Шора Үмбеталиевтің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтеді

Шора Үмбеталиевтің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтеді

Наурыздың 19 күні сағат 18.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының үлкен сахнасында Қазақ КСР-нің халық әртісі, опера солисі, ұстаз Шора Үмбеталиевтің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтеді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

 Концерт шығармашылық жолы жарты ғасырға жуық ұрпаққа үлгі-өнеге болған көрнекті орындаушының есіміне тағзым болмақ. Шора Үмбеталиев Абай атындағы опера және балет театрының үлкен сахнасында 40 жыл қызмет етті.

 «Театрымызда ұзақ жылдар қызмет еткен қарияларды еске алу ертеден келе жатқан жақсы дәстүрге айналған. Әнші мен орындаушының санында шек жоқ, ал тұлға - саусақ санарлық. Тұлға сахнаға шыққанда, сахна түрленіп, бізді бірден басқа деңгейге көтереді. Шора Үмбетәлиев дәл осындай тұлға еді. Оның сирек бас - дауысы, вокалдық және актерлік шеберлігі көрерменді өзіне тартып, оның қатысуынсыз бірде-бір қойылым сахнаға жол тартпады. Ол қазақ композиторларының шығармаларын өте белсенді түрде насихаттады. Оның партиялары – жеке дара туынды, сондықтан оларды театрымыздың антологиясына қосуға болады», - дейді  Абай атындағы ҚазҰОБТ-нің қоюшы-режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ләйлім Иманғазина.

Шора Үмбеталиев сомдаған бейнелерде әншінің биік әртістік дарыны, психологиялық толғанысы, сахналық шеберлігі орнын тапты. Оның орындауындағы үздік партиялар – Сырттан («Абай» А. Жұбанов пен Л. Хамиди), Бекежан мен Қожақ («Қыз Жібек» және «Ер Тарғын» Е. Брусиловский), Жанбота («Біржан Сара» М.  Төлебаев), Тайшық хан («Алпамыс» Е. Рахмадиев), Кеңгірбай («Еңлік Кебек» Ғ. Жұбанова), Мылқау мен Абылайхан («Ахан сері – Ақтоқты» және «Жұмбақ қыз» С. Мұхамеджанов), Мазамхан («Садыр палуан» Қ. Қожамияров), Диірменші («Су перісі» А. Даргомыжский).

Кеш бағдарламасында Абай атындағы ҚазҰОБТ опера труппасының жетекші солистері мен Astana-Operaдан шақырылған қонақтар Азамат Жылтыргөзов пен Талғат Мұсабаевтың орындауында Шора Үмбеталиевтің репертуарынан қазақ композиторларының шығармаларына арналған ариялар шырқалады.