Студент, бұл – бұла күш

2

21 ақпан күнi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов тұрғындармен есептiк кездесу өткiзген болатын. Кездесудiң екiншi сағаты халықтың көкейiнде жүрген сұраққа берiлiп, әкiм қырық адамның сұрағына тiкелей жауап берген едi. Залдан қойылған сауалдардың iшiнде Алматы технологиялық университетiнiң 4-курс студентi Тахир Азатұлының да сұрағы бар болатын. Сол қалпында келтiрiп отырмыз.

«Барлығыңыз бiлетiндей, былтыр үлкен дауылдан Медеу шатқалында көптеген ағаштар құлаған едi. Алмалы ауданының арнайы және жоғары оқу орындары мен көптеген мекемелердiң қатысуымен қайыңдар мен шыршалар отырғызылған едi. Осыған орай, iнжу-маржан Медеу алқабын қалпына келтiру жұмыстарын жеделдету үшiн студенттiк отрядтарды құруға қалай қарайсыз? Бұған қоса, студенттер жұмыс iстеп, тиiстi ақысын алар едi».

«Дұрыс қараймын. Толықтай қолдаймын. Осында Жастар саясаты басқармасының бастығы отыр. Тапсырма беремiн, бiрге жұмыс iстеп, биылғы жылғы жоспарға енгiзудi сұраймын».

Әкiм қолдаған мәселенi Жастар саясаты басқармасы қалай жүзеге асырып жатқандығын бiлу мақсатымен аталған басқарманың бастығы Санжар Омарұлы БОҚАЕВПЕН хабарласқан едiк. Ол былай дедi:

– Расымен де, бұл өзектi сұрақ. Алматы қаласының әкiмi үнемi жастар мәселесiне ерекше назар аударып келедi. Қаламызда Студенттiк құрылыс жасағы жұмыс iстейдi. Олардың жұмысына 2012 жылы Жастар саясаты басқармасының бюджетiнен 5 миллион теңге бөлiнген болатын. Студенттер, бұл – бұла күш, алайда, өткен жылы Болай (Мохнатка) тауы мен Медеу шатқалындағы құлаған ағаштарды тазалау жұмысы бiзге берiлген жоқ, өйткенi, мұнда өзiндiк қатер мен қауiпсiздiк мәселесi бар. Негiзiнде, Тахир Азатұлының әкiмге қойған сауалы өте маңызды. Бiрақ, ол таза материалдық тұрғыда қойылған сауал деп айтар едiм. Бiз бұл жобаны жоғары деңгейде жасауды жоспарлап отырмыз. Яғни, құрылыс жасағының мақсаты – тек қаржы үшiн жұмыс жасау емес, студенттердi еңбекке құрметпен қарайтын рухта тәрбиелеу болмақ. Студенттiк құрылыс жасағы – патриоттық сезiм мен жоғары адамгершiлiк қасиет қалыптастыруда және студент жастарды әлеуметтiк-еңбекке бейiмдейтiн маңызды институт болуы тиiс. Осы мақсатта бiз жоба дайындап, студенттiк құрылыс жасағын дамыту үшiн Алматы қаласының бюджетiнен қосымша қаржы сұрауды жоспарлап отырмыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *