Сотталған балаларға соңғы қоңырау соғылды

Сотталған балаларға соңғы қоңырау соғылды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Биыл еліміздің мектептеріндегі соңғы қоңырау Балаларды қорғау күнімен тұспа тұс келді.

Бұл қос мереке  Алматы қаласындағы балалар колониясындағы сотталған балалар үшін тіптен ерекше мереке болды.

Алматы қаласы ҚАЖД №11 мекемесінің басшылығы Балалар күні мен соңғы қоңырау мерекесінде жазалы жасөспірімдер үшін «Ашық есік күнін» ұйымдастырып, балалар сағынып жүрген ата-аналарымен, туыстарымен жүздесті.

Салтанатты мерекені мекеме бастығының міндетін атқарушы әділет майоры Д.Машимбаев ашты. Ол биыл орта мектепті бітіретін түлектерге ақ жол тілеп, оқушылардың есінде мәңгі қалатын айтулы күні балаларымен жүздесуге келген ата-аналары мен туыстарына алғысын білдірді.

Ойнақтап жүріп от басқан балалардың бүгінгі жанашыры да, ата-анасының орнындағы қамқоршылары да – мекеме қызметкерлері мен мұғалімдері.  Осыған орай балаларға жыл бойы сапалы білім берген ұстаздар да марапатталып, Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығы әділет полковнигі А.Қайырбековтың Алғыс хатына ие болды.

Соңғы қоңырау салтанатында мектеп директорының орынбасары  Людмила Алмазова оқушыларды құттықтап, олардың тезірек жазаларын өтеп, туған үйлеріне оралуларына тілектестігін білдірді. Республикадағы қылмыс жасаған балалар жазасын өтейтін жалғыз колонияда қазіргі таңда 36 бала ұсталуда. Оның ішінде 27 бала аса ауыр қылмыс, 9 бала ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған.

Балалар колониясындағы «Ашық есік күнінде» барлығы 21 ата-ана мен туысқандары келіп, сотталған балалардың қуанышын еселей түсті.