Су басқан аймақтар бақылауда

Су басқан аймақтар бақылауда
сурет:ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрі Ақтөбенің су басқан ауданына аттанды.

Қазақстан ТЖМ басшысы Юрий Ильин жағдайды бағалау, Ақтөбе облысының елді мекендеріндегі су тасқынының салдарын жою жұмысын бақылау және үйлестіру үшін Ақтөбе облысына аттанды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ТЖМ телеграм каналына сілтеме жасап.

Температураның күрт жоғарылауы және қардың қарқынды еруі салдарынан Қобда және Ойыл аудандарының елді мекендерін су басқан еді. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен алдын ала 400-ден астам адам эвакуацияланды. 

Қазіргі уақытта бұрын эвакуацияланған 140 адам үйіне оралды, 70-тен астам адам уақытша эвакуациялау пунктінде, 240-тан астам адам туыстарының үйінде.

4 000-нан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерге айдалды.

Облыстың аталған аудандарында жүргізіліп жатқан авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға, су тасқыны салдарын жоюға ТЖМ құтқару бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдар, ІІМ және облыстың басқа да мүдделі құрылымдар жеке құрамынан 900-ге жуық адам, 650 техника, соның ішінде су сору құралдары жұмылдырылды.