ШЫНДЫҚҚА СЫЗАТ ТҮСПЕЙДІ

немесе 28  панфиловшылар  туралы өсек  пен ақиқат

28-%d0%bf%d0%b0%d0%bd%d1%84%d0%b8%d0%bb%d0%be%d0%b2

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Cоғыс ардагерлерінің қатары азайып барады. Біз сол жандардың және тыл еңбеккерлерінің алдында әлі де қарыздармыз. Себебі, ел үшін жа­нын  берген қарттары­мыздың алдын­дағы пер­зенттік қары­зымыз бен пары­зымызды біз ешқашан санамыздан шы­ғармасақ қана  мақса­тымызға  жетеміз.

Елінің еркіндігі, жерінің азаттығы жолында жасалған ерлік өмірге өнеге, ұрпаққа ұлағат  екені  айқын.  Ал адам­зат­ты фашистік езгінің қыл бұғауынан құтқар­ған Ұлы Отан соғысы ардагер­лерінің өшпес ерлігі мәңгілік тағзымға лайық.

Қазақстандықтар өз өмірін бостан­дық пен тәуелсіздік үшін қиған қаһар­ман­дардың барлығының ерлігін жадын­да сақтап келеді. Аталар мен әкелердің жауын­герлік наградалары қазақстандық отбасылар үшін баға жетпес құндылық. Біздің күнтізбе­мізде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні мере­кесінің қатар келуінің  өзіндік сим­волдық мәні бар.

«Бұл біздің халқымыздың барлық буынының даңқты жауынгерлік дәс­түрі сабақтастығын көрсетеді», – деген  болатын Қазақстан Президенті. Екінші дүниежү­зілік соғыста 70 миллионға жуық адам қаза тапты, кешегі Кеңес одағы құра­мындағы халықтар 27 мил­лион боздағынан айырылды. Неміс фашистеріне қарсы 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыстағы   Ұлы Жеңіске 72 жыл толып отыр.

Соғыстың  болғаны  – ақиқат. Ал оның  шындығын  бұрмалау – қиянат. Біз сол  қия­натқа  қарсы  тағы  бір  ақи­қатты  ұсы­нуды жөн  көрдік.  Себебі,  ақиқат  шын  айтыста   туады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде не­міс танкілеріне қарсы кеудесін оққа тосып, Мәскеуді қорғаған 28 панфилов­шылардың ерлігі жайлы  талай  ай­тылды. Бірақ, бір  тоқтам  жоқ.  Өткен­де 28 панфи­ловшы­лар­дың  ерлігін  жур­налистер ойдан шы­ғар­ған деген  пікір  қылаң  беріп  қалды. Мұн­дай құжатты  өткен  жылы 7 шілде күні Ре­сейдің Мемлекеттік мұрағаты жария­лады.

28 панфиловшылардың ерлігінің аңыз екенін 1947 жылы КСРО әскери прокура­турасы дәлелдепті. 1948 жылы мамыр айында әзірленген баяндамада КСРО-ның әскери прокуратурасы бұл оқиғаның шындыққа жанаспайтынын, оны «Красная звезда» газетінің қыз­меткерлері ойдан шығарып алған деген мәлімет   таратылған.

Волоколамск   қаласының  Дубо­секово  разъезі,  Нелидова  селосында  болғаны­мызда шешуші соғыстың  осы  маңда  бол­ғанын  және жергілікті  халық­тың  өз  батыр­ларына құрметі­нің зор  екенін  бай­қадық. Енді  осы  жө­нінде  тоқтала кетсек. Себебі,  атақ­ты панфиловшылар   соғыс­қан  Панфи­лов дивизиясы сонау 1941 жылдың күзгі-қысқы кезеңінде екі айдан астам уақыт бойы Волоколамск тас жолы бағытында өздерінен күші әлдеқайда басым жаудың танк және жаяу әскерлерінің бетін тойтарған. Бұл – тарихи ақиқат.

Қалай  десек те, Панфилов диви­зиясы­ның Ұлы Отан соғысындағы орны мен рөлін ешкім төмендете алмайды. Өйткені, оның құрамында соғыстың сұрапыл кезе­ңінде қазақ­стандық және қырғызстан­дық  жауын­герлер мен  бірге ресейліктер тізе қосып, гитлершілерге  қарсы соққы берген.

Панфиловшылардың ерліктерін еске түсіретін ескерткіштерді тек жоға­рыдағы  аты аталған Волоколамск  қаласынан  ғана емес, сонымен бірге ТМД елдерінің кез-келген   жерінен кездестіре аласыз. Өткен жылы Ре­сейдің  Орынбор  аймағында  осы  оқи­ғаны еске алу акциясы   болып  өтті.

Ерліктің аты –  қашан да ерлік. Ол шекара таңдамайды, жынысқа, ұлт пен ұлысқа бөлінбейді. Ал оның тәлімі  ұрпақ­тан-ұрпаққа  тасымалданады.

Жоғарыдағы акцияға «Еуразия халық­­тары достастығы»  ұйымы баста­машы болған. Патриоттық шараға Ресейдің Мәскеу, Челябі, Уфа, Орын­бор қалала­рынан, Қазақстан мен Қыр­ғызстаннан келген қоғамдық ұйымдар­дың өкілдері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері  белсене  қатынасқан.

Шара Мәскеу түбіндегі ұрыстардың 75 жылдығына арналып, ол «Біз мил­лион­даған панфиловшылармыз» деген  тақырып  аясында  өткен. Еске алу вахтасы  панфи­ловшылардың ерлігін дәріптеген.

Аты аңызға айналған Панфилов дивизиясы ел басына  күн туған сын­дарлы сәтте Қазақстан мен Қырғызстан   жауын­герлерінен жасақталды.

Жеңіс – адам жүрегін қуанышқа бөлеп, жігерін жасынға жанитын құдыретті  жойқын  күш. Жеңіс дегенде тұла бойына мақтаныштың  сезімі  ұяламайтын  адам жоқ шығар. Бүгінгі ұрпақ үшін ұлы Жеңістің орны ерекше. Сол бір ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары елін жаудан қорғаған ерлердің ерлік істері жыл сайын осы Ұлы Жеңіс күнінде санамызда қайта жаңғыратыны  бар.

Соғыстан кейінгі   жылдары  кейбір жекелеген   жазушылар панфиловшы  28 батыр­дың ерлігіне күмән келтіруге тыры­сып,  алуан  түрлі  қауесеттер  тара­тып бақты. Деректердің, құжаттар мен сенімді куәгерлердің қысымымен  сол  кездері Дубосеково разъезі түбін­дегі ұрыстарға қатысып, тірі қалған бірнеше жауынгер өздеріне ыңғайлы уақыт пен сәтті күтіп, үн қатуға асық­пады.  Уақыт  өте  келе,   оған  қарсы  өз  дәлелдерін  айтып,  ақиқатты  түбі­рінен қозғаушылар  да  табылды. Солар­дың  бірі – Георгий Александрович Куманев. Ол – кеңестік және ресейлік тарихшы. Ұлы Отан соғысы тарихы сала­сының маманы, Ресей Әскери тарихы орталығының жетекшісі, Ресей Ғылым академиясының академигі.

Жалпы,  оқиға  қалай болған? Акаде­мик­тің осы  туралы  айтқанына  құлақ түрей­ік. «Ерлікті теріске шығарғысы келе­тіндердің маңызды уәжі төмен­дегідей: қатар­дағы жауынгер И.М.На­таров «Крас­ная Звезда» газетінің тілшісі А.Ю.Кри­вицкийге Дубосеково разъезіндегі ұрыстар туралы өзі сонда болмаса да, өйткені, ол 14 қарашада ұрыс даласында қаза тапқан, алғаш айтып беріпті. Сондықтан А.Ю.Кри­виц­кийдің ұрыстан кейін онымен кездесуі еш мүмкін емес еді. Ал осы себепті ержүрек 28 гвардияшының ерліктері туралы әңгіменің бәрі белгілі журна­листің ойдан шығарған нәрсесі.

Түрлі уақыттарда қызмет іссапарла­рымен Алматыда, Цимлянскіде және Кемеровода болған кездерімде мен осы өңірлерде тұрған 28 панфиловшының бесеуімен кездестім. Олар Д.А.Қожа­бергенов, Г.М.Шемякин, И.Д.Шадрин, И.Е.Добробабин және И.Р.Васильев. Олардың әрқайсысымен әңгіме өзінше танымды және қызықты еді. Барлығы да қатардағы жауынгерлер Д.А.Қожабер­генов пен И.М.Натаровтың ұрыстарға белсене қатысқанын қуаттап берді («Кеңес одағы­ның Батырлары» екі томдық анықтамалы­ғының екінші томы­ның (М., 1988) 142-бетінде 1075-атқыштар полкының жауын­гері, қатар­дағы гвардия жауынгері Натаров Иван Моисеевич 16.11.1941 ж. Дубо­секово түбіндегі ұрыста қаза тапты), сондай-ақ, тағдыршешті ұрыстардың кейбір құнды мәліметтері туралы хабарлады.

Прокурорлық комиссияның А.Ю. Кри­­­­вицкийден қандай мәліметке қол жет­кіз­гені туралы білу де қызықты көрі­неді. Же­ңістің 30 жылдығы қарса­ңын­дағы кезде­сулеріміздің бірінде Алек­сандр Юрьевич оны прокурордың қомандасының тергеу­шілері қалайша тергегенін егжей-тегжейлі айтып берді. Тергеушілер өздеріне қажеттіге қалайда қол жеткізу мақсатында түрлі айла-шар­ғыларға, тіпті, қорқытып-үркітуге дейін барған.

«Маған тікелей былай делінді, – дейді Александр Юрьевич, – егер мен Дубо­секово түбіндегі ұрыстар туралы жазылған жәйттер толықтай ойдан шығарылғанын мойындаудан бас тарт­сам, онда таяу уақытта Печора немесе Колыма ауданда­рынан бір-ақ шығамын. Және ешқашан кері оралмаймын. Ал ол жаққа баруға менің ешқандай құлқым жоқ еді. Жағ­дайдың ушығып бара жатқанын түсінген мен 28 батыр туралы жарияланымда­рымның көпшілігі «әде­би тұрғыдан ойдан шығарылғанын» «мо­йындадым» (Автордың жеке архивінен).

«Комиссия, шынында да, қатерлі бола­тын, – деп еске алады отставкадағы гене­рал-майор Д.И.Ортенберг. –  28 батырдың ерлігі нақты деректерге негізделген ерлік. Бұл ерлік баршаның жүрек түкпіріндегіні қозғағанымен, тексерушілердің көңілінен шықпады. Әсіресе, тікелей: «Бас тарт!» деп талап етілген Кривицкийге таяқ қаттырақ тиді. Комиссияның сұрақтарына жауап бере отырып, мен 28 жауынгердің ерлігі – әлдекімнің аңызы немесе әдеби қиялы емес, керісінше, шынайы ақиқат екенін тікелей атап көрсеттім. Соған қарамас­тан, тергеушілердің шығарған қорытын­дылары менің айтқандарыма еш сәйкес келмеді» (Автордың жеке архивінен).

Дүние бөлшектенбейді. Шындық одан да бетер бөлшектенбейді». (Егемен  Қазақстан.  2016 жыл. 7 мамыр).

Панфиловшылар ерлігі, негізінен, Қазақстан мен Қырғызстанға және Ресейге ортақ болғандықтан, бұдан кейін­гі кезек осы аталған бауырлас мемлекеттердің  иелігінде. Ал тұтастай алғанда «Біз – мил­лиондаған панфи­ловшылармыз!» халық­аралық еске алу вахтасының қорытындысы  Мәскеу облы­сының Нелидово селосындағы батыр панфиловшылар ескерткішінің түбінде түйінделген. Панфилов  диви­зия­сының  ақиқаты  туралы Орынбор­дағы кешен жанында соғыс ардагері, осы дивизия қаһармандарының бірі, под­пол­ковник Иван Краснощеков былайша ой өрбіткен. Біз  мұны  оқиға­ға  қатыс­қан  тірі  куә  ретінде  беріп  отырмыз.

«Мен  аты  Ұлы Отан соғысының жыл­на­масына алтын әріптермен жазылып қалған Панфилов дивизиясы құрамында болғанымды лайықты мақтаныш етемін. Еліміз үшін үлкен сын-қатер, бейнелеп айтқанда, қиямет­тің қыл көпірі болған айларда жасақ­талған дивизия қатары жауынгерлік жолдарын Ресей халық­тарымен бай­ланыстыра білген Қазақстан мен Қырғызстанның сайыпқыран сарбаз­дарынан  тұрды. Оны қалай ұмытар­сың. Олардың қай-қайсысы да дивизия құра­мында аянбай шайқасты. 1941 – 1945 жылдар аралығында Орынбор облысының 91 азаматы  ерлікпен қаза тапты. Кей­біреу­лері хабарсыз кетті. Мен 48 орынборлық жауынгердің Панфилов дивизиясы сапын­да жоғары жауынгерлік орден-медальдар­мен мара­патталғанын сүйіспеншілік сезім­мен еске аламын. Есіл ерлер еске түскенде көзге еріксіз жас келеді. Тұла бойың мен жүйке-жүйең босайды. Бүгінде солардың арасынан Панфилов дивизия­сымен бірге ұрысқа қатыс­қандардан  екеуміз ғана тіріміз. Мүм­кін бұл да бір тағдырдың сыйы шығар».

Патриотизм мен өршіл рухқа толы ерлік ұзақ уақытқа дейін халық   сана­сында  жаңғырып  тұрады. Аға ұрпақ­тың жауын­герлік ерліктері ешқашан да ұмытылмайды. Олардың есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.

Ұлы Отан соғысы тарихының бірқа­тар беттері жалған мифтік дерек­тер негізінде бұрмаланып айтылып, жазылып жүргеніне  қарсылық  білді­рушілер  өз  арамызда да  бар.  Батыр панфиловшыларға қатысты  тарихи шындықты бұра тарту көрінісі жиі кездеседі. Қоғамда бұл жан төзгісіз және кешірімсіз  жәйт деген ортақ ұйға­рым да  жасалды.

Панфилов дивизиясы батылдық пен батырлық көрсете білудің таптырмас үлгісі. Халықтардың жауынгерлік бауырластығы­ның жарқын жылна­масы. Бұл  туралы  тарих  ғылымдары­ның  докторы,  профес­сор  Тілеу  Көл­баев  былайша  ой өрбітеді:  «Мәскеу үшін шайқаста генерал И.В.Пан­филовтың 316-атқыштар дивизиясы­ның жауынгерлері мен офицерлері ерекше көзге түсті. Бұл көпұлтты дивизияның жауын­герлері 33 күн бойы Волоколамск бағы­тындағы маңызды шепті табандылықпен ұстап тұрды. Олар – танктермен арпа­лысып, тарих­та теңдесі жоқ ұрысқа қатысқан гене­рал Панфилов дивизиясы­ның 28 гвар­дияшылары. Бұл қаһармандар ондаған неміс танкілері анталаған шепті қорғады. Гвардияшылар жаудың 18 танкісін қиратып, өздері де осы ұрыста ерлікпен мерт болды, бірақ, бір адым да шегінген жоқ. Осы ерлердің ішінде орыстар, украиндар мен қазақтар бар».

Мұндай баға беруден генерал И.В. Пан­филовтың  немересі  Алуа  Бай­қа­да­мова да  қалыс  қалмайды:  «Мұн­дай анық­тама болған, бізде де бар. Бұл анықтаманың қандай жағдайда алын­ғанын айту керек. Айрықша тапсырма бөлімінің (Мемлекет­тік қауіпсіздік комитеті) қызметкерлері анықтаманы өлім мен ату жазасын айтып, қорқыту арқылы алған болуы мүмкін. Олардың сілтеме жасап отырғаны: бір ғана мәлімдеме және Александр Кривиц­кийдің мойындауы. Білесіздер ме, оны шақырып алып, «ойдан шығардым деп жаз» деп қинаған, өйткені, олардың біреуі (Иван Добробабин  – ред.) ату жазасына кесілейін деп тұрған еді», – дейді.  Міне,  ақиқаттың  ащы  шын­дығы  осыған  саяды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *