СУРЕТШІНІҢ  СЫРЛЫ  ӘЛЕМІ

Адамның жанына жылулық сыйлап, бойына парасаттылық қалыптастыратын құдірет – тек мәдениетте. Сурет өнері – сол мәдениеттің бір саласы. Оған өзіндік таным, өзіндік бояуымен келген қылқалам шеберінің бірі – Рақым Шегебаев. Ол – қазақ бейнелеу өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлға. Үлкен дарын иесінің қылқаламынан туған көркем туындылар өз елінде ғана емес, АҚШ, Канада, Португалия, Венгрия және ТМД елдерінде де жоғары баға алған. Ал оның жер-жаһанды таңқалдырған дарыны мен шалқар шабытының сыры неде?

 Табиғаттан нәр алған

 Суретші жаңа бой көтерген  бәйшешек пен қызғалдақты көру үшін жас кезінде пойызбен  жол  жүргенді жақсы көретін. Көктемгі далада жайқалған гүлдердің әсемдігіне куә болу – сөзбен айтып жеткізгісіз сезім. Дәл сол көрініс болашақ суретшіге рух беріп, қанат бітірген сияқты.

Қылқалам шебері өзінің бір сөзінде «Көктемнің сұлулығы – тек менің суреттерімде ғана емес, жүрегімде де ерекше орын алатын тақырып. Әр мезгіл өзінше көркем, ал көктем бар жақсылықтың бастамасы сияқты. Наурыз мейрамының өзі әр адамға жаңа үміт сыйлайтын жаңарудың белгісі іспетті. Жас ұрпақ кейін менің табиғатқа деген сүйіспеншілігіме тәнті болуы үшін мүмкіндігінше айналамдағы әдемі сәттерді бояумен жеткізіп түсіріп кеткім келеді», – деп ақтарылады.

Рақым Шегебаев өзі ауылда өскендіктен, кішкентай кезінен табиғатпен тілдесуге, оны зерттеуге құштар болған. Ауылдың күйбең тірлігінен мән көре білген. Бір сұхбатында: «Көктем шығысымен ауылда көшіп-қону басталатын. Көшке дайындық, жүктерді жинап-тиеу, киіз үй құрып, жаңа қонысқа орналасқан сәттер мен үшін ерекше ыстық. Әр әйел ұстаған үйінің жақсы болғанын қалап, барын салатын. Біздің әже-аналарымыз әдемі безендірілген үйдің жан сұлулығына әсер ететінін түсініп, мұқият мән берген», – дейді.

Жалпы, қазақтың көшпелі тұрмыс-тіршілігі табиғатпен тығыз байланысты ғой. Суретшінің оны  жан-тәнімен сезініп өскенін оның мына сөзінен  аңғаруға болар: «Ұйықтар алдында түндігі түрілген шаңырақтан жұлдызы жарқыраған аспанға қарап ұзақ армандайтынмын. Он сегіз мың ғаламның ғажайыбы көз алдыңда тұрғандай күй кешесің. Сол кездегі балалық қызығушылық мені табиғатты терең тануға итермелесе керек. Оған қоса, оттың жанынан айналшықтап, таба нанның, құрттың, ірімшіктің піскенін күту – естен кетпейтін тәтті шақтар».

Шегебаевтар әулетінде бұрын-соңды сурет салумен айналысқан адам болған емес. Ол бала кезден суретке әуес болып, мектептің қабырға газеттерін безендіруді жақсы көрген. Жосалы қыстағындағы балаларда қалыптасқан үрдіспен ол да Қызылордадағы педагогикалық институтқа оқуға түспек болады. Бірақ аяқасты әскерге шақырылып, Киев қаласына кетеді. Казарма жанында суретшілер училищесі болуы талапты жастың шабытын ұштай түседі. Мұражайларға, Днепрге, концерт залдарына, сәулет өнеріне деген қызығушылығы  да сонда басталды.

 

Сәнді сандықта да сыр бар

 

Өнерпаз талантының өрге жүзуі кішкентай ғана сандықтан басталған. Автордың айтуынша, ол бала кезінде әжесінің сиқырлы сандығының ашылғанын асыға күтетін әдеті болған. Суретшінің сол сандықты бейнелеген туындысы да бар.

Әжесінің қолынан шыққан әрбір дүниеге тамсанып, әдемілікті сүюді үйренеді. Ол кезде қолөнерді сурет арқылы жеткізсем деген бала Рақым елге әйгілі суретші боларын білмеген-ді.

Рақым Шегебаев – реалистік мектептің өкілі. Оның реализмге деген көзқарасын мына пікірінен аңғаруға болады: «Нағыз суретшінің қылқаламынан ең әуелі шындықты бейнелейтін реалистік дүниелер тууы қажет. Тек одан кейін ғана қиялына қалағанынша қанат сермей алады».

Отан алдындағы борышын өтеуге  аттануы оның өнер биігіне талпынуына себеп болды. Әскерде өткізген үш жылда аға лейтенант әрі живопись шебері Александр Оборский оны Украина табиғатының барлық кереметімен таныстырды. Тарихи ескерткіштер мен архитектуралық орындарды тамашалап, таңдай қақты. Ең алғаш оның талантын танып, мойындаған да осы лейтенант еді.

Живописьте ең бастысы – түстердің үйлесуі.  Барлық картина көздің жауын алардай әдемі болуы міндетті емес. Кейбір суреттер қарапайым болса да ойлануға себеп болады.  Осы тұста суретшінің ішкі жан-дүниесі мен мәдениеті ерекше  рөл ойнайды. Өзі айтқандай, әр өнердің өз рахаты бар: «Көрермен туындының алдында 15 минут көз алмай қарап тұрса, оның жүзінен баурап алғаныңды түсінесің. Дәл осы сәтте еңбегіңнің жемісті болғанын сезінесің».

Сыр бойындағы Жосалы өңірінде туып-өскен суретшінің шығармашылығы туған жерімен  тығыз байланысты. Сыр өңірінің өткен тарихы мен табиғатын бейнелейтін «Арал тағдыры», «Сырдария», «Қыз қуу», «Сыр батырлары», «Қорқыт» сияқты картиналары – ұрпақтың асыл қазынасына айналар айшықты туындылар.

 

Қобыз кеуденің күмбірі

 

Әр өнерпаздың тұлғасын ерекшелеп тұратын өзіндік бір туындысы болады. Аты аңызға айналған Қорқыт баба бейнесі – суретшінің шығармашылығынан ойып тұрып орын алатын бағдар. Бұл туралы: «Қорқыт пен әжемнің образы  – менің жадымда егіз ұғым. Әжем туралы сөз қозғасам, қазақ әйелдері жайлы айтқандай боламын. Олардың әрбірі ұрпағына қазақтың салт-дәстүрін барынша жеткізуге тырысты. Ал  Қорқыт баба – қазақ даласындағы барлық ақын-жыршылардың тұтас образы. Ол өзінің айтар ойын халыққа күй арқылы  жеткізе білді», – дейді.

Қобыз – Рақым Шегебаев шығармашылығының өзегі, өнерде де пір тұтатын киелісі, тіршілік атты тал бесігінің басында тұрған нышан. Қорқыт ата кейпінің образы ойына сіңіп қалғаны сонша, оның «Қорқыт», «Абыз», «Жырау», «Кие», «Ажалмен арпалыс», «Әулие», «Елес», «Абыз-ата», «Нышан», «Желмая», «Тәңір тұлға» сияқты туындылары бар. Осыншама тақырыптың бәрі бірге бір картинаның – Қорқыт-Қобыз композициясының  бойына тоғысқан.

Жыршы Берік Жүсіповтің суретшінің өз аузынан естіген мына әдемі оқиға желісі бекер емес: «Рақымның анасы Бибі көп жылдар бойы ұл бала сүюді аңсапты. Содан болашақ қылқалам шебері анасының құрсағына бітпес бұрын, түсіне  бір қария еніпті. Сөйтіп, баласыз жүрген анаға қобыз ұстатып, дүниеге келетін перзенттің атын өзі қойып беріпті. Тыңдап отырсаң, аңыз сияқты. Мүмкін, қас өнердің киесі мен кепиеті дегеніміз осы шығар? Тек аян арқылы келетін сол қасиетті нарқобызды ұсынған кім болса да, оның үнін қарлықтырмай, ХХI ғасыр табалдырығынан аман өтіп, өскелең ұрпағымен үндестіріп келе жатқан өнер иесінің бірі – Рақым!» дейді ол.

Жалпы, өнердің мақсаты ­– дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны, тамаша табиғат құбылыстарын  көркем етіп көрсету емес пе?! Рақым Шегебаевтың шебер суретші екенін шәкірттері де мойындаған. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, ол артынан ерген жастарды осы бір қиын да қызық өнерге баулу жолында да елеулі еңбек еткен. Біз оның қолтаңбасын  Ж.Әбілханов, Н.Бөтешов, Л.Ким сияқты ізбасарларының өнерінен көреміз. Дара дарын талантын бағалаудың өзі  –  өнерге деген құрмет.

Айым НҰРМАН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *