ШОБ шығынын өтеу тетігіне бірқатар өзгерістер енгізілді

ШОБ шығынын өтеу тетігіне бірқатар өзгерістер енгізілді
Сурет: Inform.kz

Өзгерістер тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін енгізілді.

ШОБ субъектілеріне мүліктік зиянды анықтау жөніндегі аймақтық комиссияның 2022 жылғы 20 ақпандағы отырысында кәсіпкерлердің жалпы сомасы 427 млн теңгеге 119 өтінімі мақұлданды. Оның ішінде 295,7 млн теңге сомаға 64 өтінім бюджет қаражаты есебінен, 131,3 млн теңгеге 55 өтінім «Жаңа Алатау» қайырымдылық қорының қаржысынан өтеледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Алматы қаласы бойынша комиссияның жұмысы басталғалы бері барлығы 1 545,7 млн теңге сомаға 720 өтінім мақұлданды, оның ішінде бюджет қаражатынан 793,8 млн теңге сомаға 345 өтінім, «Жаңа Алатау» қоры қаржысынан 751,9 млн теңге сомаға 375 өтінім. 

Сонымен қатар, Алматы қаласы аймақтық комиссиясының бастамасы бойынша ШОБ-қа келтірілген шығынды өтеу тетігіне төлемдер бойынша неғұрлым тиімді нәтижеге қолжеткізу үшін бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, енді жеңілдетілген тәсіл бойынша жылжымайтын мүлік пен көлікке келтірілген шығын үшін 10 млн теңгеге дейін (бұрын 5 млн теңгеге дейін); зақымдалған жабдыққа сомасы бойынша шектеусіз (бұрын 5 млн теңгеге дейін) өтемақы төленеді.

Сондай-ақ, сот сараптамасын жүргізу үшін жеке адвокаттардың қызметіне зардап шеккен кәсіпкерлердің шығындарын өтеу бойынша өзгерістер енгізілді (бұрын қызмет өтініш берушілердің есебінен төленген). Бұл ретте шығынның алдын ала сомасын құқық қорғау органдары 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер нәтижесінде жәбірленуші деп тану туралы қаулыда жазып қоюға тиіс (бұрын рәсім ұсынымдық сипатта болған).