Соғыс ардагері Леонид Гирш туралы деректі фильм жарыққа шығады

Соғыс ардагері Леонид Гирш туралы деректі фильм жарыққа шығады
Сурет: Inform.kz

Соғыс ардагері Леонид Гирш туралы естеліктер айтылды

Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ақын, жазушы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болған марқұм Леонид Гирш туралы деректі фильм жарыққа шықпақ. Бұл туралы Алматыдағы «Достық үйінде» өткен «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты мерекелік жиында айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Жиын барысында майдангердің қызы Светлана Гирш әкесі жайында естелігімен бөлісті.

«Әкемнің өмірінің маңызды бөлігі - соғыс пен Қазақстан деп айтар едім. Себебі, ол соғыстың басынан бастап, соңына дейін жүріп өтті. Соғыстан кейінгі өмірінің көп бөлігін Қазақстанда сүрді. Мен оны Қазақстанға көп нәрсе берді деп айтар едім. Себебі, ол өзінен кейін жақсы шығармалар қалдырды. Ол соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы деректер жинады, соларды басып, жеке кітап етіп жарыққа шығаруды армандады. Мен оны үлкен еңбек деп бағалаймын. Соңғы жылдары естелік кітаптар жазумен айналысты, ардагерлермен кездесіп жүрді. Әкемді еске алып, құрмет көрсетіп жатқандарыңызға рахмет», - деді Светлана Гирш.

«Филия» грек этномәдени бірлестігінің төрағасы Георгий Иорданинди Леонид Гирш секілді адаммен таныс болғанын мақтан тұтатытын айтты.

«Ол көпжақты адам болды. Оның бай өмірбаяны туралы әлі көптеген ғалымдар мен жастар жазатын болады. Өзімнің достарым секілді мен оның шәкіртімін деп есептеймін», - деді ол.

Жиын барысында Леонид Гиршқа арналған деректі фильмнің қысқа үзінділері көрсетілді. Георгий Иорданинди өз сөзінде деректі фильмнің әлі толық аяқталмағанын атап өтті.

«Бұл іске қаржылай демеушілік керек болып тұр. Сондықтан, бұл игі іске ат салысам, қолдау жасаймын деген азаматтар болса, оларға мархабат дейміз», - деді ол.

Сондай-ақ, Алматыда «100-ші жеке атқыштар бригадасы» туралы кітаптың тұсауы кесілген болатын.