«Стелс-омикрон» республика бойынша тарала бастады

«Стелс-омикрон» республика бойынша тарала бастады
Сурет: Kaztag.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирустың «стелс-омикрон» штамына қатысты пікір білдірді.

Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін «стелс-омикрон» 12 аймақта тіркелген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Коронавирус инфекциясының бұл түрі дельта штамға қарағанда жеңіл өтеді. Бірақ оның да қаупі бар, себебі жылдам таралады. Коронавирусты екінші рет жұқтыруға әкеліп соқтырады», - деді А.Ғиният.

Министрдің айтуынша, «стелс-омикрон» республика бойынша тарала бастады. Бірақ мамандар эпидемиологиялық жағдайды бақылап келеді.

«Стелс-омикронның» симптомдары бар науқастар өздері де келеді, өзіміз де анықтаймыз. Ол адамдардың барлығы қажетті ем-домды толықтай алып жатыр. Аурудың қазіргі сипаты карантиндік шараларды қажет етпейді. Сондықтан ешқандай шектеулер жоқ», - деп атап көрсетті министр.

Осы орайда министр бетперде тағу режимін енгізудің де қажеті жоқ деді. Бірақ барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.