Сыртта жүрген отандасымыз Лондонда қазақ тілін үйретіп жүр

Сыртта жүрген отандасымыз Лондонда қазақ тілін үйретіп жүр
Сурет:Facebook желісінен

Балалары қазақ тілін ұмытпасын деп Лондонда қазақ тілі сыныбын ашқан ана

Таяуда Лондонда отандасымыз Әсел Молдағалиева қазақ тілі сыныбын ашты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Almaty.tv сайтының ақпаратына сүйенсек, балалары ана тілінде ағылшынша акцентпен сөйлей бас­тағанын байқаған Әсел дереу қазақ тілі сы­ныбын ашуды ұйғарған. 

Әселдің мамандығы - есепші. Дегенмен, мұғалімнің жұмысын бір кісідей біледі. Өйткені жаңа ортаға түскен кезде төрт баласының оқу үлгерімін жоғарылату үшін қолынан келгеннің барлығын жасаған. Уақыт өте келе, балаларының қазақ тілінде ағылшын акцентімен сөйлейтінін байқаған ана осының алдын алуды жөн санайды. Кейіннен балалары толығымен қазақша сөйлеудің орнына арасына үш-төрт тілді қосып сөйлейтінді шығарған.

Әселдің айтуынша, мұны түсінуге болады, себебі жаңа тіл үйреніп жүрген баланың сөз арасында сол тілдегі сөздерді автоматты түрде айтып қалатыны белгілі. Қазір балаларының бірі неміс, бірі француз тілін оқып жүр екен. Көп тіл білсін десек те, қазақ тілін ұмытпасын, акцентпен сөйлемесін деген мақсатпен Әсел қазақ тілі сыныбын ашуды қолға алыпты.

 «Жалпы, мамыр айында осындай идея туындаған соң, ең алдымен сабақ өткізетін орын іздей бастадым. Ол орын жай ғана кабинет немесе шағын кафе болмауы тиіс екенін әу бастан түсіндім. Себебі балалар ондай жерлерде оқи алмайды, олар мектептің атмосферасын сезінуі керек. Мектеп атмосферасын сезіне алған бала үшін оқуда көп қиындық болмайды. Сондықтан бірден мектеп іздестірдім. Осында орналасқан A* Russian School мемлекеттік мектебінің директорымен кездесіп, өз идеямды ортаға салып, ұсыныс білдірдім. Ол кісі бірден қолдап, сенбі және жексенбі күндері мектеп кабинеттерін жалға беретін болып келісті. Сөйтіп, қыркүйек айының ортасынан бастап, сабақ жүргізуді бастап кеттік», - дейді Әсел Молдағалиева.

Қазір он жеті бала оқиды, олар үш топқа бөлініп оқып жатыр. Сабаққа қажетті оқулықтарды Қазақстаннан алдыртқан. Бүгінде Лондондағы балалардың қазақ тілін білу деңгейлері әртүрлі. Олардың белсенділігін арттыру үшін Әселдің тіл үйрету мектебі жұмыс істеп жатқан көрінеді