«Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті

«Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті
almaty-akshamy.kz

Қазақ білімінің қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  биылғы бірінші курстықтарды «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті. Әл-Фараби ескерткіші алдындағы Жастар алаңында өткен шараға  Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бастаған  белгілі  тұлғалар, ғалымдар мен жазушылар, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.  Дәстүрлі мереке 1-курс студенттерінің шеруімен басталды.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет университетке арнайы келіп,  университетті дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Жақында Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі беріліп, Мемлекет басшысының қолдауымен  Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте ҚазҰУ филиалдары ашылды.  Сонымен қатар, биылғы жылы ҚазҰУ-да ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылып отыр. Қазіргі таңда университетте 25 мыңға жуық студент оқыса, олардың 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер. Мерекелі кеш барысында университет басшысы Ж.Түймебаев:

– Университеттегі факультеттер, кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық зертханалар мен ғылыми орталықтардың барлығы сіздердің толыққанды білім алуларыңызға қызмет етеді. Өткен жылдан бері жатақханалар мен оқу корпустары күрделі жөндеуден өтсе,  бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Ең бастысы, алдағы уақытта жаңа жатақхана салу жоспарда бар. Осы игіліктер­ді дұрыс пайдаланыңыздар. Ғылымды игеріп, білікті маман болыңыздар, – деп, жастарды уақытты тиімді пайдалануға шақырды. 

Сонымен қатар, Білім кілтін табыстау рәсімі де жаңа технологияларды пайдалана отырып жүзеге асты.  1-курс студенттері сахнадан дербес QR-кодын сканерлеп, ерекше сәтке белсене атсалысты.  «Ұлытау» этно-рок тобы,  әнші Гүлнұр Оразымбетова, танымал жастар орындаушысы MALIKA YES, «Меломен» тобымен қатар, талантты, креативті жастар да өз өнерлерін көрсетті. Бұл күні химия және химиялық технологиялар, биология және биотехнологиялар факультеттерінің студенттері университет ғалымдарының ғылыми жаңалықтарының тұсаукесерін өткізді. Бүгінгі таңда ҚазҰУ әлемдік рейтингтегі көшбасшы оқу орындарының қатарына еніп, әлемдік рейтингте 150-орынға көтерілді.