Сирек кездесетін ауруға шалдыққан бүлдіршінге 38 млн теңгенің дәрісі салынды

Сирек кездесетін ауруға шалдыққан бүлдіршінге 38 млн теңгенің дәрісі салынды
Сурет: Ашық дереккөз

СМА - жұлын бұлшық еттерінің атрофиясы

Алғаш рет Маңғыстау облысы көпбейінді балалар ауруханасында СМA ауруына шалдыққан бүлдіршінге құны 38 млн тұратын «Спинраза» атты препарат салынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Балалар ауруханасы директоры Гүлжан Ермекбаеваның айтуынша, емдік препарат құны республикалық бюджеттен қаржыландырылған.

СМА - жұлын бұлшық еттерінің атрофиясы. Бұл - жұлын бұлшық етінің қимыл-қозғалысқа жауап беретін бөлігінің әлсіздігінен туындайтын сирек кездесетін туабітті ауру түрі.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті «Неврология және психатрия» кафедрасының бөлім меңгерушісі, доцент Д.Н Аяғанов, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Мария Алдабергенова және аталған аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Мереке Нұрдәулетұлы жалпы анестезия бойынша инпратекальді түрде бүлдіршіннің жұлын-миына «Спинраза» атты гендік препаратты екті.

Дәрігерлер медициналық көрсеткіш бойынша науқастың қимыл-қозғалыс деңгейі жақсы деп бағалады. Ем-шара асқынусыз өткен.

Жалпы, аталған препаратты науқасқа 4 мәрте салу қажет.

Енді 3 қаңтар, 20 қаңтар және ақпан аяғының соңында салынады.

Препаратты салмастан бұрын дәрігерлер науқастың жағдайын қадағалап, толық тексеруден өткізеді.

Сондай-ақ, «Спинраза» ампуласынан бөлек, СМА ауруына шалдыққан балаларға таблетка түріндегі «Рисдиплам» атты дәрі де тағайындалып отыр.

Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау облысында жұлын бұлшық ет атрофиясы генетикалық ауруына шалдыққан 4 бала бар.

Олар әрдайым ата-ананың және дәрігерлердің бақылауында.