Суреттегі жауынгер кім?

Суреттегі жауынгер кім?

Жүрекке жылу ұялатқан сурет

Жауынгер мен кішкентай баланың суреті интернетте әлеуметтік желі парақшаларында статустарға жиі қойылып, тез тарап кетті. Жүрекке еріксіз жылылық сыйлайтын бұл суретті қоғам жақсы қабылдады. Бейбіт жауынгердің бейнесі.

Бір қарағанда қолмен салынған сияқты сурет көрінгенмен, бұл - шынайы көрініс. Суреттегі сарбаз – Ұлттық ұланның жауынгері екен. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6698 әскери бөлімінде қызмет ететін ефрейтор Шахрух Хасанов қаңтардың 4-і күні дабыл белгісімен қызметке келгенін айтады. Олар Шымкент қалалық әкімдіктің маңына қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметіне шыққан. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

​Әйгілі сурет 7 қаңтарда түсірілген екен. Әкімдік алдындағы алаңда қызмет атқарып тұрған жауынгерге бір кішкентай балақай жүгіріп келіп, сәлем беріпті. Жауынгер де баланың қолын қайтармай, сәлемін алып, басынан сипап, әкесіне қарай жіберген. Әкесінің айтуы бойынша неше күн үйде қамалып отырған бала әбден зерігіп, далаға серуенге шыққанына қатты қуанған. Ал осы сәтті сол маңайда түсірілім жасап жүрген «OTYRAR TV» журналистері түсіріп алған.

​Ефрейтор Шахрух Хасановтың Ұлттық ұланда қызмет етіп жатқанына 10 жыл болыпты. Үйленген, екі ұлы бар. Ұлдары да әке жолын қуып, әскери боламыз дейді.