Суицид жайлы егжей-тегжейлі түрде айту - оны насихаттаумен тең

Суицид жайлы егжей-тегжейлі түрде айту -  оны насихаттаумен тең
Сурет: Inbusiness.kz

Жаға ұстатарлық жағдай: Өз-өзіне қол жұмсаудан Қазақстан 20-орында тұр.

Ал 10-19 жас аралығы бойынша 10-орынға тұрақтаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Бес жыл бұрын ДДСҰ өзіне-өзі қол салудың алдын алу үшін әлемдік деңгейде өз бастамасын іске қосты. Бір немесе бірнеше суицид туралы БАҚ хабарларына тікелей байланысты жүзден астам зерттеулер жүргізілген. Мамандар өзіне-өзі қол салуды кеңінен жариялау қосымша суицидтік мінез-құлық қалыптастыратынын айтуда. Өз-өзіне қол салудың қазіргідей таралуы және құрбан болғандардың туыстарынан сұхбат алу, суицидтердің егжей-тегжейлі сипатталуы оны қарапайым құбылыс ретінде қабылдауға итермелейді. Сондықтан бұл жерде БАҚ-тың, блогерлердің, пікір көшбасшыларының рөлі өте жоғары. Мұндай оқиғаларды жариялауда үлкен жауапкершілік таныту керек. Осыған байланысты қазақстандық Медиа Альянс Еуропалық Одақтың қолдауымен панельдік пікірсайыс өткізуге бастамашы болды. Бұл тақырып ЕО жұмысының негізі ретінде адам құқықтары мәселелерінің бір бөлігі болып табылады», - деп аталып өтті Қазақстан Медиа альянсы «БАҚ-тың суицидті жауапты жариялауы» атты панельдік сессиясында.

Ал 2021 жылы Қазақстанда суицидтің 3922 жағдайы тіркелген. ДДСҰ статистикасына сәйкес, Қазақстан суицид саны бойынша 20-орында тұр, ал 10-19 жас аралығы бойынша 10-орынға тұрақтаған.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі былтырдан бері бүкіл өңірде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бағдарламасын енгізе бастады. Бағдарлама 6 өңірде қарқынды іске асырылып жатыр.