Сырдария сарқылып барады

Сырдария сарқылып барады
Gov.kz

Қызылорда облысындағы экологиялық жағдай Арал-Сырдария бассейнінің сулылығына тікелей байланысты.

Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су аздығы циклы жалғасуда деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Сырдария өзенінің сулылығы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағдайына байланысты және көбінесе «Тоқтоғұл» су қоймасында (Қырғызстан) судың жиналуымен айқындалады. Биыл Тоқтоғұл су қоймасында судың жинақталу көлемі 2019 жылға қарағанда 5 млрд.м3 кем, вегетациялық кезеңнің басында Тоқтоғұл су қоймасында шамамен 15 млрд.м3 су жинақталған норма болып саналады. Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша су қоймасында 8,7 млрд.м3 ғана болды, бұл 2020 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 2,9 млрд. - қа аз.

Нарын-Сырдария су қоймалары құламасы жұмысының энергетикалық режимге ауысуына байланысты Шардара су қоймасына ағын вегетациялық кезеңде азаяды және вегетация аралық кезеңде ұлғаяды. Осыған байланысты Шардара су қоймасын су тастау және толтыру режимі Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан су қоймаларының жұмыс режиміне және көрші елдердегі су шаруашылығы жағдайына байланысты. Бүгінгі таңда Шардара су қоймасы толтыру режимінде жұмыс істейді. Су қоймасынан суды ағызу 50 м3/сек ағынмен жүзеге асырылады, келген судың көлемі 140 м3/сек құрайды.

Шардара су қоймасынан су ағызу ағындылықтың ұлғаюына қарай көбейетін болады.

Сонымен бірге Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде вегетация кезеңі биыл қазанның соңына дейін жалғасады. Сондықтан Шардара су қоймасына судың түсуі және Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі   биылғы жылғы қарашада Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті 81-ші отырысында қаралатынын хабарлаймыз.