Сот отырысы: күдікті Аяжан Еділованы зорлағанын мойындамады

Сот отырысы: күдікті Аяжан Еділованы зорлағанын мойындамады
Cурет: Otyrar.kz

Жәбірленушілер қылмыс жасаған адамды өмір бойына бас бостандығынан айыру қажет деген пікірде

Алматыда Аяжан Еділованы айуандықпен өлтірді деп айыпталып отырған 28 жастағы түркістандық өзіне тағылған айыптарімен ішінара келіспей отыр. Сот процессінде айыпталушы өрімдей қызды өлтіргенін мойындаған. Бірақ зорлық көрсеткенін теріске шығарып әлек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Осы көктемде іс-түссіз жоғалып, кейін бөлшектелген денесі табылған Аяжанның оқиғасы естіген елдің жағасын ұстатқан еді. Жантүршігерлік қылмысқа қатысты екінші сот отырысы өтті. Зорлау дерегі болғандықтан процесс жабық режимде, онлайн форматта болды.

3 желтоқсан күні бес куәгерден жауап алынды. Олар марқұмның екі туысы мен таныстары. Жәбірленуші тараптың заңды өкілінің айтуынша, айыпталушы кінәсін толық мойындамаған.  

«Сотталушы Төребеков өзінің адам өлтіргені туралы кінәсін мойындап, адам зорланғаны туралы кінәсін мойындамай отыр. Біздің жәбірленуші тараптан өлтіруден бөлек, зорланған мәселесін дәлелдеу мәселесі тұр. Осы барысында енді жұмыс істей бастаймыз», – деді жәбірленуші тараптың заңды өкілі Қадыржан Ғалымжанұлы.

Жәбірленушілер қылмыс жасаған адамды өмір бойына бас бостандығынан айыру қажет деген пікірде. Оның айыбын дәлелдеу үшін барлық дәйектерді ұсынамыз дейді.

Айта кетсек, атышулы іс 30 томнан тұрады. Процесті судья Еркін Майшынов қарауда.

Естеріңізге салсақ, қанды қылмыс биыл наурыз айында болды. Жұмыстан шығып, із-түзсіз жоғалған Аяжанның бөлшектелген денесі Алматыдағы Нұркент ықшамауданындағы пәтерден табылған еді.