Шри-Ланка жағалауында экологиялық апат орын алды

Шри-Ланка жағалауында экологиялық апат орын алды
Сурет: Sohu.com

Сарапшылар апат салдары ондаған жылдарға созылатынын айтады.

Шри-Ланкада жағалау маңында химиялық заттар тиелген кеме өртеніп, батып кеткеннен кейін жүздеген теңіз жануарларының өлексесі табылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz BBC сайтына сілтеме жасап.

Үндістанның Хазира портынан шыққан, Сингапурде тіркелген «Экспресс Перл» контейнер кемесі Шри-Ланканың астанасы Коломбо жағалауына қонған кезде апатқа ұшырай бастаған. Кеме 20 мамырда өртеніп, маусым айының басында батып кеткен.

Алайда экологтар апаттың бар ауқымы енді ғана айқындала бастағанын айтады.

Коломбо жағажайынан  176 өлі тасбақаның, 20 дельфиннің, төрт кит пен сансыз балықтың қалдықтары табылған.

Шри-Ланканың Қоршаған ортаны қорғау министрі Махинда Амаравеераның айтуынша, жануарлардың өлімі кеме апатына байланысты болды.

«Кемеде 190-нан астам контейнер болған, оның басым көпшілігі  пластмассадан жасалған заттар», - деді министр.

«Экспресс Перл» кемесі 270 тоннадан астам мазут, 50 тонна дизель және 25 тонна азот қышқылын және де басқа химиялық заттарды тасымалдаған.  Жергілікті экологтар Шри-Ланканың суы «химиялық сорпаға» айналды деп мәлімдеді. Сарапшылар апат салдары ондаған жылдарға созылатынын ескертті.