SMS арқылы әскерге бару мерзімін кейінге жылжыта алады

SMS арқылы әскерге бару мерзімін кейінге жылжыта алады
Сурет: ашық дереккөз

Колледж студенттері SMS-хабарлама арқылы әскери борышын өтеу мерзімін кейінге жылжыта алады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Оқу-ағарту министрлігі мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау нәтижесінде 2023 жылдың наурыз айынан бастап колледж студенттеріне проактивті форматта SMS жолданады», - деп жазды Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаменті.

Бүгінгі таңда Қазақстан колледждерінде әскерге шақыру жасындағы 118 мыңға жуық студент білім алады.

«Күндізгі оқу нысанындағы колледж студенттеріне әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру оқу аяқталғанға дейін беріледі. Ол Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық жалпы білім беру деректер базасынан расталады және соның негізінде SMS арқылы кейінге қалдыру немесе әскерден босату рұқсаты беріледі», – дейді Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаментінің директоры Азат Тиштыбаев.