Соңғы үш жылда 122 мыңға жуық автокөлік Қазақстанға уақытша кіргізілген

Соңғы үш жылда 122 мыңға жуық автокөлік Қазақстанға уақытша кіргізілген
Сурет: Egemen.kz

Кедендік бақылау

2019 жылдан 2022 жылдың шілдесіне дейін, үш жыл уақыт ішінде Қазақстанға үшінші елдерден 121 829 автокөлік уақытша әкелінген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Еуразия экономикалық одағының кеден аумағына үшінші елдерден уақытша әкелінген көлік құралдары - шетелдік тауар саналады және кедендік бақылауда болады.
Бұл жерде үшінші елдер дегеніміз - ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттер.
Кедендік тазартудан соң және сәйкесінше тиесілі кедендік алым-салықтарды төлеген соң ғана уақытша әкелінген көлікті сатып алуға және Қазақстан аумағында пайдалануға болады.
Уақытша әкелу мерзімі – 1 жыл.
Кедендік тазарту тәртібі туралы ақпаратты тұрғылықты жерінде мемлекеттік кірістер органдарынан білуге болады.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында 1 қыркүйекке дейін елге кіргізілген автокөліктерге қатысты мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы Қазақстанға заңсыз кіргізілген көліктерді тіркеу үшін біржолғы шешім жасауды ұсынды.

«Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет», - деді Мемлекет басшысы.