Соңғы төрт жылда жер қойнауын пайдалануға 7 трлн теңге инвестиция тартылған

Соңғы төрт жылда жер қойнауын пайдалануға 7 трлн теңге инвестиция тартылған
Сурет: Volpromex.ru

1700-ден астам лицензия берілді.

2021 жылы Қазақстанда жер қойнауын пайдалануға 1700-ден астам лицензия берілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Минералдық-шикізат базасын толықтыру, геологиялық зерделеуді арттыру, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету және жаңа өндіріс орындарын құру мақсатында жер қойнауын пайдалану құқығын береміз. Пандемияға қарамастан 2021 жылы 1700-ден астам лицензия берілді және 800-ге жуық отандық юниорлық компания құрылды. 2018 жылдан бастап жер қойнауын пайдалану саласына шамамен 7 трлн теңге инвестиция тартылды», - деді Қайырбек Өскенбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жер қойнауын пайдалану саласына Rio Tinto, Fortescue, Silver Bullet сияқты әлемдік нарықтағы ірі компаниялар тартылды.

«Жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында отандық бизнес өкілдері ERG, Kazakhmys, KazMinerals, Полиметалл, Полюс кен орындарын барлау жұмыстары бойынша міндеттеме алды. Жыл сайын 38,6 млн тонна темір рудасы, 1,4 млн тонна алюминий тотығы өндіріледі, сондай-ақ 2,7 млн тонна мыс концентраты мен 193 мың тонна қорғасын концентраты шығарылады», - деді Қ. Өскенбаев.