Студенттер саны 1 млн-ға жуықтайды

Студенттер саны 1 млн-ға жуықтайды
Сурет: Almaty.tv

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Министрдің сөзінше, мемлекетте студенттерді толықтай грантпен қамтуға мүмкіндік жоқ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Бүгін елордада өтіп жатқан «Адами капитал - Жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» форумында тілшілер министрден жоғары оқу орнына түсетін талапкерлерді толықтай мемлекеттік грантпен қамту мүмкіндігіне қатысты сұрады.

«Толықтай қамту мүмкін емес. Себебі үлкен демографиялық толқын бар. Былтырмен салыстырғанда, студенттердің контингенті 6 пайызға өсті және алдағы уақытта тағы да арта түседі. Қазіргі кезде 600 мыңнан астам студент болса, 6-7 жылда 1 млн-ға жетіп қалады. Демографияның өсуі қуантарлық жағдай», - деді С. Нұрбек.

Осы орайда министр еліміздегі барлық университеттегі студенттерді толықтай грантпен қамтуға мемлекеттің мүмкіндігі жоқ екенін айтты.

«Қазір демографиялық елеулі толқын мектепке дейінгі және орта білім саласына әсер етіп отыр. Енді бұл толқын алдағы уақытта жоғары білім саласына да өз ықпалын тигізеді. Бұл тұрғыда инфрақұрылымға, кадр, білім беру бағдарламаларына әсерін сезінеміз», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар С. Нұрбек студенттерді кеңінен қамту үшін мемлекеттік грантпен қатар, білім беру кредиттеріне де екпін қойылатынын жеткізді.

«Бұл ретте оқу кредиттерін жаңғыртамыз. Осы бағдарламаны жандандырып, басқа үлгіде бастамақпыз. Яғни шетел тәжірибесін пысықтап, зерттедік», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл оқу жылына бөлінген 88 мың гранттың көбі өз иесін тапқан. Жалпы, грант тағайындау жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталуға тиіс.

Студенттерге баға қою кезінде оның академиялық білімімен бірге әлеуметтік және зерттеу белсенділігін ескеретін пилоттық жоба қолға алынады.