Шүрегейлер қазақ киносын өрге сүйрей ме?..

Шүрегейлер қазақ киносын өрге сүйрей ме?..
Сурет turkystan.kz алынды

Қазақ киносы талай-талай қиын кезеңдерді бастан кешірген.. Алайда дәл осы кезең тым азапты,тым ауыр шақ..

 

Монтаж - фильмге жан бітетін кезең

"Қара қыз" жобасының түсіру кезеңі біткелі де біршама уақыт өтті. Жалпы, кино үш рет өмірге келеді: сценарий жазылғанда, түсірілім болғанда, сосын монтажда. Режиссер үшін нағыз тыныш кезең - соңғысы. Мен де сол монтаждың " ләззатына" шомылып жүрген кезім. Монтаждан соң "укладка" яғни фильмнің диалогын қайта жазу, оған философиялық рең беру (мен үшін) және экрандағы сөз мәдениетін сақтау. Қазіргі жас режиссерлерге қарағанда мен кешегі Сұлтан Қожықов пен Абдолла Қарсақбаевты, Майра Абусеитова мен Нұрғиса Тілендиевті, Шәріп Бейсенбиев пен Қанымбек Қасымбековті, Қалтай Мұхамеджанов пен Асқар Сүлейменовті көріп қалған режиссермін ғой. Бұл кісілер экрандағы сөз бен саздың, мақам мен мақал-мәтелдің қасиетін түсінетін тұлғалар- тын. Сондықтан мен үшін экрандағы диалог тек сөйлеу үшін емес ертеңге қалар сөз кұдіретінің шүйгінін көрсетуде. Бүгінде "Қазақфильм" басшысыз. Бұрынғысы (Ахан Сатаев) өз ұстазы Сәкен Нарымбетовтің кабинетін тартып алып қаңғыртқан-ды. Әлия қыздың арқасында Мемлекеттік сыйлықты алған сол мырзаны әруақ атқан болар, зым-зия болды. Орынбасарлары ма, жоқ әлде атқарушы директор ма, біреулер бар, әйтеуір. Бірақ ол қандай маман, ешкімге белгісіз. Білетініміз басқа саладан. Ол мырзамыз кино саласын меңгеріп біткенше, тағы бір ұрпақ ауысары хақ. Яғни киноиндустрия саласының күйі кеткен заман боп тұр.

Күнде "Қазақфильмге" барып келіп тұрамын. Қаңырап тұрған қайран мекен... Тіпті қақпадан кіргенде, халіңді сұрамаса да, амандасар адам жоқ. Әріптестерді көрмейсің. Кіре беріс аллеяда да ала көздік сақталған ба деп ойлайсың... Бар өмірін қазақ киносына арнаған Қасым Жәкібаевке естелік тақта да бұйырмапты.

 

Кім ұтты? Кім ұтылды?

Баяғыдағы араның ұясындай гуілдеп жататын Кино үйі де жоқ. Дәлірек айтсақ, "пысықай басшылар" оны да жекеменшікке сатып жіберген сияқты. Қысқасы, киногерлердің бас қосып әңгімелесетін, тоқайласып тост көтеретін жері де қалмапты. "Қазақфильм" мен Кино үйі - тек қана премьера өтетін жер ғана емес, бұл әріптестермен әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесетін, болашақ киноның жобасын дос-жолдаспен бөлісіп-талқылайтын орын. Қала берді, үйінде үйкүшік болудан қашып келіп, әріптесіңмен қауышар мекен. Тіпті соңғы сапарға шығарып салатын сарай.

Ия.. өкінішке қарай, киногерлер одан ада. Кезінде Шәкен Айманов бас болып, Димаш Ахметұлы Қонаевқа айтып жүріп салдырған сарай бүгінде қайдағы біреулердің жын ойнағына айналыпты. Ал осыны жоғарғы жаққа жеткізіп, ақ пен қараның орны ауысып кеткенін айтатын адам да қалмады. Өте өкінішті.. Қазіргі таңда киногерлердің тоқайласатын жалғыз мекені - Жүргенов атындағы Өнер Академиясы (ондағы кино факультеті ғана)

Осыдан ширек ғасыр бұрын Алматы театр және көркемсурет институты болған жоғарғы оқу орны "Қазақ мемлекеттік театр жане кино институты" боп қайта құрылғанда, осы факультеттің ашылуына мұрындық болып едім. Бұрын елімізде дайындамайтын кино саласындағы 12 мамандықтың бүгінгі күнде барына өзіме риза боламын. Оны жүзеге асыру, әрине, оңай болған жоқ. Себебі қай мамандық болмасын, оған сертификат алу керек қой, жаңа мамандыққа қатысты бұдан басқа да кедергілер көп еді. Білім министрлігі айтқанға көнетін көрші емес. Содан көз көрген Москваға барып, ВГИК-тің есігін тоздырып жүріп, керек құжаттарын түгел жинап, Білім министрлігіне бергенім есімде ..

Айтпақшы өткен жылдың соңғы айында "Евразия кинофестивалі" 16-шы рет өтті. Қуаныш пен өкінішке толы кино тойында көңілім аш боп қайтты. Тоқ болатыны - алыс-жақын елдердің жаңа туындысын тамашаласақ, аш болатыны - өз әріптестерімнің бойкот жариялап келмей қалғаны. Иә, уақыт өтті, кетті. Енді үзеңгілес әріптестердің келмегенінен кім ұтты? Кім ұтылды? Айтпаса да түсінікті.

 

Киногерлер бүгінде ашулы..

Іштерінде қара қазандай өкпе-наз, қала берді ашу-ыза бар.. Себебі бүгінде өнер ордаларындағы кәсіби мамандар мен шығармашылық тұлғалар далада қалған. Ең негізгісі - қазір кино түсіру қиямет-қайым. Режиссерлар алдымен сценарийді продюсер орталығына өткізеді. Ондағы сарапшыларды Мәдениет министрлігі бекітеді. Міне, бұл - нағыз азап. Алдымен сарапшылардың сапасы, олардың біліктілігі мен білімділігі киногерлердің ортасындағы одағай мәселеге нүкте қоятын уақыт болды.

Былтырғы бір жағдай әлі есімде. Сарапшыларға бас-көз боп отыратын төраға болуы керек. Осындай үрдіспен төрағалыққа Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, театр жане кино актері, режиссер Досхан Жолжақсыновты орталық ұсынған көрінеді. Алайда сол сараптаманың ішіндегі бәз-біреулер оған күмәнмен қарап, мұрнын шүйіріп "бізге жастар керек" деп кергіген дейді. Себебі Досхан ұлтжанды. "Қазақша түсіре алмасаң, қалай қазақ режиссері боласың" деп айтып жіберетін азулы азамат. Ал әлгі байғұстың өнерде не бітіргенін сайтан білсін... Ештеңе түсірмеген, ештеңе тындырмаған бейшара. Осындай шүрегейлер қазақ киносын өрге сүйрей ме, болмаса көрге сүйрей ме?! Ол жағы Аллаға аян...

Киноның сараптау кезін яғни пичингті күзде өткізген жөн. Тіпті болмаса қаңтардан қалдырмаған дұрыс, және сметаның 30 пайыз емес, түсіру кезеңіне 50 пайызын беру керек. Мысалы, 2022 жылғы пичингтің қаржыландыруы тамыздың аяғында, қыркүйектің басында ғана түсті. Біз сол азғантай уақытта Солтүстік Қазақстанда 20 күндей, Алматы облысында 20 тәулік, Маңғыстауда бір жетідей жүрдік. Яғни, экрандағы көрініс тек күз айы боп шықты. Онда да қаржы бітіп қалған соң продюсер Тасболат Мерекенов таныстарынан қарызға алды. Қарызды қойшы, қайтарыла жатар, ал экрандағы көріністі қайда қоясың? Көркем фильмнің көркемділігі сонда қайда қалады? Міне, гәп қайда жатыр.. Бұл сұрақтарды тек министр емес, көпшілік боп, қоғам болып қарастырған жөн. Иә, ағайын..

Бұл шатпағымды біреу оқыр, ал біреу оқымас. Осы уәжге құлақ асатын бұлақ басындағы жандарға кім жеткізер екен деп ойлаймын. Ары қарай кеттік.

 

Бүгінде экранды тек арзанқол комедия жаулап алған

Жоғарыда айтып кеткен продюсерлік орталықтан соң бар шешімді Мәдениет министрлігі қабылдайды. Бір қызығы, 2019 жылғы Парламент 3 қаңтарда қабылдаған заңға 2022 жылдың 11 қазанында өзгертулер енгізілген болатын. Ол заңда киногерлерді қатардағы фирмалармен бірге өткізіп жіберген. Бұл сол кездегі Мәдениет министрлігі Ақтоты Райымқұлованың тікелей білімсіздігі, ертеңін ойламаған ертегісі, болмаса киногерлерге деген өшпенділігі ме дейсің... "Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар, өзгенікі дегенде анау-мынау ісім бар". Иә.. Өйткені киногерлер Президентке Ақтотының үстінен хат түсірген-ді. Өтірік сөз емес, шыңғырған шындықты айтып, Президенттен араша сұрады. Алайда мұны Ақтоты ұмытпаған көрінеді. Яғни кино әлемін өзге саладан аршып алудың орнына, құлата салды. Бүгінде осы заңның арқасында тендер деген бәле киноның түбіне жетуге шақ қалды. Мысалы, өндіріске кету үшін сценарийің супер-пупер болса да сметаның 3 пайызын шығармашылық топ банкіге салу керек. Апырмай- ау.. кино коммерциялық мекеме емес қой... Оны біз қайдан аламыз? Қай банк түсірілмеген киноға кепіл болады? Бұл нонсенс... Жаңа оқу бітірген жас режиссерлерді тірідей бауыздау ғой ... Мысалы, біздің түсіру тобымыз осы 3 пайызды табу үшін, яғни 12 миллионды банкіге салу үшін, тентіреп кеттік.. Әркімнен ақша сұрап, арымызды сатып, алақұйын болдық..

Ал, түсіру өз алдына бір азап болса, әр кезең-кезең сайын есеп беру керек. Оны алдымен "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" тексереді, ары қарай министрлік тексереді. Кино түсіріп жатып қаншама түсіру тобы тоқтап қалды. Немесе көктемге шегерілді. Бұл дегеніңіз - кино үшін бір өліп, бір тірілу. Қысқасы, осы бюрократтық шлагбаумдар көп ұзамай қазақ киносының түбіне жетуге аз қалды.

Ия.. қазақ киносы талай-талай қиын кезеңдерді бастан кешірген.. Алайда дәл осы кезең тым азапты, тым ауыр шақ... Бүгінде экранды тек арзанқол комедия жаулап алған. Ыржаң-тыржаң актерлар. Таяз көрініс, тақыр сюжет, қытықтап күлдіру.. Қазақ киносының атын жамылған пысықай шоумендер енді ақша табуды осылай қолға алған. Абайды жақсы оқыған, тоқыған, үйренген.. "Есек к... тін жусаң да, мал табуды" меңгерген мамандар... Өздері дән риза.. Көрермен де мәз-мейрам. Тек біздер ғана жабырқаулы күйдеміз.. Ұрпағымыздың осындай " рухани " дүниені азық еткеніне кабырғам қайысады... Бірақ оны кімге айтарсың..

Жартасқа бардым...

Күнде айғай салдым...

Одан да шықты жаңғырық...

Тағы шықты жаңғырық...

Халқым жүр-ау қаңғырып...

дейсің де қоясың. Осы тұрғыда Мәдениет министрлігі мен "Қазақфильмдегі" мамандар бірігіп өткен кеткен заңдағы қателіктерді жөндегені нұр үстіне нұр болары хақ. Егер де біз ертеңгі ұрпағымыз - болашақ қазақстандық жастарымызды, отансүйгіш патриот, ақылды, сезімтал, білімді етіп тәрбиелейміз десек, ең алдымен руханиятқа көңіл бөліну керек. Бұл дегеніміз - ең алдымен Әдебиет, Мәдениет және Ғылым..

 

Бұны жанайқай деп ұқсаңыз да болады

 Өткен 30 жылда "алдымен - экономика, сосын - саясат" деп былжырағандардың қасында болдық. Оларға руханият керек емес еді. Мәдениеттен, өнерден, әдебиеттен жұрдай тобырдың ойында тек баю болды. Коррупция дегеніңіздің өзі - арсыздық, ашкөздік, ұятсыздық, тойымсыздық. Біз 30 жылда осыған куә болдық. Ал, баланы жастан баулу керек десеңіз, ол тікелей киноға, яғни анимация мен балаларға арналған фильмдерге байланысты. Баяғыда біреу "қарынымның ашқанына жыламаймын, қадірімнің қашқанына жылаймын" демекші, қазір бізде дәл осы жағдай. Хал сұрасаң, кез келген режиссер жылап қоя береді. Қазір біз Жаңа Қазақстанға, ертеңге асыл арман, үкілі үмітімізді арнап отырмыз. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары әлемде үлкен экономикалық күйзеліс, дағдарыс болды. Әсіресе, Америкада. Дәл осындай қиын кезде Американың еңсесін көтеруге кино келді. Иә, кино қолын созды. Қадірлі идеологтар! Қазақ елінің ертеңін ойлайтын орда бұзар бауырлар.. Бір сәтке тоқтап, ойланып көріңіздерші. Бізге ең алдымен Отанымыздың Тәуелсіздігі, халқымыздың ауызбіршілігі, эконимикамыздың өрлеуі, жастарымыздың білімді, мәдениетті, тәрбиелі болғаны керек десеңіз, осыған назар аударыңыздар! "Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман" демекші, осы проблемаларды көзі ашық азаматтар біліп жүрсе деген ой. "Ауруын жасырғанды өлім әшкере қылар" дегендей, жаңа келген министр осы қордаланған мәселеге көңіл аударса дейміз... Кешегі Мәдениет министрлігінде өткен отырысқа Одақтың төрағасы болмаса киноның ішкі проблемаларын білетін адамның қатыспауы да көңілге күдік қалдырғаны бар. Бұны жанайқай деп ұқсаңыз да болады. Қазақ киносы - халықтың мұрасы.. Ал, мұраға мұқият болар кез туды деп ойлаймын.. Егер мемлекет қазір ұлттық киноға қолын созса, кино да Елге, Мемлекетке, Ұлтқа қызмет етеді деп ойлаймын. Бұл хақ...