп сенемін.