Швейцария тарихи кездесуде Камеруннан басым түсті

Швейцария тарихи кездесуде Камеруннан басым түсті
Сурет: GETTY IMAGES

Қос құраманың тәжірибесі мен шеберлік деңгейі қатарлас

Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының бесінші ойын күнінде G тобында Швейцария Камеруннан басым түсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Аталған топтағы алғашқы кездесу Швейцария мен Камерун құрамалары арасында өтті.

Эль-Вакра қаласындағы 44 325 мың жанкүйерге арналған «Эль-Джануб» стадионында болған ойында аргентиналық Факундо Тельо бас төреші қызметін атқарды.

Қос құраманың тәжірибесі мен шеберлік деңгейі қатарлас. Сондықтан ойынның тартысты өрбитіні белгілі еді.

Төреші ысқырығы естілген сәттен футболшылар жасыл алаң төрінде тайталасқа түсті. Бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезең басталған сәтте швейцариялық футболшылар алға қарай ұмтылды. Бұл әрекеті нәтижесіз болған жоқ.

Ойынның 48-минутында Брил Эмболо аталған құраманы алға шығарды. Оған камерундық құрама жауап беруге тырысты.

Айта кетсек, екі құрама өз тарихында тұңғыш мәрте кездесіп отыр. Сол тарихи ойында Швейцария қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, аталған топтағы Бразилия мен Сербия кездесуі елорда уақытымен 01:00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, бүгін, 24 қарашада 19:00-де Уругвай мен Оңтүстік Корея кездесуі «Qazsport», Португалия мен Гана ойыны 22.00-де «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.