Спортта жоқ шекара

Спортта жоқ шекара
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен Олжас Сүлейменовтің жүлдесіне арналған волейболдан ардагерлер командалары арасында ХV Халықаралық турнир болып өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Спорттық іс-шараға ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректор, академик Тілектес Есполов, Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері: ақын, дипломат және әдебиеттанушы Олжас Сүлейменов, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, Амандық Баталов, Ғани Қасымов, т.б. көрнекті тұлғалар қатысып, турнирге қатысушыларға лебіздерін білдірді.

«Ол - әлемге танылған арқалы ақын ғана емес, халықаралық дәрежедегі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, көп жылдар бойы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілі болып қызмет атқарған ізгі жүректі азамат. Сонымен қатар, волейбол спортының шын берілген жанкүйері, өзі де талай жылдар бойы университетіміздегі турнирлерде өнер көрсетіп келеді. Университетте 2004 жылдан бастап зияткерлік, жоғары мәдениетті және көптілді тұлғаны қалыптастыруға бағытталған «Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институты» жұмыс істейді. Олжас Омарұлының өзі де аталған орталықта студенттермен жиі кездесіп, ақ батасын беріп жүр», – деді ректор Т.Есполов.

Жоғары оқу орнында білім алушылардың спорттық қырынан дамуына тұрақты түрде ерекше көңіл бөлінетінін атай кеткен жөн. Студенттер арасында да, сондай-ақ университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы арасында да салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған спорттық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Мысалы, профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлері арасында спорттың 8 түрінен «Денсаулық» спартакиадасы; университет студенттері арасында спорттың 15 түрінен дәстүрлі факультетаралық спартакиада; футболдан Т.Сегізбаевтың, волейболдан О.Сүлейменовтің жүлдесіне және О.Жарылғаповты еске алуға арналған турнирлер дәстүрлі түрде өтеді. Сондай-ақ, ЖОО-да спорттың 16 түрі бойынша спорттық секциялары бар спорттық клуб жұмыс істейді. Соның ішінде волейбол, футбол, бокс, еркін күрес, самбо, дзюдо, таэквондо, тоғызқұмалақ, шахмат, атлетикалық гимнастика секцияларының қатысушылары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуде.

– Атап айтқанда, 2021 жылдың 4-5 қарашасында Санкт-Петербург қаласында өткен ардагерлер командалары арасында «ATLETTA VOLLEY CUP» халықаралық волейбол турнирінде біздің команда 1-ші орынға ие болды! ҚазҰАЗУ командасы Мәскеуден келген «Луч» және Санкт-Петербургтен келген «Солтүстік Пальмира» сияқты ең мықты командаларды жеңді. КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.В.Кильчевскийді (Мәскеу) еске алуға арналған XXXII дәстүрлі халықаралық турнирдің және «SPB Volley Master 2021» (Санкт-Петербург) турнирінің чемпиондары атанды. ТМД елдерінің бірде-бір ардагерлер командасы мұндай жетістікке қол жеткізе алмағанын атай кеткен артық болмас, – деді Т.Есполов.

Жоғарыда аталған спорттық нәтижелер ҚазҰАЗУ тек білім мен ғылым саласында ғана емес, спортта да көшбасшы екенін тағы да дәлелдейді. Оқу орны республикадағы ардагерлер волейболының бірегей базасына айналды және бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосты.

Ардагер командалар арасындағы XV халықаралық волейбол турниріне таңдаулы деген 10 команда қатысты. Жанкүйерлеріне қызықты ойын мен шуақты көңіл күй сыйлаған волейбол мерекесінде ардагер спротшылар өздерінің бар шеберліктерін көрсетті.

Нәтижесінде төрт команда жартылай финалға шықты: «Атамекен-AGRO» (НұрСұлтан қаласы, команда капитаны Ерлан Тасыров), «Ташкент» (Өзбекстан, Каримжан Рахимкулов), «ҚазҰАЗУ» (Алматы қаласы, Тілектес Есполов), «Жетісу» (Алматы облысы, Дәулет Имандосов).

Ал финалда бақ сынасқан «АтамекенAGRO» мен «ҚазҰАЗУ» командалары арасын­ дағы додада бас жүлдені агроуниверситеттің ардагерлері қанжығасына байлады. Ал жүлделі үшінші орынға таласқан «Жетісу» мен «Таш­кент» командаларының арасында көрші елдің қонақтарының бағы жанды. Ардагерлер команда­лары арасындағы ХV Халықаралық турнирдің жеңімпаздарын ақын Олжас Сүлейменов құттықтап, жүлделерін табыстады.