Субұрқақтар қаланың сәні

Субұрқақтар Алматының ажырамас бір бөлігі іспеттес. Сондықтан қала көлемінде жыл сайын олардың саны артып, сапасы жақсарып келеді. Бүгінде ару қаланың көшелері мен саябақтарынан жарықтандырылған, түрлі қимыл жасауға қабілетті субұрқақтарды көруге болады. Олар, бір жағынан, қаланы көріктендірсе, екінші жағынан, оның экологиясын жақсартуға үлес қосады.

Мамыр айының басынан бері қала көлемінде 10 субұрқақ іске қосылды. Алғашқылардың бірі болып Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы басты және шағын субұрқақ, ҚБТУ-дың батыс жағындағы, цирк ғимаратының төңірегіндегі, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры және Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театры мен Республика алаңындағы, қалалық әкімдік ғимаратының алдындағы, сондай-ақ, ҚазҰУ қалашығына қарасты субұрқақтар іске қосылды. Ал, қалған субұрқақтар мамыр айының аяғына дейін штаттық тәртіпте қосылатын болады. Дегенмен, ауа райының күрт салқындауы субұрқақтардың жұмыс кестесіне өзгерістер енгізуде.

Жалпы, қала аумағында 125 субұрқақ бар. Олардың 49-ы қаланың коммуналды меншігіне қарайды.

Алматы қаласының әкімдігі субұрқақтарды қалпына келтіру мен оларды көркейтуді үнемі назарда ұстап келеді. Соңғы жылдары 28 субұрқақ жөндеуден өтті. Қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының  орынбасары Батырхан Бижанов қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табатынын жеткізді.

– Үстіміздегі жылы Бөгенбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы және Д.Қонаев атындағы саябақтағы субұрқақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, олардың маңайын көріктендіру жоспарланған. Мәселен, біз онда шағын сәулет формаларын орнатып, субұрқақтарды жарықтандырмақпыз, – деп, жұртшылық оларды тамашалап, аясында демалу үшін онда орындықтар мен қоқыс жәшіктері, жарықтандырғыш құралдар орнатылатынын тілге тиек етті.

25 мамыр – Алматыда «Субұрқақтар күні» ретінде 2005 жылдан бастап аталып келеді. Бұл күні қала аумағындағы барлық субұрқақтар іске қосылып, көпшіліктің көзайымына айналмақ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close