Скифтер өмірінен мағлұмат беретін ескерткіштер зерттелді

Скифтер өмірінен мағлұмат беретін ескерткіштер зерттелді
Сурет: Qazaqtv.com

Өзбекстанның Сармишсай мемлекеттік музей-қорығындағы шатқалдарда 10 мыңға жуық петроглиф бар

«Қазақстандағы Тамғалы тас петроглифтері мен Өзбекстандағы Сармишсай қорығындағы тасқа қашалған жазбалар арасында ұқсастық бар», – дейді ғалымдар. Тамғалыда күн текті адамның бейнесі көп кездессе, Сармишсай петроглифтерінде бұғы мен жабайы өгіздің суреттері көп басылған, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

«Бұл тастарға салынған бұқаларды жергілікті жерде кезіктірмейсіз. Тіпті ұқсайтындары да жоқ. Енді «Бұл бұқалар қайда кетіп қалды?» деген сауал туындайды. Бұған қатысты ғалымдардың бірнеше пікірі бар. Алғашқысы – экологияның күрт өзгеруі. Бұқалар жейтін азық таба алмай, қырылып қалуы мүмкін. Ал екінші пікір – бұл тұяқтылар Моңғолияға кетіп қалған. Қазір сол елде шынымен де ерекше тұқымды бұқаларды көруге болады», - дейді Сармишсай мемлекеттік музей-қорығының директоры Рамазон Эгамов.

Өзбекстанның Науаи облысында орналасқан Сармишсай мемлекеттік музей-қорығындағы шатқалдарда 10 мыңға жуық петроглиф бар. Көбі қола дәуіріне тиесілі болғанымен, палеолиттен бастап сақ кезеңінде салынған суреттер де көптеп кездеседі.

«Бұл шатқалдарды Норвегия, Қазақстан, Ресей елдерінің ғалымдары бірнеше мәрте келіп зерттеген. Тастағы петроглифтерден түрлі кезеңде өмір сүрген адамдардың мәдениетін көруге болады. Мәселен, билеп жатқан екі адамның суреттері бар. Яғни сол кезде тайпалардың өз музыкасы болғандығын, мәдениеттің дамығандығын аңғартады», - Сармишсай мемлекеттік музей-қорығының директоры Рамазон Эгамов.

Скифтердің дүниетанымынан мол мағлұмат беретін ескерткіштің ашылмаған құпиясы әлі көп. Бүгінде ол мемлекет қорғауына алынған.